Иран мен Ресей Сыртқы істер министрлерінің кездесуіне шолу
ИИР Сыртқы істер министрі Мәскеуде өзінің ресейлік әріптесімен кездесуінде екіжақты қарым-қатынас және екі елді қызықтыратын мәселелер төңірегінде сөйлесті.
ИИР мен РФ қарым-қатынасы түрлі себептерден, соның ішінде Каспий теңізі арқылы көрші болғандықтан аймақтағы ортақ мәселелер мен халықаралық әріптестіктерге байланысты зор маңызға ие.
Екі ел басшыларының үздіксіз кеңестерінің жалғасында жүзеге асырылған Иран Сыртқы істер министрінің Ресейге сапары да осы тұрғыдан маңызды. Өзара қарым-қатынасты нығайтуға бел байлаған Иран мен Ресей бір мезгілде Батыс елдері, соның ішінде АҚШ-тың санкцияларына ұшырап отыр. Әрине осы мәселе екі ел басшыларын екіжақты, көпжақты және аймақтық әріптестікті нығайтуға ынталандырды.
Иран мен Ресей сондай-ақ аймақ пен әлемдегі өзгерістер, соның ішінде Орталық Азия мен Кавказ елдері, Ауғанстан, Йемен, Ирак пен Сирияның мәселелері және лаңкестікке қарсы күреске қатысты ортақ көзқарасқа ие. Осыған байланысты келесі аптада Мәскеуде Иран, Ресей, Сирия мен Түркияның төртжақты отырысы Сыртқы істер министрлері деңгейінде Сирия мен Түркияның көзқарастарын жақындастыру мақсатында өтеді.
Иран мен Ресей ұзақ мерзімді әріптестік туралы келісім аясында қарым-қатынасты дамыту, кейбір кедергілерді жою, соның ішінде инфрақұрылымды нығайту, қаржы көздері және инвестициямен қамтамасыз етуді күн тәртібіне қойды. Сондай-ақ банк пен транзит саласында ортақ экономикалық жобаларды орындау да екі ел басшыларының назарында болды. Ресейдің "Мир" банктік жүйесі мен Иранның "Шетаб" банк жүйесін бір-біріне қосу көзделіп отыр. Осы екі банктік жүйені қосу екі елдің кәсіпкелері алдындағы көптеген кедергілерді жоя алады.
Иран мен Ресей арасында транзитті дамыту және Солтүстік-Оңтүстік дәлізін іске қосу да екі елдің маңызды жобаларының бірі саналады. Решт-Астара темір жол желісін іске қосу Иранның Бандар-Аббас және Чабаһар айлақтарын Мәскеумен байланыстыруда өзекті рөл атқара алады. Шамамен 3 мың шақырымға созылып жатқан бұл сауда жолы екі елге Батыс елдеріне қол жетімсіз құрлық пен теңіз арқылы түрлі өндірістік тауарларды Азияның даму үстіндегі елдеріне шығаруға мүмкіндік береді.