Иран үкіметі сыртқы саясатының басты басымдығы – көршілес елдермен қарым-қатынасты дамыту
ИИР екіжақты және аймақтық мәселелерді шешу үшін диалог өткізіп, саяси шешім жолдарын ұсынуды қолдайды.
Иран Сыртқы істер министрі Хұсейн Амир Абдуллахиан сенбі күні Оман Сыртқы істер министрінің дипломатиялық істер жөніндегі орынбасары шейх Халифе әл-Харесимен кездесуінде: "Иран үкіметінің сыртқы саясатының басты басымдығы – көршілес елдермен қарым-қатынасты дамыту",-деді.
Амир Абдуллахиан Иранға көршілес елдер арасында Оман мемлекетінің айрықша орынға ие екенін айтып, екі елдің достық қарым-қатынас деңгейінде сауда айналымы көлемін арттыруға күш салу қажеттігін айтты.
Оман аймақтық өзгерістерде ИИР-мен үйлесе отырып, татуластыру және араағайындық жасау жұмыстарында белсенді рөл атқарады. Бұл саясат Иран тұрғысынан өте маңызды.
Теңіз қауіпсіздігі саласында Оман теңізі, Ормуз бұғазы, Йемен мәселесінде және басқа аймақтық оқиғаларда Иран мен Оман арасында жақсы үйлесімдік орнаған. Осы көрсеткіштерге сүйене отырып, Иран Сыртқы істер министрі: "Аймақтағы барлық елдер, әсіресе Иран мен Оманның талпыныстарының нәтижесінде Йемен дағдарысын шешуге жағдай жасалады",-деп үміт білдірді.
Оман Сыртқы істер министрінің орынбасары да Йемен дағдарысының тез арада шешілетініне үміт білдіріп: "Оман аймақтық мәселелерді азайту үшін бейбіт мақсаттағы идеялар мен келіссөздерді қолдайды",-деп қуаттады.
ИИР-дің пікірінше, көршілес елдердің ұжымдық әрекеті арқылы аймақта қауіпсіздік пен тұрақты дамуға қол жеткізуге болады. Осы тұрғыдан Иранның аймақтық саясатын үш мақсат төңірегінде сараптауға болады:
Бірінші мақсат – аймақта тұрақты қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрақтылықты бұзатын ағымдарды жою.
Екінші мақсат – аймақты тұрақсыздандыратын мәселелерді жоюға оң реакция көрсету және көршілес елдер арасында сындарлы да достық қарым-қатынас орнатып, сенім тудыру.
Үшінші мақсат – аймақтық соғыстар мен қақтығыстарды тоқтату үшін аймақ елдерінің әріптестігімен бірлескен қауіпсіз шешім жолдарын табу мақсатында сындарлы көзқарастар білдіру. Тәжірибе көрсеткендей, әріптестік пен түсіністік аясында ұжымдық мүдделерге қол жеткізуге болады. Жауласу мен дауласу болса, аймақ елдері арасында текетірес жойылмайды. Бұл тек бөгде елдер мен ішкі іске араласушыларға ғана керек.
ИИР өзінің сыртқы саясатында көршілес елдермен жақсы қарым-қатынасты сақтап, тұрақтылық пен қауіпсіздік болуын көздейді. Иранның көршілес елдермен жақсы байланысы экономикалық тұрғыдан ғана емес, аймақта ұжымдық қауіпсіздікті сақтауда да стратегиялық маңыздылыққа ие. Мұндай қатынас көршілес елдер арасында бүкіл аймақ елдері мүдделеріне сай сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуеттермен алмасуға мүмкіндік береді.