Жер сілкінісі болған Түркияның Адыяман қаласында халықтың жағдайы ауыр
Түркияның оңтүсік облыстарының ауқымды бөлігінде болған 8 баллға жуық жер сілкінісінен 6 күн өтті. Зілзала ошағында орналасқан қалалардың бірі Адыяманда тіршілік әлі қалыпты жағдайға келген жоқ.
Түркияның төтенше жағдайлар орталығының мәліметтері бойынша, елде зілзала құрбандарының саны 29605 адамға жетті. Қаза болғандар саны артады деп айтылуда.
Түркияның оңтүсік облыстарының ауқымды бөлігінде болған жер сілкінісінен бір апта өтсе де, Адыяман облысы дағдарыс жағдайында. Бұл облыста әлі көп адам үйінді астында жатыр.
Жаңа мәліметтер бойынша, өткен дүйсенбіде Түркия мен Сирияда болған 7,7 және 7,8 баллдық жер сілкінісі салдарынан көптеген ғимараттар қирады. Қазір іздестіру-құтқару топтары үйінді астынан адамдарды құтқарып жатыр.
Сондай-ақ Түркия мен Сирияда ауа райының суытуы миллиондаған адамның қайғысы мен азабын күшейте түсті. БҰҰ осы екі елде 870 мыңға жуық адам ыстық тамақ, гигиеналық заттар мен баспанаға зәру деп хабарлады.