Ислам революциясы жетекшісінің ерікті күштерді қабылдауында жасаған баяндамасы
Ерікті күштер – «Басидж» апталығына орай Иранның жер-жеріндегі осы ұйымның мыңдаған мүшесі аятолла Хаменеимен кездесті. Осы бағдарламамызда Ислам революциясы жетекшісінің баяндамасының маңызды тұстарына тоқталамыз. Диктор
Имам Хомейни жиырма миллион адамдық әскер құру қажеттілігін мәлімдеп, барлық адамдардың шоғырлануын жаңа бой көтерген Ислам револциясын қауіп-қатерлер мен дұшпандықтан қорғайтынын қуаттаған кезде бұл қасиетті халықтық ұйым осындай ауқымға жетеді деп ешкім де ойламаған еді. Бірақ таңылған соғыс басталғаннан кейін басидж күштерінің соғыс майданына жаппай ағылуы басидждің құндылықтары мен қасиеттерін бірінен кейін бірін айқындап, басидждің тек халықтық күш қана емес екенін көрсетті. Басиджді басқа ұқсас ұйымдардан ерекшелендіретін қасиет – өзіне мықты күштерді жинап, оларды ерікті жұмылған тұлға қалыбында көркем түрде бейнелуі.
Ислам революциясының жетекшісі хазірет аятолла Хаменеи шамси жыл санағы бойынша азар айының бірі күні таңертең Иранның жер-жерінен келген мыңдаған басиджді қабылдады. Хазірет басиджді теңдессіз құбылыс әрі имам Хомейнидің мақтаныштарының бірі деп атап, Ислам революциясының мақсаттарын жүзеге асыру және Иранның дамуы үшін талпыныс, ықылас пен түрткі болып табылатын басидждік рухты нығайту қажеттігін қуаттап: «Дұшпан жан-жақтан өшпенділігін күшейтіп, аймақта исламдық-революциялық ой-пікірден туындаған қарсыласу өзегін жоюға талпынуда. Алайда жастар мен мүмін әрі табанды ер-азаматтар ДАИШ тәкфіршілдерінің көзін жою арқылы дұшпандарды тізе бүктіріп, «біз жасай аламыз» деген ұранды әлемнің алдында растады» деді.
Ислам революциясының жетекшісі «басидж» сөзін бұқара халық пен белсенді адам күші мүмкіндіктерін шоғырландыру және пайдалану деп түсіндіріп, Ислам революциясында басидж болмаса, онда үлкен бос қуыстың пайда болатынын қуаттап: «Басидж – қарсыласу ұйымы тиімді ұйым ретінде сезімтал әрі маңызды міндеттерді атқаратын бұқара халықтың ерікті түрде жиналуының белгісі» деді.
Ислам революциясы халықтар үшін жаңа ұсыныс әрі жаңа ұран болды. Өз биліктерін сақтап қалу үшін халықты ахлақи және түрлі ауытқушылықтарға қарай итермелейтін алпауыттардың ойынының тұтқыны болып тұрған әлем жаңа бір ұранды қажет етті. Жаңа ұранды Ислам революциясы ұсынды. Хазірет аятолла Хаменеи Ислам революциясының жаңа ұранына тоқталып: «Ислам революциясының жаңа ұраны мынадай болды: адами қоғамдар материалдық және ғылыми дамуға қол жеткізумен қатар, Жаратушының ризашылығын алып, илаһи құндылықтарды сақтай алады. Бірақ осындай қоғам құру мен материалдық және рухани тұрғыдан даму жолының өз ережелері болады. Әділетсіздік, озбырлық, таптар арасындағы қашықтық, іс-әрекет және ойдың бұзылуы мен нәпсіге ерік беру тыйым салынған нәрселер болса, ықылас, жауапкершілік, талпыныс пен джиһад, еңбек пен Алла ризашылығын алу осы жолдағы қажетті амалдардың қатарын құрайды. Тыйымдар мен қажеттіліктерді бір жерге жинаған қалып пен құрылым – Ислам революциясының жүйесі. Басидж қарсыласу күшінің басты міндеті Ислам республикасының биік мақсаттарына жету үшін халықтың, әсіресе, жастардың мүмкіндіктерін, ерік-жігері мен бастамаларын үйлестіре отырып, ынтымақтастық тудыру болып табылады. Осылайша миллиондаған бұқара халықтың бірлігі мен өндіріс пен дамуға қарай ұмтылысына куә бола аламыз » деді.
Революция жетекшісі өз баяндамасының келесі бір бөлігінде дұшпандардың қастықтарын толассыз түрде жалғасатын үдеріс деп атап: «Қымбатты достар! Хақ пен Жаратушы дұшпандарының өшпенділіктері ешуақытта аяқталмайды. Дұшпандық әрқашан болады. Ислам республикасының үстемшілдер, сионизм мен кертартпа елдердің дұшпандықтарымен арпаласып жатқанына 38 жыл болды. Бірақ, бүгінде Иран революцияның бас кезімен салыстырғанда жүз есе, тіпті мың есе дамыған әрі мықтырақ. Бұл – қарсыласу мен табандылық үшін осы дүниеде берілетін сый» деді. Хазірет революция, имам мен қасиетті қорғаныс кезеңдері ескерілмегенімен, елдің жас мүмін буынының аймақтағы ықпалын Ислам революциясы мұғжизаларының бірі деп атап: «38 жылдан кейін имамды көрмеген, қасиетті қорғанысқа қатыспаған, революцияны түсінбеген жастардың осындай ауқымда құзыры аймаққа ықпал ете алады. Бұл құбылыс – революция мұғжизаларының бірі. Аймақта Ислам республикасы, яғни, сіздер, жастар, үстемшіл АҚШ-ты тізе бүктіріп, сәтсіздікке ұшырата алдыңыздар. Олардың барлық талпыныстары мен жоспарлары бұл аймақты исламдық-революциялық ой-пікірден алыстатуға бағытталды. Бұлардың барлығының мақсаты осы революциялық идеяны, аймақта кең тараған қарсыласу идеясын жою болды. Алайда бәрі керісінше болды. Ирак пен Сирияда орын алған оқиға, дұшпандар жобалаған алапат апаттың мақсаты аймақта қарсыласу өзегіне қарсы құбылыс тудыру болды. Сіздер сол қастықты залалсыздандырдыңыздар. Жастардың, дәл осы мүмін жастардың қолынан келді. Осы джиһад майданына шын ниетпен кірген адамдар дұшпанды тізе бүктірді. Олардың бойында басидждік сезім мен күш болды» деді.
Көрегендік – нұр тудырып, қараңғылықты қуатын гауһар тас. Көрегендік оқиғаларды сараптау күшін арттырып, болашақта болатын нәрсені жобалауға көмектеседі. Хазірет Әли (ғ.с.) көрегендіктің маңызы туралы: «Көздің болмауы көрегендіктің болмауынан жеңілірек» деген еді. Көреген қоғам – арандатушылық әрекеттер мен оқиғалар дауылының арасынан дұрыс жолды таба алатын қоғам. Хазірет аятолла Хаменеи көрегендікті басидждің ерекшеліктерінің бірі деп атап: «Басиджге тән қасиеттеріңіз бар, соны сақтап қалыңыздар. Осындай қасиеттердің бірі – көрегендік, дұшпанды тану, онымен күресу жолдарын білу және оның айла-шарғыларын түсіну. Біздің мүмін жастарымыз дұшпандардың әдіс-тәсілдерінің бірінің жастардың санасында жеке өмір, отбасылық және көптеген мәселелер туралы исламдық құндылықтарға қатысты немқұрайдылық тудыру екенін білуі керек» деді.
«Біз жасай аламыз» деген сөз – бұл жай ғана сенімге қатысты ұғым ғана емес, ирандықтар өз көздерімен көріп, бүкіл болмыстарымен бірнеше мәрте сезінген ұжымдық қалау. Елдің ішіндегі кейбір адамдардың бөгделердің жолын қуып, халық пен жүйенің күш-құдіретін растайтын көптеген дәлелдерге көзжұма қарауды қалауы қалыпты іс. Аятолла Хаменеи шах кезіндегі тәуелді әрі озбыр жүйені құлатып, исламдық жүйені нығайтуды, дамыту үшін алғышарттар тудырып, халықтардың санасы мен ой-пікіріне ықпал ету күшін қалыптастыруды Иран халқының күш-құдіретін көрсететін факторлар деп атап: «Осыдан былай илаһи қолдаумен Ислам революциясы мүмін жас буынға иек артып, өзінің барлық мақсаттарын жүзеге асыру жолындағы әрекетін жалғастыратын болады» деді.
Ислам революциясы жетекшісінің пікірінше, тұрақтылық пен талпыныс – даму үшін қажет ең маңызды факторлар. Оларға жету үшін өз ішін, айналадағы ортаны және соған қатысты элементтерді бір қалыпта ұстау керек. Осылайша Алла уәде еткен жеңіске қол жеткізуге болады. Ислам революциясы түрлі экономикалық, қоғамдық, ғылыми, саяси және мәдени алаңдарда биік мақсаттарды алға қойған. Егер бұрынғысынша табандылық, иман мен шынайы ниетпен осы жол жалғасатын болса, Жаратушының көмегімен Иран жақын болашақта осы мақсаттарының барлығына қол жеткізіп, жас буын экономикалық мәселелерді шешіп, ғылыми жетістіктерді екі есе арттырып, Құранға қатысты және мәдени ұғымдарды қоғамда кең тарататын болады.
Аятолла Хаменеи өз баяндамасының соңында: «Жаратушы бұйыртса, сіздерді сақтап, сіздерге үлкен жеңістерге жол көрсетеді. Алла Тағала біздің құрметті шәһидтеріміздің, Ирак пен Сириядағы соғыс майдандарында шәһид болған сол елдің халқының, басқа елдің азаматтарының, сонымен қатар тылда еңбек етіп, қаза тапқандардың аруақтарын өз бабаларына жолықтырады. Ұлы Жаратушы Иран халқының ар-абыройын, табыстылығын, мақтанышы мен ұлылығын күннен күнге арттыратын болады» деді.