Әзірбайжан республикасы Қорғаныс министрінің Иранға сапарына шолу
Әзірбайжан республикасының Қорғаныс министрі Теһранға сапарында Иран Президенті, Қарулы күштерінің бас штабының қолбасшысы және Қорғаныс министрімен кездесіп, екі елдің қарым-қатынасын дамыту туралы сұхбаттасты.
Әзірбайжанның Қорғаныс министрі Закир Хасанов Иран басшыларымен кездесулерін өзара әріптестік үшін өте пайдалы да жемісті деп сипаттады.
Соңғы айларда сионистік режим мен АҚШ-тың арандатуымен Әзірбайжан басшыларының Иранға қарсы айтқан кейбір ұстанымдары мен сөздері екі ел арасында кейбір қайшылықтар мен текетірестер туындауына себеп болды. 2021 жылы қыркүйек айының басында Әзірбайжан республикасы Түркия және Пәкістанмен ортақ әскери жаттығу өткізді. Екі аптадан кейін Иран армиясының Құрлық күштері де Әзірбайжан республикасымен шекаралық аймаққа орналасып, ауқымды әскери жаттығу өткізді.
Бұған қарамастан, текетірес пен қайшылықтардың шектеулі кезеңінен кейін екі үкімет көршілес елдердің қарама-қайшылығын шешіп, қарым-қатынасын жақсарту қажеттігін баса айтты. Мысалы, 2021 жылы 28 қарашада Түрікменстан астанасында Иран мен Әзірбайжан басшыларының кездесуі болды. Онда екі елдің достық және бауырластық қарым-қатынасын сақтау қажеттігі қуатталды.
Осы кездесуден кейін Түрікменстан газын Иран арқылы Әзірбайжан республикасына тасымалдау келісімшартына қол қойылды. Осы келісімшартқа сәйкес, Иран 1,5-2 млрд текше метр газды Түрікменстаннан Сарахс бекетінде қабылдап алып, осы көлемді Астара шекарасында Нахичевань автономды республикасына тапсырады.
Иран мен Әзірбайжан энергетика саласында көшбасшы елдердің бірі саналады. Олар аймақтық және әлемдік нарықтарда әріптестік деңгейін арттыруға жақсы әлеуетке ие. Қос тарап өткен жылдарда мұнай нарығында да ұқсас саясат ұстанды.
Сионистік режим мен АҚШ әрдайым кейбір қайшылықтар мен дағдарыстарды өршітіп, ислам елдерінің интеграциясына кедергі жасап, аймақта тұрақтылықты бұзуға тырысып келе жатқан елдердің бірі саналады. Осы негізде Иран мен Әзірбайжанның қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы әріптестігі аймақта лаңкестер және ортақ шекараларда тұрақсыздық тудырушылармен күресуге бағытталған деп бағаланады.
Иран Президенті Әзірбайжан Қорғаныс министрімен кездесуінде Иранның аймақта қауіпсіздік тудыруда маңызды рөл атқарып жатқанын баса айтып: "Тәкфирлік және даиштік күштер қай жерде болса да, аймақ халықтарының мүддесіне қайшы. Бұл топтар АҚШ пен сионистік режим тарапынан құрылған. Олар қай жерде болса да, қылмыс жасайды",-деді.