Жел 04, 2023 23:13 Asia/Almaty
  • Ислам революциясының жетекшісі Куба Президентін қабылдады

Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи бүгін түстен кейін Куба Президенті Мигел Диас-Канелмен кездесуінде екі елдің зор саяси-экономикалық әлеуеттеріне тоқталып: "Осы әлеуеттерді АҚШ пен Батыс елдерінің үстемдігіне қарсы бірдей ұстанымға ие елдер арасында коалиция немесе одақ құруға пайдалану керек",-деді.

Ислам революциясының жетекшісі: "Бұл коалиция экономикалық ынтымақтастыққа баса назар аудара отырып, маңызды халықаралық  мәселелер, соның ішінде  Палестина мәселесі туралы ортақ әсерлі ұстаным білдіре алады",-деді.

Ислам революциясының жетекшісі Палестина мәселесі туралы: "Бұл тақырып тек Газадағы соңғы жағдай және бомбалауларға қатысты емес, өйткені Палестина халқы өткен 75 жылда әрдайым азапталып, өлтіріліп келді. Бірақ қазір Газадағы апатты жағдайдың ушыққаны соншалықты, шындық әлемге жария болды. Енді оны жасыру мүмкін емес",-деді.

Аятолла Хаменеи Куба Президентінің халықаралық мәселелер, әсіресе Палестинаға қатысты ұстанымдарын ИИР-дың ұстанымдарымен бірдей деп атап, екі елдің халықаралық ұйымдардағы әріптестігіне тоқталып: "Екі елдің қарым-қатынасы түрлі салаларда, соның ішінде ғылым саласында одан ары нығая түсуі тиіс. Раиси үкіметінің "жұмыс пен белсенділік" үкіметі екенін ескере отырып, меморандумдар мен келісімдер ілгерілеп, орындау сатысына жететініне үмітім зор",-деді.  

Аятолла Хаменеи сондай-ақ 22 жыл бұрын Кубаның марқұм көсемі Фидель Кастромен кездескеніне тоқталып: "Куба революциясы мен оның көсемі Фидель Кастро Ислам революциясы жеңіске жеткенге дейін Иранның революционерлері үшін айрықша тартымды болды. Бұған себеп – оның революциялық ұстанымдарға адалдығы",-деді.

Ислам революциясының жетекшісі: "Революцияға адалдық, "революциялық табандылық" және "революциялық байыптылық" Куба революциясы мен Иран Ислам революциясының ортақ белгілері болып табылады",-деді.     

Тегтер