Парсы шығанағы мен Оман теңізін қауіпті етіп көрсету – ескі сценарий
Кейбір ақпарат құралдары соңғы күндерде БАӘ-нің жағалауында бірнеше кемеге қатысты оқиға болғанын хабарлады.
Associated Press сейсенбі күні осыған қатысты репортажында БАӘ-нің жағалауында кемінде 4 кеменің басқару жүйесі істен шыққанын хабарлады.
Бұдан бұрын кейбір ақпарат көздері БАӘ-нің әл-Фуджейра айлағына жақын жерде бір кеменің оқиғаға ұшырағанын хабарлаған болатын.
Осы ақпараттар жариялануымен бір мезгілде араб елдері мен сионистік режимнің ақпарат құралдары Иран Қарулы күштерінің Парсы шығанағы мен Оман теңізінде жүріп бара жатқан кемелерді тоқтатқаны туралы қауесет таратты.
ИИР СІМ-нің ақпарат хатшысы Саид Хатибзаде Иран Қарулы күштерінің Парсы шығанағы мен Оман теңізінде жүріп бара жатқан кемелерді тоқтатқаны туралы қауесетті теріске шығарып, Батыс елдері мен сионистік режим ақпарат құралдарындағы жалған мәліметтерге қатысты ескерту жасап, Парсы шығанағы мен Оман теңізіндегі кемелердің қауіпсіздік оқиғаларына ұшырап жатқаны туралы ақпараттардың таралуын күдікті деп атады.
Сұрақ мынада: Парсы шығанағы мен Оман теңізіндегі танкерлерге қатысты күдікті оқиғалардың орын алуы және аймақтағы кеме қатынасының қауіпсіздігін бұзу кімге керек?
Бұл салада екі ықтимал бар:
Біріншіден, аймақта сауда кемелері мен танкерлеріне қарсы қауіпсіздік қоқан-лоққылары қолдан жасалған. Мұндай жағдайда осы сценарийді жобалаушылар Парсы шығанағы мен Оман теңізінде мақсатты түрде авантюра жасауды көздеп отыр. Бұл сценарийде АҚШ, Ұлыбритания, Израиль, Сауд Арабиясы мен кейбір аймақ елдерінің рөлі айқын байқалады.
АҚШ армиясы ортақ штабының басшысы генерал Джозеф Данфордтың осы орайдағы сөздері көңіл аударуға тұрарлық. Ол жуырда тілшілер алдында АҚШ-тың Ормуз бұғазы мен Баб әл-Мандеб суларында кеме қатынасының еркіндігін қамтамасыз ету үшін коалиция құру жобасын қарастырып жатқанын хабарлады.
АҚШ армиясы ортақ штабының басшысы, сондай-ақ: "Алдағы апталарда қай елдердің осы бастаманы қолдау үшін саяси ерік-жігер білдіретіні анықталады",-деді.
Екіншіден, бұл сценарийде басқа мақсаттарға жету үшін Иранның қауіпсіздігіне қысымды барынша күшейту қарастырылған. Бұл салада екі мәселе бар. Біріншіден, "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасына қатысты келіссөздер тоқтайды. Екіншіден, аймақтағы Иранның стратегиялық әскері мен қарсыласу қозғалысын әлсірету болып отыр.
Сондықтан Израиль өзінің мақсаттарына жету үшін Парсы шығанағы мен Оман теңізіндегі қауіпсіздікті бұзу арқылы Иранды қолдан жасалған қауіпсіздік түйткіліне ұшыратуға тырысатыны белгілі.
Өткен жұма күні Оман теңізінде Израильдің бір кемесіне ұшқышсыз ұшақпен шабуыл жасалуы осы ықтималдықты арттырып отыр.
Сионистік режимнің басшылары бірден ешбір құжат пен дәлел келтірместен, Иранды осы шабуылға қатысы бар деп айыптап, одан кесімді жауап беруді талап етті.
Арабтілді танымал сарапшы Абдулбари Атуан "Рай әл-Яум" трансаймақтық газетінде жариялаған мақаласында АҚШ пен Израильдің сценарий жасаудағы жасырын мақсаттары мен соған қатысты оқиғаларға сараптама жасап: "Бұл шабуыл Иранның "Ортақ қадам" жан-жақты бағдарламасын қайта жандандыруға қатысты келіссөздерін тоқтатқан кезі мен осы елдің жаңа президенті сейіт Ибраһим Раисидің инаугурациясы қарсаңында жүзеге асырылды",-деп жазды.
Мұндай авантюралар алдағы күндер мен апталарда көбейе түсуі ықтимал.
Абдулбари Атуан өткен наурыз айында да сионистік режимнің парламенттік бәсекелесі барысында және Беньямин Нетаньяхудың премьер-министрлігі кезінде осыған ұқсас жазба жазып, Парсы шығанағы мен Оман теңізінде танкерлер соғысы болуы ықтималына тоқталып: "Израильдің теңіз бөлімшелері өткен 2 жыл ішінде 12 ирандық танкерді нысанаға алды",-деп жазды.
Қалай болғанда да, айғақтар бұл сценарийдің күдікті екенін көрсетіп отыр. Осы саяси ойында егер сионистік режимнің басшылары бұл соғысты үдеткісі келсе, ең ірі қателік жасайтын болады. Өйткені бұл – нағыз авантюра. Ол сионистік режимнің, тіпті оның одақтасы АҚШ-тың мүддесіне сай болмай шығуы мүмкін. Осы авантюраның салдарын Парсы шығанағы маңындағы басқа елдер де көреді. Парсы шығанағы мен Оман теңізіндегі кеме қатынасының қауіпсіздігіне көп зиян тиеді.