Сәу 03, 2024 18:32 Asia/Almaty
  • Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Израильдің Иран елшілігіне шабуылы айыпталды

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Израильдің Сириядағы Иран елшілігінің консулдық бөліміне шабуылына байланысты шұғыл отырысы сионистік лаңкестік әрекеттерді қатаң әрі ашық сынаумен өтті.

 

 

Иранның БҰҰ-дағы өкілінің орынбасары Захра Ершади ИИР-ның осы сұмдық қылмыстар мен қорқақ лаңкестік шабуылдарды қатаң айыптайтынын айтып: "Израиль режимі БҰҰ Жарғысын, халықаралық заңдарды, Сирия Араб Республикасының егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын ашық түрде бұзды",- деді.

БҰҰ Бас хатшысының Батыс Азия, Азия және Тынық мұхиты істері бойынша көмекшісі Мұхаммад Халед әл-Хиари Израильдің Сириядағы Иран елшілігіне жасаған шабуылын айыптап: "Дипломатиялық және консулдық үй-жайлар мен қызметкерлердің иммунитеті халықаралық заңдарға сәйкес барлық жағдайда сақталуы тиіс",- деп айтты.  

Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензия Израильдің Сириядағы Иран елшілігіне жасаған шабуылын айыптай отырып: "Израильдің әрекеті қабылданбайды. Өйткені дипломатиялық делегациялар кез келген жағдайда иммунитетке ие болуы керек",- деп қуаттады.

Қытайдың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы өкілінің орынбасары да Израильдің әрекеті Сирияның аумақтық тұтастығын бұзатынын айтып, Иран үкіметі мен халқына көңіл айтты.

Сирияның БҰҰ-дағы өкілі Каси ад-Даххак бұл шабуылды айыптап, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Израильдің шабуылдары сириялықтарды Палестина халқының құқықтарын қолдау және Голан басып алынған аймақтарын қайтарудағы ұлттық және шешуші ұстанымдарынан тайдыра алмайтынын мәлімдеді.

Швейцарияның БҰҰ-дағы өкілі де: "Швейцария Дамаскідегі Иран елшілігіне жасалған шабуылды үзілді-кесілді айыптайды, өйткені мұндай әрекеттер аймақтағы шиеленіс деңгейін арттырды",- деді.

Бұл отырыста Словения өкілі Израильдің Иран елшілігіне шабуылын айыптап, барлық тараптар Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын, соның ішінде 2728 қарарын құрметтеу керектігін мәлімдеді.

БҰҰ-дағы Алжирдің өкілі де Иран үкіметі мен халқына жанашырлық танытып: «Израильдің басқыншы режимінің халықаралық міндеттемелерді бұзуының мұндай жағдайларын ақтап, шыдамдылық танытуға болмайды»,- деді.

Гайананың БҰҰ-дағы елшісі мен өкілі де Израильдің Сириядағы Иран елшілігіне жасаған шабуылын айыптап, елдердің аумақтық тұтастығы құқығына тоқталды.

Мозамбиктің БҰҰ-дағы өкілі де Израильдің Дамаскідегі Иран елшілігіне шабуылын жаһандық қауіпсіздік пен халықаралық заңдарды бұзу деп бағалады.

Алайда бұл отырыста Англия, Франция, Жапония және Оңтүстік Корея елдері Америкамен бірге сионистік режимнің шабуылын айыптаудан бас тартты. Бұл елдер тек аймақтағы шиеленістің күшеюіне алаңдаушылық білдірді.

Дүйсенбі күні сионистік режим халықаралық заңдарды бұзып, Дамаскідегі Иран елшілігінің консулдық бөлімін нысанаға алды. Бұл шабуылда 13 адам шейіт болды, оның ішінде 7 ирандық дипломат пен аймақтың қауіпсіздігін қорғаған кеңесшілері бар.

Иранның кейбір әскери күштері Құдс күштері түрінде және Батыс Азия аймағының қауіпсіздігін сақтауға көмектесу, Сирияның әскери күштеріне терроризммен күресте, әсіресе ДАИШ лаңкестік тобымен күресте консультативтік қызмет және көмек көрсету үшін осы елде орналасты.

 

Тегтер