Иранның әскери жаттығуларының дұшпанға жолдауы
(last modified Fri, 01 Oct 2021 13:07:15 GMT )
Қаз 01, 2021 19:07 Asia/Almaty
  • Иранның әскери жаттығуларының дұшпанға жолдауы

Иранның саясаты – текетірес пен соғыстан аулақ болу. Бірақ Иран өз шекараларына жақын жерде қандай да бір қоқан-лоққының болуын қаламайды және тұрақтылық пен қауіпсіздікті бұзушымен бар күш-қуатымен күреседі.

ИИР Қарулы күштерінің әскери жаттығуларын жүйелі түрде өткізу дұшпандар үшін  айқын жолдауға ие.   

Осы орайда «Хейбар жеңімпаздары» атты әскери жаттығу бүгін, жұма күні сауытты көліктер, артиллерия, ұшқышсыз ұшақ, тікұшақ бөлімшелерінің қатысуымен Иранның солтүстік-батысында өтіп жатыр.

АҚШ-тың соңғы жылдардағы стратегиялық мақсаттарының бірі аймақта дағдарыс тудырып, қауіпсіздік саласында барынша қысым жасап,  Иранды аймақтық қауіп-қатерлерге душар ету болды. Бұл мақсат әскери коалициялар құру, аймақ елдерінің сионистік режиммен қатынасын қалыптандыру қастандығы аясында жүзеге асырылып жатыр.  

АҚШ пен Израиль аймақтағы кейбір елдерге ықпал ету арқылы шын мәнінде біртіндеп аймақ халықтарының тарихи болмысын өзгертуді көздеп отыр. Сионистік режимнің аймақтағы кейбір елдермен қарым-қатынас орнатуы да ислам елдері арасына іріткі салып, алшақтық тудыру үшін жасалып жатыр. Басқа сөзбен айтқанда сионистік режимнің саяси-әскери стратегиясы – іріткі пен қайшылық тудыру арқылы аймаққа ықпал ету.  

ИИР мұндай әрекеттерді әрдайым жіті бақылап отыр. Сондықтан қандай есім не атаумен болса да, сионистік режимнің аймақта болуын аймақтың ұжымдық қауіпсіздігіне ашық қатер және дағдарыс пен текетірес тудыруға жағдай жасау деп атады. Сондықтан Иран аймақ қауіпсіздігін бұзуды көздеушілерге ешқашан мұндай мұрсат бермейді.

Иран Қарулы күштерінің әскери жаттығу өткізудегі ең маңызды жолдауы мынау: ел армиясы, Сақшылар корпусы мен қауіпсіздікті қорғаушы басқа да органдар кез келген қоқан-лоққыға төтеп беруге толық дайын.  

Куәлер көрсеткендей, сионистік режим  ислам елдерінің өзара қарым-қатынасында текетірес пен дағдарыс тудыруды көздейді. Израиль қарсыласу қозғалысынан ауыр соққы алса да, айламен Иранға көршілес жатқан елдердің территорияларын өзінің басқыншылық саясатын ілгерілету үшін пайдалануға талпынып жатыр.  

«Рай әл-Яум» газетінің бас редакторы Абдулбари Атуан аймақтағы кейбір елдердің сионистік режиммен қатынасына және осы режимнің аймаққа ауыз салғанына тоқталып: «Израиль режимі Иранмен күресу сылтауымен АҚШ-тың тікелей бақылауында осы елдермен әскери-қауіпсіздік келісімшарттарына қол қойды»,-деді.

Кейбір елдердің ИИР-мен қатынас туралы арандатушы сөздері мен ұстанымдарын осы тұрғыдан бағалауға болады.

Иран Сыртқы істер министрі Хұсейн Амир Абдуллахиан осыған қатысты: «Иран мұндай әрекеттерге төзбейді»,-деп тура айтты.

Ол Теһранда Әзірбайжан республикасының жаңа елшісі Әли Әлизаденің сенім грамотасын қабылдау рәсімінде сионистік режимнің Иранмен ортақ шекарада қимыл-әрекет жасап жатқанына тоқталып: «ИИР сионистік режимнің өз ұлттық қауіпсіздігіне қарсы әрекет етуіне көніп қарап отырмайды. Тиісті шара қолданады»,-деді.

ИИР аймақтағы кез келген геосаяси өзгерісті өз қауіпсіздігіне қатер деп санайды, сондықтан мұны «қызыл сызық» деп атады.