Maм 12, 2024 14:24 Asia/Almaty
  • Шығыс хакімі Ибн Сина жасанды интеллект жайлы бізге не үйрете алады?

Ибн Сина жасанды интеллект тұрмақ, кітап басу машинасы ойлап табылмағанға дейін, яғни 10 ғасырда өмір сүрген. Бұған қарамастан, ол қазіргі заман психологтарын толғандырып отырған көптеген сұрақтар жайлы ойланған: Адамды жануар емес, адам қылатын не нәрсе?

Кейінгі жылдарда философтардың көбі дәлелдегендей, бізді адам ететін нәрсе – біздің саналы түрде бастан кешуге қабілетіміз. Саналылықты қалайша сипаттауға болады? Тіршілік иесін саналы деп санау үшін осы тақырыпты анықтауда қандай сыртқы белгілерді пайдалануымыз керек? Осындай сұрақтарға қатысты бірауыздылық болмағандықтан, жасанды интеллектте тұлғалық қасиет бар-жоғы туралы ұзақ жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан пікірталас нәтиже бермеді.

Қазір заман зерттеушілері  адам мен ЖИ-дің ұқсас міндеттерге жауабының негіздерін салыстыруға қызығушылық танытып отырғанындай, Ибн Сина да адамдар мен жануарлардың ішкі дүниесінде жүріп жатқан үдерістерді салыстырып, мінез-құлықта ұқсас реакцияларды анықтауға қызыққан.
Оның ойынша, адамды ерекшелендіретін негізгі қасиеттердің бірі – жалпылай түсіну. Ал жануарлар тек көз алдындағы ұсақ-түйек нәрсе туралы ойлана алады. Адамдар жалпы ережелерді шығарып, дәлел келтіре алады.
Ибн Сина "Ән-Нәфс" атты еңбегінде ескіден танымал мысал келтіріп, қасқырға жолыққан қой жайлы айтады. Оның уәжі бойынша, адамдар "Қасқырлар жалпы қауіпті. Алдымда тұрған жануар – қасқыр. Сондықтан қашу керек" деп ойлайды. Жануарлар басқаша ойлайды. Олар жалпы заңнан дәлел келтірмейді, тек қасқырды көреді де қашу керек екенін сезеді. Олар қасқырдың жалпы қасиеттері туралы ойланудың орнына ұсақ нәрселермен шектеледі.

Ибн Синаның адам мен жануар психологиясында байқаған айырмашылықтары  қазіргі заман ғалымдарының ЖИ-ге қатысты зерттеулерде анықталған айырмашылықтарға қатты ұқсайды.

Қазіргі зерттеулер көрсеткендей, жасанды нейрондық желі жүйелі түрде күрделі жалпылама жасауға қабілетсіз.

Ал адамдар сөздерден абстрактілі мағыналарды тауып, содан соң оларды күрделірек идеялар түрінде синтездей алады. ЖИ нақты тапсырмаға сәйкес статистикалық мағлұматтарды сараптап, нақты нәтиже шығарады.

Адамның танымы мен ЖИ танымы арасындағы айырмашылық Ибн Синаның адамды теңдессіз жаратылыс иесі деп атағанының дұрыстығын растай түседі.
Ибн Сина  "Шипа" атты еңбегінде ақылды тіршілік иесі қалайша үйренеді, ортақ және ортақ емес не нәрселер бар деген мәселелерді түсіндіріп, түрлі тіршілік иелеріне ортақ нәрселердің болмысын ашады.

Ибн Синаның көзқарасынша, адамды ерекшелендіретін қасиеттердің бірі – жалпылай түсіну. Адамдар заттың негізгі де маңызды ерекшеліктерін оның қосалқы әрі қажеті аздау қасиеттерінен бөліп алып, жалпы ұғым тудырады. Содан соң осы ұғымдардың көмегімен дәлелдер келтіріп, оны басқа жайттарға қолданады.
Қой мен ЖИ арасындағы негізгі айырмашылықтардың бірі мынау: ЖИ-дің нейрондық желісінде жан-жақты әрі егжей-тегжейлі мағлұматтар жинақталған үлкен резервуар бар.

Ибн Синаның басты тұлғалық критерийі – жүйелі түрде синтездеп жалпылай алу қабілеті. Бұл критерий тұлғаға ие болуды тексеретін стандарт бола алады. Осы уақытқа дейін ЖИ осындай сынақтарда талай рет сәтсіздікке ұшырады.

Дереккөз:
Мариям Сафдари, "Шығыс хакімі Ибн Сина жасанды интеллект жайлы бізге не үйрете алады?",  Зумит-1403

Тегтер