Ресей әлемде бірполюсті жүйе жойылып, көпполюсті жүйе қалыптасу қажеттігін қуаттады
Кремльдің ақпарат хатшысы Дмитрий Песков бейсенбі күні: «АҚШ бастаған бірполюсті жүйе аяқталып келеді. Әлем көпполюсті жүйе қалыптастыруға бағыт алды»,-деді.
Песков: «АҚШ бүкіл әлемді басқаруға дайын деген сөздер өткен онжылдықтардағы бірполюсті әлемнен қалған мұра болуы ықтимал»,-деді.
Кремль үкіметі АҚШ Президенті Джо Байденнің әлемді басқаруға дайындығы туралы сөздеріне айқын реакция білдірді. Байден осы күнге дейін бірнеше рет осы ұстанымын қайталаған болатын.
Байден өз билігі кезінде АҚШ-тың әлемдегі рөлін қайта жандандыруы керек екеніне сенімді. Ол осы орайда сәрсенбі күні АҚШ Конгресінде сөйлеген алғашқы сөзінде: «АҚШ Үнді және Тынық мұхиттары аймағы мен Еуропада орналастырған әскерін сақтап қалуды қалайды»,-деді. Яғни Вашингтон әлемдік полиция рөлін жалғастыра бергісі келеді. Кремльдің ақпарат хатшысы Джо Байденнің Конгрестегі сөзінде басқа елдердің мүдделеріне құрметпен қарап, тең қатынасты сақтау туралы айтпағанына тоқталып: «Қалай болғанда да, әлем көпполюсті. Путин біреудің соңынан ергенді емес, тең дәрежеде әріптестік жасауды жақтайды»,-деді.
Ресей АҚШ-қа бәсекелес халықаралық күш ретінде әрдайым біржақтылық пен бірполюстік жүйеге, басқа елдерге қысым ретінде санкция салуға қарсылық білдіріп келеді. Ал бұлар Трамп үкіметі кезінде АҚШ-тың басты құралдары болды. Мәскеудің көзқарасынша, қазіргі халықаралық жүйеде Қытай, Үндістан, Ресей және т.б. сияқты күш-қуаты мол экономикалық алпауыттар бар. BRICS сияқты топтар мен ұйымдардың құрылуы әлемдегі құдіреттің Батыстан Шығысқа ауысқанын көрсетеді.
Сондықтан АҚШ-тың әлемді басқарудағы рөлі туралы сөздеріне қарамастан әлемде болып жатқан саяси-экономикалық және әскери-қауіпсіздік үдерістер Вашингтонның талап-тілегіне қайшы болып отыр.
Джорджтаун университетінің ұстазы Дэниел Никсон: «АҚШ қазіргі әлемнің тарихи тұрғыдан 20 ғасырдың 90 жылдарына және 21 ғасырдың алғашқы онжылдығына ұқсамайтынын қабылдауы тиіс. Бірполюсті жүйеде әлемді басқару кезеңі аяқталды, енді қайтып оралмайды»,-деді.