Амир Абдуллахиан: Ауғанстанда жан-жақты ұлттық үкімет құру керек
(last modified Thu, 31 Mar 2022 15:25:28 GMT )
Нау 31, 2022 21:25 Asia/Almaty

Иран Сыртқы істер министрі Қытайдың Тунси қаласында өткен Ауғанстанға көршілес елдердің үшінші отырысында осы елде жан-жақты ұлттық үкімет құрумен қатар аймақішілік механизм қалыптастыру қажеттігін айтты.

Fars ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Хұсейн Амир Абдуллахиан бейсенбі күні осы отырыста: «Ауғанстан қиыншылықтарының тамыры АҚШ тарапынан ұзақ жылдарға басып алынуы және оның қате саясат жүргізуінде жатыр»,-деді.

Амир Абдуллахиан: «Ауғанстанның ұзақ жылдарға басып алынуы оның дамуына көмектеспегені былай тұрсын, бағыныштылықтың бір түрін тудырды. Басқыншылар кері шегіннен кейін бұл елдің саяси-экономикалық  құрылымдары ыдырап, әдеттегідей тек жапа шеккен халық осы жағдайдың басты құрбаны болды»,-деді.

Иранның Сыртқы істер министрі Ауғанстанда лаңкестік қатерінің артқанына және онда АҚШ-тың ізі байқалғанына тоқталып: «Бүгінде АҚШ Ауғанстанды қайта жөндеу жұмыстарына қатысу туралы сөз қозғамайды. Бұл ел 20 жыл бойы Ауғанстанды уысында ұстаса да, халыққа көмектесу үшін бірде-бір әрекет жасамады»,-деді.