Сәу 24, 2022 04:43 Asia/Almaty
  • Пәкістанның саяси дағдарысындағы ISI-дың рөлі

Маулана Фазл-ур-Рахманның Пәкістанның ислам жамағатының Пікір мен амал кеңсесінің отырысында арнайы қонақтардың алдында сөйлеген сөздерінен ISI-дың біраз уақыттан бері осы елдің саяси болашағын анықтау үшін әрекет ете бастағанын көруге болады.

Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін Имран Хан Ресейге сапар шегіп, Қытаймен жақсы сауда қатынасын орнатып, Қытай осы елдің басты инвесторларының біріне айналғаннан бері Пәкістан армиясы мен Батыс елдерінің Имран Ханнан көңілі қалды. Ол енді АҚШ қызығатын саясаткер емес. Имран Хан Пәкістанда армия мен ISI барлау қызметі қайта жанданып, күш-қуатқа ие болғаннан кейін әскери элитаның елдің саяси стратегиясын анықтайтынын, Пәкістанның саясаты армияның қолында шоғырланатынын білді.   

Ұзақ жылдар бойы аймақта белсенді рөл ойнап, Пәкістан халқы, әсіресе жастардың қолдауына иемін деп санаған  крикеттен әлем чемпионы Имран Хан Маулана Фазл-ур-Рахманның болжамымен бірден премьер-министр лауазымынан алынып тасталды. Пәкістан партиялары мен оларға әсер ететін елдер, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания мен Сауд Арабиясы Имран Ханның Ресейге сапарына риза болмаған сыңайлы. Сондықтан оны АҚШ-тың Ауғанстандағы мүдделерін сақтауда сенімсіз, Батысқа қарсы адам деп таныстырды. Пәкістанда туындаған саяси дағдарысқа дейін Имран Хан басқа саясаткерлерден көбірек Ауғанстан жайлы пікір білдіріп, бұл елдің Пәкістан мен оның батыстық одақтастары үшін артқы аула қызметін атқаратынын одан әрі дәлелдеді.

Ислам үлемдері жамағатының басшысы Маулана Фазл-ур-Рахманның Пәкістанда жуырда болған оқиғаларға ықпалы

Пәкістандағы саяси жағдайға сәйкес жаңа премьер-министр осы елдегі Ислам жамағаты ұйымы мен Ислам үлемдері жамағатының қолдауына ие болуы тиіс. Олар Талибанның рухани әкесі Маулана Сами-ул-Хақтың ойларын жақтаушылар. Бәрінен маңыздысы Маулана Фазл-ур-Рахман осы салада Шахбах Шарифті қолдайтын ең құдіретті адамдардың бірі саналады. Пәкістанның іші мен сыртындағы реакциялар көрсеткендей, Шахбаз Шариф осы елдегі «Ислам жамағаты» ұйымының қолдауына ие. Маулана Фазл-ур-Рахманның Шахбаз Шарифпен қатынасы жақсы. Маулана Фазл-ур-Рахман – 4 жыл бұрын сайлауда заң бұзушылық болды деп жариялаған адам. Ол сайлауда заң бұзушылық болған соң жеңіске жете алмадым деп санайды. Сол себепті Имран Хан үкіметіне миллиондаған адамдық шеру өткіземін деп қоқан-лоққы жасады. Ол бұрын Пәкістанда шариғат заңын енгізуді қалаған. Бірақ кейіннен тосын бұрылыс жасап, зайырлы саяси партиялармен бірлесті. Осы мәтіннің басында айтып өткендей, Пәкістанның Ислам үлемдері жамағатының басшысы Маулана Фазл-ур-Рахман бұдан бұрын Имран Ханда Ауғанстанның бұрынғы президенті Ашраф Ғаниге ұқсас тағдыр болады деп болжап, Пәкістан үкіметі құлауға жақын деп тура мәлімдеген болатын. Пәкістанның Ислам үлемдері жамағатының басшысы – Талибанды жақтайтын саясаткер. Ол Ауғанстандағы Талибан тобының ислам әмірлігіне жақын қатынас ұстанады. Бірақ Пәкістанның ислам жамағатына қатысты саяси зерттеулер орталығы – Пікір мен амал кеңсесі тарапынан Пишаварда өткен жиналыс барысында сөйлеген сөзінде тағы бір тосын бұрылыс жасап: «Кез келген мекеме басында іс білмейтін тәліптің отырғаны дұрыс емес. Мұндай жағдай заңды үкімет емес, зорлықпен басқару дегенді білдіреді»,-деп мәлімдеді. Ауғанстанда екі ақиқатты ресми түрде тану керек: Ауғанстанның исламдық болмысы және Ауғанстанның ауғандық болмысы. Бұл жиналыста ISI-дың бұрынғы басшысы генерал Асад Дуррани сияқты маңызды тұлғалар және басқа да пәкістандық саясаткерлер болды. ISI ұйымының Пәкістандағы сүнниттердің түрлі діни топтарын басқарып отырғаны бұрыннан да көбірек айқындала түсті.

Пәкістанда премьер-министрдің ауысуы Талибанға қалай әсер етеді?

Премьер-министр ауысса да, Пәкістан жүйесінің ішкі-сыртқы мәселелерге қатысты көзқарасында өзгеріс байқалмайды. Бұл елде экстремизм бәсеңдеген жоқ. Пәкістан бұрынғыдай аймақта радикал және экстремист топтарды дайындайтын басты жерлердің бірі болып отыр. Бұл –  Пәкістан жүйесінің жалпы саясаты мен стратегиясы. Кейбір сарапшылардың пайымдауынша, Пәкістанда туындаған жаңа дағдарыс салдарынан Талибанның саяси, әскери және идеологиялық шылбыры басты иелерінің қолынан шығып кетуі мүмкін. Талибандықтардың аспаннан салбырап түспегенін, бірнеше тәліптің діни сезімдерінің өршігенінен пайда болмағанын мойындау керек. Олар бір әскери, саяси және қаржы құрылымынан туындады. Ал бұл жағдайда кейбір батыс сарапшыларының ойынша, ISI-дың бірқатар қызметкері ақпараттық технология мамандары ретінде Талибан үкіметінің премьер-министрі кеңсесінде жұмыс істеп жатыр. Сондықтан Пәкістанның Талибанға ақпараттық қолдау көрсетіп отырғаны ешкімге жасырын емес. Бұл тақырып ақпараттық қолдаулар үдерісінде әсерлі бола алады. Пәкістан идеология, қаржы, әскер мен болмыс жасау тұрғысынан Талибан үшін маңызды қолдаушы саналады. Олар қазір құбылмалы саясатқа ие. Бірақ олардың басқа демеушісі, яғни Катар әлі де осы топты қолдау түрін сақтап қалды. Пәкістан Талибан үшін әлемдік деңгейде жақсы медиа демеуші саналады. Басқа жағынан Талибанның басқа халықтар және халықаралық қауымдастықпен қарым-қатынасын жеңілдетуге тырысады.

Қорытындылай келе, Пәкістанның сыртқы саясаты осы елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделген деп айтуға болады. Пәкістан армиясы әскери-ақпараттық жұмыстар атқаратындықтан, Талибан да осы ведомствоның құрылымы деуге болады. Сондықтан осы елдің Талибанмен қатынасында түбегейлі өзгеріс болмайды. Талибан аймақ елдері мен шетелдік алпауыттардан өгей әкедей баж алуды жалғастыра беретін болады. Өйткені айтып өткендей, Шахбаз Шариф Пәкістан армиясымен жақсы қарым-қатынас жасап отыр. Соның арқасында Пәкістан мен Талибанның байланысын басқару бұрыннан да көбірек ISI-ге тапсырылатын болады. Тіпті Пәкістан армиясының Талибан күштерімен шекарадағы қақтығыстары азаюы ықтимал. Ауғанстанда тынышсыздықтарды өршіту, Пәкістанды Талибан мен экстремистік топтар үшін қауіпсіз аймаққа айналдыру бүгінде Батыс елдері, соның ішінде  АҚШ пен Ұлыбритания басқарып отырған ISI ұйымының басты бағдарламасына айналып отырғанын жоққа шығару мүмкін емес.

Сейіт Махмұт Камалара (Закария)

Жазушы әрі зерттеуші

 

Тегтер