Лариджани: Иран мен Ресейдің ядролық саладағы ынтымақтастығы жалғасады
Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Иран мен Ресейдің ядролық саладағы ынтымақтастығының жалғасатынын хабарлады.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Әли Лариджани бейсенбі күні ТАСС ақпарат агенттігіне берген сұхбатында: «Иран «Росатом» мемлекеттік компаниясымен ынтымақтастықты пайдалы деп санайды, сондықтан бұл әріптестікті одан ары жалғастырады. Иран мен Ресей атом стансасының екі блогын салуға келісті. Иран жағы бұл жобаны орындауға дайын»,-деді.
Иран Ислам Кеңесі Мәжілісінің төрағасы Иранның оңтүстігіндегі Бушер атом стансасы туралы: «Бұл стансаның салыну тарихы ұзақ: алдымен германиялық компания сала бастады, кейін ресейлік мамандар оны табысты аяқтады»,-депмәлімдеді.
Иранның заң шығарушы органының төрағасы Ресейдің С-300 зымырандық кешенінің Иранға тапсырылуы туралы: «Бұл қорғаныс кешендері Иранға берілсе, аймақтың қауіпсіздік жағдайына оң әсер етеді»,-деді.