Иран мен Сауд Арабиясының қарым-қатынасы жақсарып келеді
(last modified Mon, 03 Apr 2023 18:25:49 GMT )
Сәу 04, 2023 00:25 Asia/Almaty
  • Иран мен Сауд Арабиясының қарым-қатынасы жақсарып келеді

Иран Сыртқы істер министрі Амир Абдуллахиан Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Фейсал ибн Фархан әл-Саудпен телефон арқылы сұхбаттасып, екі ел қарым-қатынасының жақсарып келе жатқанына ризалық білдіріп, ИИР-ның көршілестік саясатты дамытуға бекіп отырғанын баса айтты.

Сауд Арабиясы мен Иран Ислам республикасы наурыз айында Қытайдың араағайындығы арқасында 7 жылдан кейін қарым-қатынасты жандандыруға келісті. Бейжің келісімінен кейін Иран мен Сауд Арабиясының қарым-қатынас үдерісі жоғарылап, екі елдің басшылары байланысты одан ары дамыту керегін айтып жатыр.

Осы орайда Сауд Арабиясының патшасы Малек Салман ИИР Президенті Ибрахим Раисиді Сауд Арабиясына ресми сапармен келуге шақырды. Тиісінше Раиси де Малек Салманды Теһранға ресми сапармен келуге шақырды. Хұсейн Амир Абдуллахиан мен Фейсал ибн Фархан әл-Сауд бір-бірімен бірнеше рет сөйлесті. Кейбір елдердегі Иран мен Сауд Арабиясының елшілері бір-бірімен жүздесіп, сұхбаттасты.

Екіжақты сұхбаттар мен барыс-келістер көрсеткендей, Эр-Рияд пен Теһран басшылары қарым-қатынасты нығайтуға қадам басып жатыр. Екі ел қарым-қатынасының маңызы қос тарапқа да, аймақ елдеріне де мәлім.

Өткен бір айда екі ел қатынасында талқыланған маңызды тақырыптардың бірі Амир Абдуллахиан мен Ибн Фарханның алғашқы кездесуі болып отыр. Бүгінгі телефон арқылы сұхбатта қос тарап алдағы күндерде кездесуге келісті. Екі ел Сыртқы істер министрлерінің алғашқы екіжақты кездесуі Теһран мен Эр-Риядта елшіліктердің ашылуына жағдай жасауы мүмкін.

Екіжақты қатынасты жандандыру екі елге де көп мүмкіндік сыйлайды. Мұнымен қоса, екі елдің сыртқы саясатында шығындар азайып, ішкі мәселелерге көбірек көңіл бөлуге септігін тигізеді.

7 жыл бұрын Иран мен Сауд Арабиясы арасында қарым-қатынастың үзілуі екі елге ауыр шығын әкелді. Екі елдің байланысына қарсылар, әсіресе сионистік режим өткен 7 жылда Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы қайшылықтарды арттырып, екі елдің сыртқы саясатындағы шығындарды көбейтуге тырысты.

Сол себепті сионистік режим Иран мен Сауд Арабиясының өзара қарым-қатынасты жандандыру туралы келісіміне ашулы.

Мұнымен қоса, Иран мен Сауд Арабиясы арасында қарым-қатынасты жандандыру Батыс Азия аймағында қауіпсіздік пен тұрақтылықтың артуына септігін тигізеді.    

Тегтер