Қаң 24, 2022 00:02 Asia/Almaty
  • Украина мен Германия арасындағы текетірес

Германия Теңіз күштері қолбасшысының жанжалды сөздерінен кейін және Берлин Киевке қару-жарақ жіберуден бас тартқан соң Украина мен Германияның қарым-қатынасы текетіреске ұласты.

Германия армиясы Теңіз күштерінің қолбасшысы адмирал Кай-Ахим Шонбах Үндістанға сапары аясында Ресейдің Украинаға шабуыл жасауға талпынып жатқаны туралы уәждердің шындыққа жанаспайтынын айтты. Ол, сондай-ақ, 2014 жылы Ресейге қосылған Қырым түбегін Украинаға қайтаруды қолдамай: "Владимир Путинге құрметпен қарау керек. Ол құрметке лайықты",-деді. Шонбахтың бұл сөздері оған қарсы сындар толқынын тудырды. Ақырында осы қысымдар Шонбахтың мәжбүрлі түрде отставкаға кетуіне әкеліп соқтырды.

Басқа жағынан Украина Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Ресеймен қазіргі текетіресті жағдайда Германияның Украинаға қару-жарақ жіберуден бас тартқанына қарсылық білдіріп: "Берлиннің ұстанымы Украинаның қауіпсіздік жағдайы мен екі елдің қарым-қатынасына сәйкес келмейді",-деді. Ақпарат көздері: "Берлин үкіметінің Украинаға қару-жарақ жібермейтініне наразылық ретінде Германияның Киевтегі елшісі Украина СІМ-не шақыртылды",-деп хабарлады.

Украина екі күн бұрын Германиядан Ресейдің ықтималды шабуылдарын тежеу үшін сауытты көліктерге қарсы зымырандар мен әскери кемелер жіберуін сұрады. Украинаның Берлиндегі елшісі Андрей Мельник: "Киев Германиядан Украинаны Ресейдің шабуылдарынан қорғауды сұрады",-деді.  

Германия Қорғаныс министрі Кристина Ламбрехт Ресеймен текетірес ушыққан жағдайда Украинаға қару-жарақ жіберу туралы өтінішті қабылдамай: "Бұл шара қазіргі таңда пайдалы емес",-деп мәлімдеді. Германия канцлері Олаф Шольц осыдан бұрынырақ: "Бұл елдің ұстанымы соғыс алаңына қару-жарақ жіберу емес",-деді. Германия үкіметінің бұл ұстанымы Ұлыбритания Украинаға танкке қарсы қару-жарақтар жіберуді бастап, АҚШ Балтық елдеріне америкалық қару-жарақтарды, соның ішінде танкке қарсы зымырандар мен әуе-қорғаныс зымырандарын Украинаға жіберуге рұқсат бергенінен кейін айтылды.

Германия Украинаға ешбір қару-жарақ жібермегені былай тұрсын, НАТО елдерінің Украинаға қару-жарақ тиеген ұшақтарының Германия көгінен өтуіне қарсылық білдірді.

Еуроодақтың ең маңызды елі және НАТО-ның басты мүшесі саналатын Германияның ұстанымы НАТО-да Ресейдің соңғы әскери әрекеттеріне қатысты қайшылықтардың барын көрсетеді. Германияның жаңа коалициялық үкіметі Ресейге ескерту жасап, Норд Стрим-2 газ құбырын іске қосуға рұқсат бермеу мәселесінде АҚШ-қа жақтасса да, шындық мынада:  Германия басшылары Еуропа газ жүйесінің әлсіз екенін жақсы біледі. Олар өз әрекеттерінің Мәскеуге қарсы қадам деп бағаланып, қақаған қыста Ресей газының Еуропаға жөнелтілуінің азаюына себеп болуын қаламайды. Ресеймен одан ары  текетіресуді қалайтын АҚШ, Ұлыбритания мен НАТО-ның Шығыс Еуропадағы мүшелеріне керісінше, НАТО-ның Батыс Еуропадағы мүшелері Германия, Франция, Испания мен Италия Мәскеумен текетірестің күшейіп, Еуропада Украинаға қатысты соғыс туындау ықтималының артқанын қолдамайды.   

Тегтер