Қазақстан ирантанушыларының кезекті жиналысы өтті
ParsToday - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің оқытушылары мен магистрант-докторанттары Қазақстан ирантанушыларының кезекті жиналысына қатысты.
26 желтоқсанда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының ирантанушы оқытушылары мен магистрант-докторанттары Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас консулдығы жанындағы Иран Мәдени орталығында өткен Қазақстан ирантанушыларының кезекті жиналысына қатысты. Бұл отырысты Иран Мәдени орталығының басшысы Хоссейн Ағазаде мырза ұйымдастырды.

Отырыста Қазақстан ирантанушылар ассоциациясын ресми тіркеу үшін жасалып жатқан жұмыстар бойынша Батырхан Болатбек есеп берді. Сондай-ақ болашақ ассоциацияның атқаратын жұмыстарының жалпы бағыттары талқыланды.
Отырыстың екінші бөлігінде шығыстану факультетінің 2 курс магистранты Гаухар Омарханова аударған «Бір беттік кітап» жобасының 2-ші кітабының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге кітапты басып шығарған «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, мәдениеттанушы Бағдат Құдияр мырза да қатысты. Иран мәдени орталығы тарапынан аудармашы Гаухар Омарханова мен Бағдат Құдиярға арнайы сыйлықтар және жиналған ирантанушыларға жарық көрген жаңа кітап сыйлыққа тарту етілді.
Дайындаған: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінің аға оқытушысы Айман Жұбатқанқызы Боранбаева