Ресей Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесін Сирияға қатысты ұстанымы үшін сынға алды
(last modified Fri, 27 May 2016 14:21:04 GMT )
Maм 27, 2016 20:21 Asia/Almaty
  • Ресей Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесін Сирияға қатысты ұстанымы үшін сынға алды

Ресейдің Сыртқы істер министрі Парсы шығанағы ынтымақтастық кеңесін рамазан айын сылтауратып, Сирия келіссөздерінің жаңа кезеңін бастауды кейінге қалдыруға қатысты шешімі үшін сынға алды.

«Ресей» ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бейсенбі күні Мәскеуде Парсы шығанағы жағалауындағы елдер мен Ресей Сыртқы істер министрлерінің отырысында сөз сөйлеп: «Ресей мамыр айында келіссөздердің жаңа кезеңі басталып, Сириядағы жағдай тынышталар деп үміттенген еді. Алайда бүгін келіссөздердің рамазан айының аяғына дейін басталмайтыны жарияланды. Бұл қисынға келмейтін таңқаларлық шешім»,-деді.

Сергей Лавров Сирияда атысты тоқтату бітімінің жарияланғанына 3 ай өткеніне тоқталып: «АҚШ Сириядағы наразы топтар мен лаңкестерді бір-бірінен бөліп алуға уәде берген болатын, алайда уәдесін бұзып бұл істі атқармады»,-деп мәлімдеді.

Ресейдің Сыртқы істер министрі, сондай-ақ, Иран мен Парсы шығанағы жағалауындағы араб елдері арасындағы мәселелерді шешуге көмектесуге Мәскеудің әзір екенін айтып: «Мәскеу аймақтың басқа елдерімен жақсы қарым-қатынасы негізінде Иран мен Парсы шығанағы жағалауындағы елдер арасындағы қиындықтарды шешуге арағайындық жасауға дайын»,-деді.