Ақп 28, 2019 18:32 Asia/Almaty
  • Башар Асад Ислам революциясының жетекшісімен кездесті

Сирия Президенті Башар Асад еліндегі сегіз жылдық дағдарыс пен соғыстан кейін бірінші рет ақпанның 25 күні Теһранға сапармен келіп, Ислам революциясының жетекшісімен кездесіп, пікір алмасты.

Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи кеше, дүйсенбі күні Сирия Президенті Башар Асадпен кездесуінде Сирияның жеңіске жетуі мен АҚШ пен аймақтағы жалдамалыларды сәтсіздікке ұшыратудың сырын Сирия Президенті мен халқының табандылығы және олардың қарсыласу қозғалысына сүйенуі деп бағалады.  Ислам революциясының жетекшісі алдағы қастандықтардан абай болу қажеттігін қуаттап: «Исламдық Иран Сирия үкіметі мен халқына көмектесуді қарсыласу ағымына көмектесу санап, оны мақтан тұтады»,- деді.

Аятолла Хаменеи Сириядағы қарсыласу ағымы жеңісінің америкалықтардың ашуына себеп болғаны мен олардың жаңа қастандықтар жобалау үшін талпыныс жасап жатқанына тоқталып: «Америкалықтардың Сирияда буферлік аймақ құру мәселесі – келісуге болмайтын әрі қатаң қарсы тұруды қажет ететін қатерлі қастандықтардың бірі»,- деді. Сирия Президенті Башар Асад Ислам революциясы жетекшісімен кездесуінде ИИР-ның Сирияға көрсетіп отырған қолдауына ризалығын білдіріп: «Сириядағы соғыс Иранға қарсы таңған сегіз жылдық соғысқа ұқсас. Ислам республикасы бұл оқиғада біздің қасымызда болды. Сондықтан қазіргі жеңістермен сізді және бүкіл ирандықты құттықтап, оларға алғыс айтамын», - деді.

Асадтың маңызды Теһран сапары

Сирия Президентінің Теһранға сапар шегіп, Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи және Иран Президенті Хасан Руханимен кездесуі Батыстың Сирия жағдайы туралы сараптамаларының қателігі мен бұл елдің бүгін бұрынғы кезеңмен салыстырғанда тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің артқанын көрсетті.  Бұл туралы «Рай әл-Яум» газетінің Бас редакторы әрі Батыс Азия аймағы саяси мәселелерінің маманы Абд әл-Бари Атван газетінің сейсенбі күнгі нөмірінде: «Асадтың Теһран сапары америкалық-израильдік қоқан-лоққыларға қарамастан саяси және әскери тұрғылардан Сирия жағдайының жақсарғанын көрсетті»,- деп жазды.

Башар Асадтың Батыстың қастықтарының алдындағы табандылығы өткен сегіз жылғы лаңкестер мен олардың демеушілерінің сәтсіздікке ұшырауына маңызды ықпалын тигізді. Ислам революциясы жетекшісінің айтуы бойынша, «Башар Асад өзінің табандылығымен араб әлемінің қаһарманына айналды. Нәтижесінде аймақтағы қарсыласу ағымының күші мен беделі артты».

Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Әли Шамхани Сириядағы өзгерістер туралы: «Қарсыласу ағымы Сириядағы өз мақсаттарының 90 пайыздан астамына жетті. Сондықтан Израиль режимінің шабуылдары Сирияға әсері етпейді»,- деген болатын.

ИИР мен Сирия қарсыласу ағымының негіздері бойынша стратегиялық қарым-қатынас орнатты. Бұл қарым-қатынас дағдарыс жылдары жақсы байқалды. Башар Асадтың Теһран сапары аймақ пен әлемге осы жолдауды жеткізді.  Абд әл-Бари Атван «Рай әл-Яум» газетінде: «Сирия Президентінің Иранға жасаған сапары екі елдің стратегиялық қарым-қатынасының тереңдігі мен екі елдің аймақтағы лаңкестік пен батыс-америкалық жобаларына қарсы бір майданда екенін көрсетті»,- деп жазды. «Әл-Монитор» ғаламтор базасы да сейсенбі күні: «Иран Сирия Президентін қарсы алып, АҚШ-қа Теһранның өз ұстанымдарынан артқа шегінбейтінін, Сириядағы өзгерістер мен қоқан-лоққыларға бағынбайтыны туралы жолдау жіберді»,- деп жазды.  

Сирияның қазіргі жағдайы қарсыласу ағымымен стратегиялық ынтымақтастығы ИИР-ның Сирияның қасында тұруымен бұрынғыдан бетер  тұрақтана түсті. Сирия бүгін Батыстың, әсіресе АҚШ-тың талап-тілектеріне бағынбай әрекет етіп жатыр. Американың Сирияның солтүстігі мен осы ел мен Ирак шекараларындағы жаңа әрекеттері Вашингтонның Сириядағы жеңілістерінен кейінгі жаңа қастандықтары болып табылады. 

 

АҚШ-тың Сириядағы жаңа қастандығы

АҚШ өз күштерін Сирияның солтүстігінен шығаруы туралы жариялаған саясаты аясында буферлік аймақ құрып, Сирия мен Ирактың ортақ шекарасында тұрақты әскери базасын орналастырғысы келеді. АҚШ Президенті Дональд Трамп жуырда Сирия мен Ирак шекарасының бойындағы әт-Танф аймағындағы АҚШ-тың әскери базасында 400-ден астам әскериін қалдыратынын жариялады.

Қарсыласу ағымы Сирия, Иран және Ливанның Хизболласымен ынтымақтастық жасап, осы уақытқа дейін Батыс Азия аймағындағы, әсіресе Сириядағы АҚШ-тың қастандықтарының іске асырылуына мүмкіндік бермеді. Бірақ, Сирияның солтүстік-шығысындағы, осы ел мен Ирак шекарасындағы оқиғалар қарсыласу ағымының, әсіресе Сирияның қырағылығын талап етеді. Бұл салада Сирия Президентінің саяси және ақпарат істері жөніндегі кеңесшісі Басине Шаабан: «Сирияның солтүстік-батысындағы Идлибті азат ету – міндетті түрде жүзеге асырылуы тиіс іс. Түркия Президенті Реджеп Тайып Эрдоған Сирияның солтүстігінде қауіпсіз аймақ орната алмайды. Идлибтегі лаңкестікті өз еркіне қоя беруге болмайды»,- деді. Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб – лаңкестер қалған жалғыз мекен. Бұдан бұрын Алеппо сияқты Сирияның маңызды және стратегиялық қалалары қарсыласу ағымының ынтымақтастығымен лаңкестерден азат етілді. Қарсыласу ағымының Сириядағы Батыстың, әсіресе АҚШ-тың қолдауына ие лаңкестермен шынайы күресі лаңкестердің билігін жойды. Бұл жеңіс АҚШ пен оның одақтастарының Сирияның солтүстік-шығысы мен осы ел мен Ирактың шекарасындағы жаңа әрекеттерге себеп болды.

Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Вашингтонның Дамаскке қатысты ұстанымдарын сынап: «АҚШ Сирияны жіктеуге күш салып отыр. Вашингтон Сирияның солтүстік-шығыс бөлімін Дамаск үкіметіне қайтаруға қарсы»,- деді.  АҚШ басқарған Батыс әртүрлі әдістермен қарсыласу ағымын  қастандықтарының жолынан жоюды көздегенімен Сирия дағдарысының сегіз жылдық тәжірибесі мен ел үкіметі мен халқының қастандықтарға қарсы табандылығы АҚШ-тың Сириядағы жаңа бүліктерін іске асыртпайды. Сондай-ақ, Иран мен Сирияның стратегиялық ынтымақтастықтарының нығаюы америкалықтардың бұл екі елге қарсы жобасын жүзеге асыртпайтын мықты бөгет болып табылады. Дональд Трамп үкіметі Сирия мен Иранды қиындықтарға тіреуді көздеп, Сирияның солтүстік-шығысы мен Иракпен арадағы шекараларында жаңа теріс әрекеттерін іске асырғысы келеді.

«Ресей әл-Яум» телеарнасы сейсенбі күні Башар Асадтың Теһран сапарының маңыздылығына тоқталып: «Теһран мен Дамаск Батыс мемлекеттерінің Иран мен Сирияда қайшылықтарды күшейтіп, бұл елдерде бейберекеттік тудыру саясатының еш уақытта іске аспайтынын қуаттады»,- деп мәлімдеді.

 

 

 

Тегтер