Зарифтің Жан-Ив Ле Дрианға кеңесі
(last modified Sun, 04 Apr 2021 08:43:22 GMT )
Сәу 04, 2021 14:43 Asia/Almaty
  • Зарифтің Жан-Ив Ле Дрианға кеңесі

Еуропа елдері «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасындағы өз міндеттемелерін орындауды кешіктіргенін еске түсіріп, осы келісімге қатысты сындарлы ұстаным қабылдауы керек.

«Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қатысты бірлескен комиссияның отырысы сейсенбі күні Вена қаласында оффлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда. Осы отырыс қарсаңында және ядролық келісімге қатысты сұхбат қайта басталғаннан кейін мынадай сауал туындайды: Еуропа «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын сақтап қалу үшін қандай оң шара атқарды?

Иран Сыртқы істер министрі Мұхаммад Джавад Зариф сенбі күні Твиттердегі жеке парақшасында: «Франция Сыртқы істер министрі  Жан-Ив Ле Дрианнан Вена отырысында ядролық келісімге қатысты сындарлы ұстаным білдіруді сұрадым»,-деп жазды.

Зариф сенбі күні француз әріптесімен телефон арқылы сұхбаттасқанын айтып: «Мен Франциядан ядролық келісімдегі міндеттемелеріне құрметпен қарап, АҚШ тарапынан салынған заңсыз санкцияларды орындауды доғаруды сұрадым»,-деді.

Зарифтің Франция Сыртқы істер министріне кеңесі мына маңызды мәселені еске салады: «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасына қайта оралу қарсы тараптардың ерік-жігері мен шынайы ниетіне тікелей байланысты.

АҚШ ядролық келісімнен шығып, оны ашық түрде бұзғаннан кейін Иран күтпеген ұстамдылық танытып, бір жыл бойы өз міндеттемелерін толық орындады. Осы арада еуропалықтар Иранды «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасында қалдыруға тырысып, осы келісімдегі өз міндеттемелерін орындап қана қоймай, АҚШ келісімнен шыққаннан келген зиянды өтейміз деп уәде берді. Бірақ іс жүзінде олар өз міндеттемелерін де орындамады. Олар санкцияларды ядролық келісімде белгіленген тәсілмен жоямыз, INSTEX қаржы механизмі арқылы Иранмен заңды саудаға жағдай жасаймыз деп уәде берді. Бірақ бұл уәделердің қайсысы орындалды?

Үш еуропалық ел (Германия, Ұлыбритания мен Франция)  АҚШ-тың «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын бұзу арқылы қауіпті бастамаға жол бергенін біледі, бірақ соған қарамастан өздері тудырған тығырықтан шығу үшін Ираннан біржақты негізде міндеттемелерді орындауды жалғастыруды сұрап отыр.

Сыртқы саясат мәселелері жөніндегі сарапшы сейіт Джалал Садатиан: «Иран емес, Еуропа мен АҚШ «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасын орындауды өздерінің әлсіздігі мен зорлықшылдығының тұтқынына айналдырды. АҚХА-нің көптеген есебіне сәйкес, Иран аталмыш келісімдегі өз міндеттемелерін орындады»,-деді.

Шындық мынада: еуропалықтар ядролық келісім бекітілгеннен кейінгі жылдары оған қатысты тәуелсіз, лайықты әрі тиісті рөл атқарғысы келмеді немесе атқара алмады.

Зарифтің француз әріптесіне кеңесі осы тұрғыдан айқын жолдау болып отыр. Еуропа елдеріне байсалды шешім қабылдап, «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасындағы міндеттемелерін орындау қажеттігі еске салынды.

Қазіргі жағдайда Еуропада екі таңдау жолы бар:

Бірінші жол – қателіктерге шолу жасап, ядролық келісімде атқарылмаған істердің орнын толтыру, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің №2231 қарары аясында өз міндеттемелерін орындау. Осы тұрғыдан сейсенбі күнгі отырыс Еуропа үшін сынақ бола алады.

Екінші жол – өткен қателіктерден сабақ алмай, бұрыс жолды жалғастыру. Бұл жағдайда Еуропа «Ортақ қадам» жан-жақты бағдарламасынан алшақтап, әлсірей түседі.