Сәу 28, 2024 23:51 Asia/Almaty
  • Аһл-е бейт дүниежүзілік ассамблеясының бас хатшысы: Рационализм, руханият және әділет – шиіттік ойдың үш қыры

Аһл-е бейт дүниежүзілік ассамблеясының бас хатшысы Реза Рамазани Венесуэлаға сапары барысында осы елдің Президенті Николас Мадуромен кездесіп, сұхбаттасты.

Mehr ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Аһл-е бейт дүниежүзілік ассамблеясының бас хатшысы Реза Рамазани Венесуэлаға сапары барысында осы елдің Президенті Николас Мадуромен кездесті.

Венесуэла Президенті Николас Мадуро осы кездесу барысында Реза Рамазанидың Венесуэлаға келгеніне қуаныш білдіріп, Иран мен Венесуэла қарым-қатынасын терең достық байланыс деп сипаттап:

"Бұл қатынас құндылықтар мен принциптер негізінде болуы тиіс. Біз зорлықшыл әлемде өмір сүріп жатырмыз. Чавез 21 ғасырды ұлттар ғасыры деп атаған. Біз 21 ғасырдың бір бөлігіміз. 21 ғасыр – біздің ғасырымыз. Ешкім бізден азаттық пен тәуелсіздікті, бейбіт өмір сүріп, рухани, мәдени және діни байланыстарды сақтау құқығын  тартып ала алмайды",-деді.

Венесуэла Президенті Иран мен Венесуэла достығының уақытша саяси қатынас емес, шынайы стратегиялық қатынас екенін айтты.

Николас Мадуро Иран Ислам революциясының жетекшісімен кездескеніне тоқталып, оны әлемде болып жатқан өзгерістерді нақты әрі терең сараптай білетін қырағы адам деп атады.

Николас Мадуро: "Біз әрдайым Ислам революциясы жетекшісінің кеңестерін пайдаланамыз. Аһл-е бейт дүниежүзілік ассамблеясының бас хатшысынан аятолла Хаменеиге арнайы сәлемімді жеткізуді сұраймын",-деді.

Венесуэла Президенті Николас Мадуроның Аһл-е бейт дүниежүзілік ассамблеясының бас хатшысымен кездесу

Қазіргі таңда сионистер АҚШ-ты басқарады.

Венесуэла Президенті әлемнің қазіргі жағдайын сараптай келіп:

"Әлем жаңа өзгерістер дәуіріне аяқ басты. Нацизм мен фашизмнің жойылғанына 100 жыл болды. Бірақ қазіргі таңда АҚШ пен Батыс елдерінде нацистік және фашистік ағымдардың пайда болғанына куә болып отырмыз. Әлемдегі қазіргі қиыншылықтардың бәрі Батыс елдерінің барлық органдарына еніп кеткен осы фашистік-нацистік көзқарастан басталады,-деді.

Венесуэла Президенті Николас Мадуроның Аһл-е бейт дүниежүзілік ассамблеясының бас хатшысымен кездесуі

Николас Мадуро: "Сионистер қазір АҚШ-ты басқарып отыр. Әскери, саяси және экономикалық билік солардың қолында. Сионистер АҚШ-тағы екі партия –  республикашылдар мен демократтар партиясын бақылауда ұстап отыр. Екі негізгі билік, яғни әскери күш пен әлеуметтік желілер де солардың бақылауында. Сионистер әскери күш арқылы бейбітшілікке қатер төндіріп отыр. Facebook, X және т.б. әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық пікірді өзгертеді",-деді.

Венесуэла Президенті: "Әрине біз қазір көпполюсті әлемге аяқ бастық. Онда Қытай, Ресей мен Иран сияқты түрлі полюстер қалыптасты. Иран әскери салада жақсы жетістіктерге жетті. Бұл ел әлеуметтік желілер саласында да айбынды әрекет етуі керек. Біз Венесуэлада ғылым мен технологияны дамыту үшін алғашқы қадам жасадық. Иран мен Венесуэла арасында ғылыми тәжірибемен алмаса бастадық. Бұл қатынас кеңейе түседі деп үміттенеміз",-деп еске салды.

Иран мен Венесуэла қарым-қатынасы терең стратегиялық сипатта

Аһл-е бейт дүниежүзілік ассамблеясының бас хатшысы Реза Рамазани кездесу барысында Иран мен Венесуэла қарым-қатынасын терең стратегиялық сипатта деп атап: "Зұлымдық жасау және оған көну біздің діни негіздеріміз бойынша айыпталады. Керісінше адамгершілік пен әділеттікті сақтау баса айтылады",-деді.

Реза Рамазани: "Имам Хомейни(р.) Иран халқы мен әлем халықтарына өмірлік сабақ берді: Біз зұлымдыққа қарсы тұра аламыз, өркениет қалыптастыру жолына шыға аламыз. Имам Хомейни(р.) төрт принципке сенген: Жаратушыға иман келтіру, мақсатқа сену, алған бағытқа сену және халыққа сену. Имам Хомейни(р.) осы төрт принцип негізінде революция жасап, Иран мен әлемде өзгеріс жасап, қалыптасқан жағдайды өзгертті",-деді.

Аһл-е бейт дүниежүзілік ассамблеясының бас хатшысы: "Әлемде өзгерістер болуы керек: әлемдегі байлық бүкіл халыққа әділетті түрде тиіселі болуы керек. Әлем халқының 90 пайызы материалдық байлықтың 10 пайызын ғана қолданып, қалған 10 пайыз адам басқа 90 пайыз байлықты пайдаланатындай болмауы тиіс",-деді.

Аһл-е бейт дүниежүзілік ассамблеясының бас хатшысы заманауи құлдыққа тоқталып: "Кейбір елдердің әлемде жасап жатқан зұлымдықтарын заманауи құлдық деп атауға болады. Мұның көзін құрту керек. Бұрынғы заманда 100 немесе 1000 адам құлдыққа алынатын, ал қазір тұтас халықтар құлдыққа түсіп жатыр. Сондықтан адамдардың құқықтарына шынайы мағынада құрмет көрсету керек",-деді.

Реза Рамазани: "Шиіттік ойда әділет өзекті орынға ие. Әділеттің символы – имам Әли(ғ.). Джордж Джордак сынды ойшылдар осы мәселеге көңіл аударған. Рационализм, руханият және әділет – Аһл-е бейттің тағылымдарынан бастау алған шиіттік ойдың үш қыры",-деді.  

Аһл-е бейт дүниежүзілік ассамблеясының бас хатшысы: "Хазірет Иса(ғ.) халықтарға күш-қуат беру үшін келеді. Шиіттердің пайымдауынша, хазірет Махди (ғ.) халықтарға күш-қуат беру үшін келеді. Билік салихтердің қолына өтеді. Езілген халықтар әлемге билік жүргізеді. Залымдар мен үстемшілдер жойылады",-деді.

Аһл-е бейт дүниежүзілік ассамблеясының бас хатшысы: "Иран аймақтық алпауыттан әлемдік алпауытқа айналды. Иранның түрлі салалардағы қарым-қабілеті ғылыми дамудан бастау алады. Иран кейбір ғылым салаларында әлемнің ең үздік 10 елінің қатарында. Әлемнің ғылыми рейтингінде 16 орында тұр. Сондықтан Иран өзінің ғылыми тәжірибесі және жетістерін басқа елдермен бөлісуге дайын. Біз санкциялық жағдайда қол жеткізген тәжірибемізді Венесуэлаға ұсына аламыз",-деді.

Венесуэла Президенті Аһл-е бейт мектебін ұстанатындарға көңіл аудару керегін айтты

Реза Рамазани осы кездесу соңында Венесуэла Президентінен осы елде Аһл-е бейт мектебін ұстанатындарға ерекше көңіл аударып, олардың өкілдерін тиісті рәсімдерге шақыруды сұрады. Бұл өтініш Венесуэла Президенті тарапынан қолдау тапты. Ол: "Аһл-е бейт мектебін ұстанатындар әрдайым біздің назарымызда",-деді.

Осы кездесуге сондай-ақ Иран Ғылым министрінің мәдени-әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары доктор Абдулхұсейн Калантари, Венесуэладағы Иран елшісі Ходжатулла Сұлтани, Венесуэланың Тасымал министрі әрі Иран-Венесуэла ортақ комиссиясының төрағасы Рамон Веласкес, Венесуэла Сыртқы істер министрі Иван Хил Пинто, Венесуэла Президентінің мәдениет және туризм жөніндегі орынбасары әрі Байланыстар министрі Фредди Альфред Наньес қатысты.

 

Тегтер