Қар 10, 2017 00:24 Asia/Almaty
  •  Арбағиндегі ғашықтық рауаяты (5)

Кербалаға жеткеннен кейін сен өз еркіңмен жүрмейсің. Шөлдеген адам суға қарай ұмтылғандай, сені де бір күш жетелейді. Пайғамбар әулетінің махаббат пен мағрифат теңізінен қанша сусындасаң да, шөлің қанбайды.

Кербалаға жеткеннен кейін сен өз еркіңмен жүрмейсің. Шөлдеген адам суға қарай ұмтылғандай, сені де бір күш жетелейді. Пайғамбар әулетінің махаббат пен мағрифат теңізінен қанша сусындасаң да, шөлің қанбайды. Жаяу жүргіншілерден бірнеше адам мадақшылар тобын қызықтап жүр. Бет-әлпетінен олардың еуропалық азаматтар екенін аңғаруға болады. Олардың бұл жердегі құзыры туралы сұрайық. Солардың арасындағы бір ханым: «Мен Еуропадағы Нидерландыдан келе жатырмын. Бұл рәсімдер имам Хосейннің (ғ.с.) шәһид болуының қырқыншы күніне орай өткізіледі. Мен ол оқиғада хазіретке көмектесе алмадым, бірақ қазір оған көмектесетін уақыт жетті. Біз қазір Кербалаға қарай кетіп барамыз. Иншалла, жақындап қалдық. Алхамдуллилах, бұл жолы имам Хосейн (ғ.с.) мені таңдады. Бұл сапарға хазіреттің шақыруымен шықтым.

Арбағин шеруіндегі нидерландтық әйел

 

 

Бір күні қатты жылап: «Ирак пен Ауғанстан сияқты соғыс отына шырмалған елдердегі адамдар ауыр жағдайда күн кешіп жатса да неліктен мен сияқты жабырқап, жыламайды. Керісінше, маған қарағанда әлдеқайда бақыттырақ» деп ойладым. Олардың жүздерінен мақтаныш пен ғиззат байқалады. Мен де сол сезімді сезінгім келді. Ислам дінінен шыққан күш-құдірет пен табандылықты сезінгім келді.

Шын мәнінде, Кербалаға дейін осыншама жерді жаяу жүріп өте аламын деп ойламаппын. Себебі, елде жүргенімде, үнемі аяғым ауыратын. Бірақ, Аллаға шүкір, қазір ауырмайды. Бұл бір ұлы әрі ғажайып жиын. Бұл жерде құсаланып, қайғырып жатқан адамды көрмейсің. Аза тұтушылар күш-қуат, ерік-жігер мен бірлікке ие және қандай ауыр әрі қауіпті іс болса да атқаруға әзір. Сіздер мұндай нәрсені Нидерландыда көре алмайсыздар. Нидерландықтар көбінесе өздерін ғана ойлайды. Мысалы, бір адам үйінде тамақ ішіп отырған кезде біреу есікті қағатын болса, ол есікті ашып: «Кешіріңіз, мен тамақ ішіп отыр едім, сыртта күте тұрыңыз» деп, есікті қайта жауып алады. Бірақ, бұл жерде бір үйдің есігін қақсаңыз, үй иесі тамақтанып отырса, сізді де асқа шақырады. Нидерланды үкіметінің ақшасы бар. Сізге қаржылай көмектеседі. Бірақ, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы өте суық. Мен шынында осы жердегідей жылы ортада өмір сүргім келеді. Бұл жердегі әжетхана мен үшін ыңғайсыз болса да...» дейді.

Келесі еуропалық өзін Сара Хосейн деп таныстырып: «АҚШ-тан келе жатырмын. Нью-Джерси штатының Бриджуотер қаласында тұрамын. Нью-Йорк – жылдамдық қаласы. Нью-Йорктің көшелерінде жүрсең, барлық адамдардың өз жұмыстарымен жүргенін көресің. Мына жерде жүрген кезде кейде мүлдем таныс емес адамдар келіп, менің хал-жағдайымды, отбасыма көмек керек пе екенін сұрайды. Ал Нью-Йоркте олай емес. Егер, тіпті бір адамға жақындап келіп сұрақ қойсаң, жауап бермейді. Бұл жер сүйіспеншілікке толы. Мен барлық жерден махабатты сезінемін» деді.

Шынымен де имам Хосейн (ғ.с.) айтқандай: «Пенделердің көбін мүмін етіп, басқа әлемдіктерге қарағанда артық етіп жаратқан Жаратушыға мың да бір алғыс!».

 

 

 

 

Тегтер