Әл-Каземидің Теһранға сапарының маңыздылығы
Ирак Премьер-министрі Мұстафа әл-Каземи 12 қыркүйекте Теһранға сапар шегіп, Иран Президенті, Мәжіліс төрағасы және Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысымен кездесіп, сұхбаттасты.
Әл-Каземидің Теһранға сапары бірнеше қырдан маңызды.
Біріншіден, Иранда сейіт Ибраһим Раиси бастаған он үшінші үкімет іске кіріскеннен кейін Мұстафа әл-Каземи – Теһранға келген алғашқы шетелдік жоғары лауазымды тұлға. Бұл сапар әл-Каземидің Иранмен қарым-қатынасқа аса зор маңыз беретінін көрсетеді. Осы орайда әл-Каземи Раисимен кездескеннен кейін: "Ирак ИИР-ның өзара қарым-қатынасты дамытып, түрлі салаларда келіссөз өткізу үшін жасап жатқан барлық талпыныстарын қолдайды",-деді.
Екіншіден, Иран мен Иран өзара байланысты кеңейтуге қажет ортақ мүдделерге ие. Ирак қауіпсіздік және экономикалық тұрғыдан Иранмен қарым-қатынасты кеңейтуді қалайды. Иракта қауіпсіздік мәселелері 2014-2017 жылдармен салыстырғанда айтарлықтай азайғанымен бұл ел әлі де Иранның қауіпсіздік саласындағы қолдауына зәру. Экономика тұрғысынан да Иран Иракта инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция салумен қоса, газ бен электр қуатын да экспорттай алады. Жуырда Иранның Иракқа газ экспорттау көлемі осы елдің қарыздарына байланысты азайды. Бұл мәселе әл-Каземидің Иран басшыларымен сұхбатының басты өзегі болды деседі. Мұнымен қоса, ИИР да Иракпен экономикалық байланыстарды дамытуға оң көзқарас танытуда. Тіпті екі елдің тауар айналымын жылына 13 млрд доллардан 20 млрд долларға жеткізуге талпынып келеді. Иран мен Ирак экономикалық қарым-қатынасты дамыту үшін темір жол арқылы қосылуға күш салып жатыр. Электр қуаты мәселесінен бөлек, Шаламчеден Басраға темір жол тартып, екі елді байланыстыру мәселесі әл-Каземидің сапарында баса айтылды. Бұл тақырыптармен қоса, Иран мен Ирак діни салада жақсы әріптестік жасап келеді. Арбағин кезіндегі ирандық зияратшылардың саны да екі ел басшылары талқылаған мәселелердің бірі болды.
Үшіншіден, Ирак жуырда Бағдадта "Иракқа қолдау" атты отырыс өткізді. Оған 9 ел, соның ішінде Иран қатысты. Ирак аймақтық қайшылықтар мен қақтығыстарды азайту қажеттігін айтты. Ол аймақтық араағайын ретінде әрекет етуге тырысады. Осы негізде Иранның Иорданиядағы бұрынғы елшісі Ахмед Дәстмалчианның айтуынша, "Ирак Премьер-министрінің Теһранға сапарын Бағдад отырысының мақсаттары аясында бағалауға болады. Ирак Премьер-министрі аймақ елдері арасында қайшылықтарды азайтуға күш салуда. Иран да бұл мәселені қолдайды".
Сондықтан әл-Каземи Теһран сапарында Сауд Арабиясы тарапынан жолдау әкелуі ықтимал. Жуырда Сауд Арабиясының Ішкі істер министрі Иракқа іссапармен барып, осы елдің басшыларымен кездесіп, сұхбаттасқан болатын. Ирак осы күнге дейін Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы келіссөздердің бірнеше кезеңін ұйымдастырды. Осы орайда әл-Каземиге жақын бір ақпарат көзі осы сапар алдында: "Теһран сапарында Иран президенті сейіт Ибраһим Раиси алғаш рет Ирак Премьер-министрімен кездесіп, Иран мен Сауд Арабиясының қарым-қатынасы талқыланатын болады",-деді.
Төртіншіден, АҚШ мәселесі де Иран-Ирак қарым-қатынасына әсер етеді. Әрдайым екі ел басшылары келіссөздеріндегі басты тақырыптардың бірі осы болып келеді. Бір жағынан америкалық әскерилердің Ирактан шығарылу мәселесі аса маңызды. Әл-Каземи Теһранға сапарында ирандық басшыларға АҚШ әскерилерінің 2021 жылдың аяғына дейін Ирактан шығатыны туралы айтқан сыңайлы. Басқа жағынан әл-Каземи үнемі Иран мен АҚШ арасында дәнекер болуға тырысады. Бұл да Ирак Премьер-министрінің Иран басшыларымен сұхбатының бір тақырыбы болған сыңайлы. Сол себепті кейбір сарапшылардың сенімінше, әл-Каземи АҚШ-тың жолдауын Иранға жеткізуші де болды.
Қорытындылай келе, әл-Каземидің Теһранға сапары қарсыластардың Бағдад пен Теһран қарым-қатынасына әсер етуге тырысқанының еш нәтиже бермегенін көрсетеді. Екі елдің қарым-қатынасы әлсіремегені былай тұрсын, тараптар екіжақты байланыстарды кеңейту қажеттігін баса айтып отыр.