Сәу 30, 2017 00:52 Asia/Almaty
  • Ислам революциясы жетекшісінің Иран Қарулы күштерінің қолбасшыларын қабылдауында жасаған баяндамасы

Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи Армия және құрлық күштері күніне орай сәуір айының он тоғызы күні ИИР қолбасшылары мен әскери қызметкерлерінің бір тобын қабылдады.

Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи Армия және құрлық күштері күніне орай сәрсенбі сәуір айының он тоғызы күні ИИР қолбасшылары мен әскери қызметкерлерінің бір тобын қабылдады. Бұл кездесуде хазірет қарулы күштердің елдің қауісіздігін қорғаудағы күш-құдіреті, мүмкіндіктері мен ынта-жігеріне тоқталып, әскери күштерді қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласының құрамдас бөліктерінің бірі деп атап: «Экономика, ғылым мен зерттеу, білім беру және мәдениет органдарының дұшпандардың діттеген мақсаттарына жетуінің алдын алудағы қызметі аса маңызды» деп қуаттады. Ислам революциясының жетекшісі баяндамасының жалғасында елдің ең басты бағдарын  экономикалық мәселе деп атап: «Басшылардың ең басты міндеті қарсыласу экономикасының саясаттарын, әсіресе, жұмыспен қамту және өндіріс бөлімдеріндегі жұмыстарды қадағалап, халықтың тұрмыстық мәселелерін шешуге талпыну және алпауыттардың алдында табандылық көрсетіп, олардың қоқан-лоққыларынан қорықпау» деді.

Армия қолбасшылары мен  қызметкерлері Ислам революциясы жетекшісінің қабылдауында

 

Хазірет аятолла Хаменеи баяндамасының кіріспесінде Армия күнін ұлықтап, әскери қызметкерлердің отбасылары, жұбайлары мен балаларын олардың шынайы тілектестері ретінде дәріптеп, имам Хомейни тарапынан Армия күнінің белгіленуін хазіреттің ең жақсы әрі парасатты істерінің бірі деп атап: «Бұл әрекет Ислам республикасы Армиясының діңгектерін нығайтумен қатар, көптеген дұшпандардың үмітсіздігі мен түңілуіне себеп болды» деді.

Аятолла Хаменеи хазіретимам Хомейни тарапынан Армия күнінің белгіленуін революция жеңісінің бас кезінде армияның барлық ерекшеліктері мен жағдайына қарамастан оның болмысын қабылдауды білдіретінін айтып: «Армияны сақтап, оны нығайту имамның жүректен шыққан шынайы тілегі болды» деді. Имамның осы дұрыс шешімі армияның революциядан кейінгі барлық оқиғаларда өзінің айбындылығын көрсетуіне себеп болды. Қасиетті қорғаныс кезіндегі ішкі қастықтарға қарсы табандылықты осы батыл істердің бір үлгісі деп атады. Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін армияның қолбасшылары мен қызметкерлерінің бір бөлігі революцияшыл халыққа қосылған еді. Алайда армияның құрылымы революция әкелген өзгерістерге байланысты әлсіз әрі мүмкіндігі шектеулі болды. Соған қарамастан армия революцияны, шекараларды қорғауда, қауіпсіздікті сақтауда, ішкі және сыртқы қастандықтарға қарсы тұруда барынша әрекет етті. Осындай жағдайда кейбір хабарсыз адамдар революция дұшпандарының қатарына қосылып, революцияның қорғаныс күшін әлсірету үшін армияны күйретуге тырысты. Алайда имам Хомейни өзінің үлгі тұтарлық көрегендігімен революциядан кейін екі ай өтер-өтпестен фарвардин айының жиырма тоғызыншы жұлдызын Армия күні ретінде жариялап, оның мәртебесін жоғарылатты. Имам тарихи баяндамасында революцияшыл халықты армияға қосылуға шақырып, армия қолбасшыларының өкілеттігін нығайтты. Имам осы баяндамасында бұрынғы режим кезінде революцияға қарсы әрекет етіп, қателік жасаған, бірақ қазір революция мен халыққа адалдығын білдірген әскери қызметкерлердің тобының  халық пен имам тарапынан кешірілетінін және олардың өз міндетін адал атқаруы қажеттігін айтты. Сонымен қатар, имам Хомейни әскери емес басшылардың армияның істеріне араласуына тыйым салды. Имамның бұл баяндамасы армияға жаңа дем беріп, оның революциядан кейінгі жылдары Иран революциясы мен халқын қорғауда ықпалды рөл атқаруына себеп болды.

Армия қызметкерлерінің Ислам революциясы жетекшісімен кездесуі

 

Ислам революциясының жетекшісі ИИР қарулы күштерінің келесі бір мақтанышын жауынгерлік күшпен қатар, ахлақ пен руханияттың жоғарғы деңгейін іс-жүзінде көрсете білу деп атады. Хазірет Сайат Ширази мен Бабаи атты шәһидтерді (шәһадаттың ең жоғарғы деңгейіне жеткен ИИР Қарулы күштерінің жоғары дәрежелі екі қайраткері) және армияның көптеген шәһидтерін «ахлақ пен руханияттың іс-жүзіндегі үлгілері» деп атап: «ИИР қарулы күштері бүгінде ойшыл, рухани және түрткілері пәк, қасиетті күшке айналған. Бұл имамның осы күнді белгілеу әрекетінің маңызды жемісінің бірі болып табылады. Бұл құндылықтарды қастерлеп, нығайта түсуіміз керек» деді.

 

Хазірет армияның рухани дүниесінің дайындығын арттыру қажеттігін қуаттап: «Бұл ел үшін маңызды іс. Қарулы күштер неғұрлым мықты әрі ынталы болса және мықтылық тіпті бір әскери әрекеттермен қатар жүрмесе де, қауіпсіздіктің орнығуы үшін жағдай тудырады» деді.

Ислам революциясының жетекшісі қарулы күштердің халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды тіректерінің бірі саналатындығына тоқталып: «Қарулы күштермен қатар экономикалық, білім беру, ғылыми және мәдени органдар мен кешендер де егер дұшпанның мақсаттарына қарсы бір-бірін толықтыратын бөлімдер ретінде әрекет ететін болса олардың қарулы күштермен бағыттасуы ұлттық қауіпсіздікті сақтап, нығайту  және елдің дамуы үшін мүмкіндік тудыратын болады»деді.

Хазірет аятолла Хаменеи баяндамасының жалғасында елдің экономикалық күшін нығайтуды елдің қазіргі кездегі ең маңызды мәселелерінің бірі деп атап: «Әлсіз тұстар мен экономикалық қиыншылықтарды пайдалану дұшпандардың Иранға соққы беруге бағытталған басты жобаларының бірі болып табылады. Сол себепті қарсыласу экономикасының саясаттарын орындауды, әсіресе, өндріс, жұмыспен қамту және халықтың әл-ауқатын жақсартуды қуаттаймын. Дұшпанның мақсаты белгілі болған кезде басшылардың қарсыласу экономикасының саясаттарын жүзеге асыруға деген ынтасы да арта түсуі қажет. Мен дұшпанның экономикадағы осал тұстарды пайдалану мақсатын байқаған кезде жүйе басшылары экономиканың осал тұстарын түзетуге бар күшін бағыттайды деп үміттенемін» деді.

Қарсыласу экономикасы – ішкі өндіріске негізделген экономика

 

Хазірет аятолла Хаменеи экономиканың осал тұстарына назар аудару қажеттігі туралы айтқаннан кейін: «Ислам республикасы жүйесі мен Иран халқының мықты тұстары да аз емес. Халықтың Ислам револциясының басынан бастап осы уақытқа дейін жасалған түрлі қастықтар алдындағы табандылығына дәл осы мықты  тұстар себеп болды. Олар сапасы мен саны жағынан осал тұстардан артық болып табылады» деді. Ислам революциясының жетекшісі мықты тұстардың бірі ретінде Иран халқының алпауыттардың қысымдары алдындағы батылдығы мен табандылығын атап: «Зорлықшыл алпауыттардың айла-шарғыларының қатарына халықтар мен үкіметтерді қорқыту, оларды өздерінің заңсыз әрекеттерін қаржыландыруға итермелеу, қоқан-лоққы жасау және өзін зорайтып көрсету жатады. Бір ел үшін ең жаман нәрсе – сол елдің басшыларының дұшпанның қоқан-лоққысынан қорқуы. Себебі бұл іс зорлық-зомбылықтың кіруіне жол ашады.

 

Елдің істерін ақыл мен парасатқа сүйене отырып атқару керек екені белгілі. Алайда бұл ақыл мен парасат батылдықпен қатар жүруі тиіс. Кері жағдайда дұшпанның қоқан-лоққысынан қорқу және алпауыттардың ықпалына түсу ең жаман нәрсе болып табылады. Егер бір адам қорықса маңызды емес. Бірақ халық қорықпауы керек. Себебі Иран халқы – табанды әрі мықты халық» деді. Хазірет Ислам революциясының жеңісінің бас кезінен бастап осы уақытқа дейін жасалған қастандықтарға тоқталып: «Егер Ислам республикасы мен Иран халқы алпауыттардан именіп, кері шегінетін болса, қазіргі кезде Иран мен ирандықтардан ешқандай белгі де қалмас еді» деп еске салды.

Армия қызметкерлерінің Ислам революциясы жетекшісімен кездесуі

 

Хазірет аятолла Хаменеи былай деді: «Зорлықшыл алпауыттардың, әсіресе, АҚШ-тың Иранмен жауласып отырғаны белгілі. Олардың дұшпандығы имам Хомейнидің кезінен басталып, Иранда билікке келген түрлі үкіметтер кезінде жалғасып келді. Бірақ, дұшпан мейлі АҚШ болсын, мейлі одан да үлкен алпауыт болсын, халыққа тиесілі, өз елін жақсы көретін және халық та оны жақсы көретін, сондай-ақ, дұшпанға қарсы табанды болып табылатын жүйенің алдында ешқандай қателік жасай алмайды».

 

Аятолла Хаменеи Иран халқының күш-құдіреті, табандылығы мен батылдығының жалғасуы қажеттігін қуаттап: «Табандылықты жалғастыру ісінің маңызды бөлігі қарулы күштердің мойнында. Келесі үлкен бөлігі экономика мамандары, мәдени, оқу-білім, әсіресе, ғылым мен зерттеу бөлімдері мамандарының мойнында» деді.

 Ислам революциясының жетекшісі баяндамасының соңғы бөлімінде алдағы сайлауға (ордибехешт айының жиырма тоғызы күні өтетін президенттік сайлаудың он екінші кезеңі) тоқталып, Ислам республикасы жүйесіндегі сайлауды исламдық демократияның үлгісі әрі ар-абырой, күш-құдірет пен мақтаныштың қайнар көзі деп атап: «Халық, басшылар мен үміткерлер сайлаудың қадірін біліп, дұрыс, қауіпсіз әрі ауқымды сайлау өткізу үшін жағдай жасауы керек. Қара ниеттілер Ислам мен руханияттыдемократияға қарсы тұрғандай етіп көрсеткілері келді. Алайда демократия мен сайлауға негізделген Ислам республикасы бұл сөздердің қате екенін көрсетті. Қазір Иран халқы сайлауда елдің істерінің кілті өз қолында тұрғандай сезінеді. Елді басқаратын тұлғаларды таңдайтын – халықтың өзі» деді.

 

Ислам революциясының жетекшісі дұшпандардың ақпарат құралдарының сайлауды бұрмалауға бағытталған өшпенділік әрекеттеріне тоқталып: «Иран халқы дәл осы көрегендігімен әрдайым осындай әрекеттерге қарсы тұратынын көрсетіп келеді» деді.

Армия қызметкерлерінің Ислам революциясы жетекшісімен кездесуі

 

 

 

 

 

Тегтер