Байден үкіметі Израиль режимінің палестиналықтарға қарсы қылмыстық әрекеттеріне екіжүзді ұстаным білдірді
(last modified Mon, 10 May 2021 12:44:45 GMT )
Maм 10, 2021 18:44 Asia/Almaty
  • Байден үкіметі Израиль режимінің палестиналықтарға қарсы қылмыстық әрекеттеріне екіжүзді ұстаным білдірді

Шығыс Құдстағы текетірестер мен сионистік режим әскерилерінің әл-Ақса мешіті мен Шейх-Джаррах ауданында палестиналықтарға қарсы шабуыл жасағанынан бірнеше апта өткеннен кейін АҚШ ақырында осы оқиғаларға реакция білдірді.

Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джейк Салливан жексенбі күні телефон арқылы  өзінің израильдік әріптесімен сұхбаттасып, Вашингтонның Құдстағы қасиетті жерлерде қатігез қатынас көрсетіліп жатқанына  алаңдап отырғанын білдірді.  

Байден үкіметі Израиль режимінің палестиналықтарға қарсы қылмыстық әрекеттеріне екіжүзді қатынас көрсетіп, алаңдаушылық білдірді. Ал шын мәнінде Израиль Вашингтонның толық әрі жан-жақты қолдауынсыз палестиналықтарды өз үйлерінен қуып шығып, 1967 жылы басып алынған жерлерде, соның ішінде Шығыс Құдста қалашық салуды ілгерілетуге қауқарсыз. АҚШ халықаралық қауымдастық сындарына қарамастан әрдайым Израильдің барлық шараларына қолдау көрсетіп келеді. Израильдің ең ірі  қаржылай және әскери демеушісі саналатын АҚШ оған жылына 3,8 млрд доллар көмек береді.  

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың билігі кезінде бұл қолдау бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Трамп үкіметі Құдсты сионистік режимнің астанасы деп қабылдап, басып алынған Голан жоталарының Израильге қосылғанын ресми түрде таныды. Қазіргі таңда адам құқығын қорғаушымыз деп уәж айтатын Байден үкіметі Израильдің әсіресе Шығыс Құдстағы палестиналықтарға қарсы заңсыз әрекеттерінің жалғасуының алдын алу үшін ешқандай қысым тетіктерін қолданбай, тек осыған қатысты алаңдаушылық  білдірумен шектелді. Мұнымен қоймай, палестиналықтардың қорғаныс шараларын айыптады. Байден үкіметінің бұл ұстанымы АҚШ ішінде көптеген қарсылыққа ұшырады. Тәуелсіз америкалық сенатор Берни Сандерс Байден үкіметінен сионистердің басып алынған Құдс пен Иордан өзенінің батыс жағалауындағы қатігездіктеріне қатысты ұстаным білдіруін талап етті. Берни Сандерс Твиттердегі жеке парақшасында: «АҚШ өзінің израильдік әсіре одақтастарының басып алынған Құдс пен Иордан өзенінің батыс жағалауындағы қатігездіктеріне қатаң ұстаным білдіріп, палестиналық жанұяларды көшірудің доғарылуы тиістігін айқын айтуы керек»,-деп жазды.

АҚШ Конгресіндегі демократ өкілдер, соның ішінде Александрия Окасио-Кортес, Ильхан Омар, Рашида Талиб соңғы күндері Шығыс Құдста болған оқиғалардан кейін палестиналық тұрғындарға тілеулестік білдіріп, сионистік режим әскерилері мен қалашық тұрғындарының әрекеттерін айыптады.

БҰҰ мен әлемнің көптеген елдері және тіпті Еуроодақ сионистік режимнің палестиналықтарды Шығыс Құдстан көшіруін және олар үшін әл-Ақса мешітіне кіруге шектеулер қоюын айыптап, мұндай әрекеттерді тоқтатуды талап етті. Бұған қарамастан АҚШ бұрынғыдай Израильдің палестиналықтарға қарсы әрекеттері, соның ішінде оларды үйлерінен қуып, 1967 жылы басып алынған жерлерге қалашық салуын қолдайды, сондықтан мұндай заңсыз әрекеттерді тоқтатуға шара қолданбай отыр.