Ресей мен НАТО кеңесінің нәтижесіз жиналысы және екіжақты қайшылықтардың күшеюі
(last modified Thu, 13 Jan 2022 18:06:45 GMT )
Қаң 14, 2022 00:06 Asia/Almaty
  • Ресей мен НАТО кеңесінің нәтижесіз жиналысы және екіжақты қайшылықтардың күшеюі

Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Горшков сәрсенбі күні Брюссельде өткен Ресей мен НАТО кеңесінің отырысы соңында өткен баспасөз конференциясында: "НАТО-мен келіспейтін тақырыптарымыз айқын. Бұл отырыста арамыздағы қайшылықтар айтарлықтай арта түсті",-деді.

Оның айтуынша, Еуропаның қауіпсіздігін әлсірететін факторлардың бірі – НАТО-ның Ресейге қарай ұдайы таралуы. Бұл мәселе Ресейдегі қауіпсіздік жағдайын ушықтыра түседі және ел қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндіреді. Горшков: "НАТО бұдан былай Шығысқа қарай дамымайтынына кепілдік беруі керек",-деді.

Бұған қарсы НАТО басшылары Ресеймен отырыста өздерінің Шығысқа қарай даму және Ресейдің шекарасына жақын маңда әскери күштер орналастыру туралы ұстанымдарын қайталады. НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг ресейліктердің ұстанымдарына реакциясында: "Бұл әскери коалиция ашық есік саясатын жалғастырады. Ресейдің айналасында өз күштерін арттыру құқығынан бас тартпайды",-деді.

НАТО-ның бас хатшысы: "Біз Еуропа елдерінің аумақтық тұтастығы мен егемендігіне қол сұқпаймыз",-деді.

Столтенбергтің "ашық есік саясаты" НАТО-ның Шығысқа қарай дамуға және Ресейге жақын елдерді, соның ішінде Украина мен Грузияны осы ұйымға қосуға талпынысын білдіреді.

Басқа жағынан НАТО Ресейдің Украинаға шабуыл жасау ықтималын сылтауратып, Еуропаның шығысына, әсіресе Украина мен Ресейге көршілес елдерде және Балтық теңізі мен Қара теңізде әскери күш пен құрал-жабдықтар орналастырды. Іс жүзінде бұл шара Ресейді қоршау және әскери ауыздықтау болып табылады.  

Америкалық тілші әрі саяси сарапшы Робин Диксон: "НАТО-ға мүше 30 ел осы төрт сағаттық отырыста әскери коалицияның ашық есік саясатын қолдады. Тиісті шарттар сақталған жағдайда Украина мен Грузияны ұйымға қабылдаймыз",-деді.

Бұрын да болжанғандай, Ресей мен НАТО-ның Брюссельде өткен екіжақты келіссөздері оң нәтиже бермеді. Тараптар осы отырыста өздерінің бұрынғы ұстанымдарын қайталады.

Ресей мен АҚШ-тың Женевадағы қауіпсіздік келіссөздері мен Ресей мен НАТО кеңесі сәтсіз аяқталғаннан кейін енді Ресей мен Батыс елдері арасындағы текетірес одан ары күшейе түседі деп күтуге болады.