Ауғанстандағы өзгерістер – аймақтағы араб режимдері үшін тағы бір ғибрат айнасы
(last modified Mon, 16 Aug 2021 15:52:39 GMT )
Там 16, 2021 21:52 Asia/Almaty
  • Ауғанстандағы өзгерістер – аймақтағы араб режимдері үшін тағы бір ғибрат айнасы

Дүйсенбі күні Ирак Парламентіндегі «әс-Садеқун» фракциясының басшысы Аднан Фихан әд-Дейлами Твиттердегі жеке парақшасында Ауғанстандағы өзгерістерге реакциясында: «Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден кету арқылы америкалықтарға сенуге болмайтынын көрсетті»,-деп жазды.

Ол «АҚШ халықтарды жояды» деген хештегпен: «АҚШ 2001 жылы Талибанды құлатты. 20 жылдың ішінде Ауғанстаның Қарулы күштеріне Талибанмен күресу үшін әскери кеңес беріп, қару-жарақпен көмектесті. Бірақ осы көмектердің нәтижесі Ауғанстан үкіметінің құлауы мен әскерилерінің қашуы, миллиондаған адамның босқынға айналып, Талибанның қайта оралуы болып отыр»,-деп жазды.

Әд-Дейлами сөздерінің осы бөлігінде маңызды жайт мынау: Ол Ирак халқын «Хашд аш-Шааби» тобын қолдап, қорғауға шақырды, өйткені бұл – Иракта АҚШ-тың айласына алданбаудың жалғыз жолы.

Ирак Парламенті өкілінің бұл сөздері – шын мәнінде Ирак халқына ғана емес, аймақ халықтарына айтылған ескерту: америкалықтар қысылтаяң шақта өз одақтастарын дағдарыста жалғыз қалдырады, оларға одақтас ретінде емес, тек «жалдамалы» ретінде қарайды. Бұл қатынаста демократтар мен республикашылдар арасында айырмашылық жоқ. Өйткені америкалықтар одақтастарының мүдделерін аяқ асты етіп, тек өздерінің ұлттық мүдделері үшін әрекет етеді.

Осы орайда аймақтық режимдер, әсіресе араб режимдері АҚШ-тың одақтастарға қатысты әрекетінен ғибрат алып, өз саясаттарын реттеп, «Вашингтонға мүлде сенуге болмайды» деген шешімге келуі тиіс. АҚШ 2011 жылы Мысыр мен Тунисте өздеріне одақтас режимдерді тастап кеткендей, оларды да тастап кететінін білсін. Сондықтан араб елдерінің басшылары осы шындықты түсініп, реалистік көзқараспен өздерін теріс пайдалануды ғана көздейтін трансаймақтық алпауыттармен емес, аймақтағы айбынды исламдық елдермен одақтасуды көздегені дұрыс.

Осы орайда сионистік режиммен қарым-қатынасты қалыптандыруға тырысатын аймақтағы кейбір елдер мына стратегиялық мәселені ұғып алуы керек: Вашингтон қажет кезінде одақтастарын жалғыз қалдырады, сионистік режимге де сенуге болмайды. Оның араб елдерімен дипломатиялық қарым-қатынасты  қалыптастырудағы мақсаты – біржақты негізде аймақ елдері мен халықтарын дүниежүзілік сионизмнің мақсаттарын орындау жолында пайдалану. Екіншіден, мұндай қатынастың аймақ елдері үшін ешқандай пайдасы жоқ. Бұл режиммен қатынасты қалыптандыру осы уақытқа дейін  Тель-Авивпен бейбітшілік келісіміне қол қойған Мысыр мен Иордания үшін еш нәтиже бермеді.

Сондықтан аймақ елдері, топтары мен тұлғалары АҚШ-тың оларды қолдаймыз деген бос уәделері мен қитұрқы әрекеттеріне алданбауы керек, керісінше АҚШ пен оның аймақтық саясаттарына сенген тағдырдың ақырынан ғибрат алып, ислам елдері, әсіресе қарсыласу өзегіндегі елдерге қатысты ұстанымында түбегейлі өзгеріс жасауы керек. Сонда Ашраф Ғанидің, Сирияның солтүстігі мен солтүстік-шығысындағы күрдтердің тағдырына душар болмайды. АҚШ 2019 жылы қазанда күрдтерді  Түркия армиясының «Бейбітшілік бұлағы» атты амалында жалғыз қалдырып кетті. Сол күрд содырлар кейбір қалаларды, соның ішінде Манбиджды сақтау үшін Сирия армиясына жалынды. Ал АҚШ тек сырттан бақылап тұрды. Ақырында күрдтер Түркия шекарасынан 30 км қашықтыққа кері шегінуге мәжбүр болды.

Ауғанстандағы өзгерістер америкалықтардың қиянатшыл екенін тағы да көрсетті. Аймақтағы араб елдері осы оқиғадан ғибрат алуы тиіс.