Польша Еуропадағы мигранттар дағдарысын шешу талпыныстарын сынады
(last modified Thu, 18 Nov 2021 17:03:47 GMT )
Қар 18, 2021 23:03 Asia/Almaty
  • Польша Еуропадағы мигранттар дағдарысын шешу талпыныстарын сынады

Беларусь пен Еуроодақ шекарасында, әсіресе Беларусь пен Польша шекарасында мигранттар дағдарысы жалғасып жатқан шақта Варшава үкіметі осы салада қатаң қатынас көрсетіп, кейбір еуропалық басшылардың аталмыш дағдарысты шешу үшін жасап жатқан талпыныстарын сынады.

Қазір кейбір еуропалық елдер тарапынан "Еуроодақтың асау мүшесі" деп танылған Польшаның оңшыл үкіметі мигранттар дағдарысына қатысты да ерекше тәсілді қолданып отыр. Беларусь пен Польша шекарасында дағдарыс қалыптасқалы бері Варшава осы елдің шекарасынан өтіп, Германияға бет алуды көздеген мыңдаған мигрантқа қарсы өте қатал әрі адамгершілікке жат саяси ұстаным қабылдады. Польша үкіметінің осы саладағы шаралары адам құқығына қатысты ешбір критерийге, соның ішінде Еуроодақтың критерийлеріне сәйкес келмейді.

Варшава 2021 жылы 2 қыркүйектен бастап Беларусь пен Польша шекарасында төтенше жағдай жариялап, бұл аймаққа адам құқығын қорғаушы ұйымдар мен тілшілердің кіруіне жол бермеді.

Польша үкіметі соңғы апталарда мыңдаған полицей, шекаралық күзетшілер мен сарбаздарды өз шекарасының түрлі жерлеріне орналастырып, шекара бойына уақытша сым тартып тастады. Қазіргі таңда Беларусь пен Польша шекарасында Варшава үкіметінің қатаң қатынасына ұшыраған мигранттардың жағдайы мүшкіл. Мәліметтер бойынша, екі елдің шекарасында 4 мыңға жуық мигрант сергелдеңде түсіп отыр. Бір жағынан Беларусьтың шекаралық күштері мигранттарды Польша шекарасына қарай жүруге мәжбүрлейді, басқа жағынан Польшаның шекаралық күштері олардың кіруіне тосқауыл қойып, қатыгез қатынас көрсетіп жатыр.

Мигранттардың ауыр жағдайы халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ-ның Еуроодаққа ескерту жасауына себеп болды. Бұған қарамастан Еуроодақ іс жүзінде Польшаны қолдап отыр.

Мигранттар жөніндегі көрнекті сарапшы Геральд Кнос (Gerald Knaus) Беларусь пен Польша шекарасындағы мигранттардың жағдайына тоқталып, Еуроодақтың шекарасында соңғы жылдардағы ең ірі ақлақтық дағдарыс туындағанын айтып: "Еуроодақ барлық принциптерді аяққа таптайтын ойын бастады",-деді.