Талибан: Имам Хұсейнді (ғ.) аза тұтушылардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіруден аза тұтушылар тобына оқ атуға дейін
Ғазнадағы имам Хұсейнді (ғ.) аза тұтушылардың Талибан күштерінің қолынан шәһид болуы Ауғанстанда, аймақтық және халықаралық орталарда ауқымды реакция тудырды.
Ауғанстанның Ғазна қаласында Талибан күштерінің қолынан қаза тапқан аза тұтушылар саны жайлы қарама-қайшы статистика таралды.
Кейбір статистикалық мәліметтер бойынша, Талибан күштерінің қолынан кемінде 4 адам шәһид болып, бірнеше адам жараланды. Кейбір ақпарат құралдары осы оқиғада 2 бала қаза тапқанын хабарлады.
Ауғанстан халқы, әсіресе Ғазна тұрғындары екі аза тұтынушының қазасын жоқтап жатқанда Талибан мұхаррам айының алғашқы он күнінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы үгіт-насихаттардың артына жасырынуға тырысып жатыр. Талибан үкіметі қауіпсіздікті қамтамасыз ету деген сылтаумен имам Хұсейнді (ғ.) аза тұту рәсімдерін шектеді, бірақ өздері аза тұтушыларға оқ атты. Талибан күштерінің аза тұтушы балаларды өлтіруін ештеңемен ақтауға болмайды.
Ауғанстанның мұсылман халқы жыл сайын мұхаррамның алғашқы он күнінде ауқымды түрде аза тұту рәсімдерін өткізеді. Кей кездері сектанттар мен террористер хұсейниелер мен мешіттерде аза тұтушылар арасында бомба жарып, қарулы қақтығыстар жасайтын. Бірақ үкімет күштері тіпті джумхуриат кезінде де имам Хұсейнді (ғ.) аза тұтушыларға оқ атқан емес немесе шабуыл жасаған емес. Сол себепті Ауғанстан қоғамы Талибанның аза тұтушыларға тікелей оқ ату себебін қабылдамайды, мұны Талибанның әсіре көзқарасы және басқа діни рәсімдер, ойлар мен сенімдерді қабылдамаудан туындаған төзімсіздік деп түсінеді. Сол себепті Ауғанстан Парламентінің бұрынғы депутаты Мехди Расих Талибанның Ғазнада аза тұтушыларға оқ ату себебін идеологиялық шара деп атады.
Талибан ұзақ жылғы ғұмырында өзінің әсіре идеологияға негізделген қауымдық құрылымы бар топ екенін дәлелдеді. Олар өзге ойлар, пікірлер мен әралуандықты дұшпан санайды. Мехди Расихтың айтуынша, Талибан билігінде бөгде қауымдар, мазхабтар мен ойлар қабылданбайды. Ауғанстанда тұрақтылық пен бейбітшілік орнатудың жалғыз жолы – кез келген әсірешілдік пен фундаментализмді жойып, біртұтастықты қалыптастыру.