Сәу 02, 2018 17:17 Asia/Almaty
  • АҚШ, Сауд Арабиясы мен сионистік режимнің Ливиядағы үшжақты коалициясының мақсаттары

Африканың солтүстігінде орналасқан мұнайға бай Ливия елі 2011 жылдың қаңтар айынан бастап бейберекеттік, тұрақсыздық пен ішкі текетірестермен арпалысып келеді.

Ливиядағы халықтың нарызылықтары шарықтау шегіне жетіп, халықтық қозғалыстар, басқаша айтқанда, араб әлеміндегі исламдық ояну толқыны Ливияда Муаммар Қаддафи мен оның қарсыластарының арасында азаматтық соғысқа ұласқаннан кейін батыстықтар, яғни, АҚШ пен оның кейбір еуропалық одақтастары 2011 жылдың наурыз айында Ливияның ішкі істеріне әскери тұрғыдан араласа бастады. Бұл араласушылық Қауіпсіздік кеңесі №1973 қарарды бекіткеннен кейін Ливиядағы азамат соғысына реакция ретінде бірнеше елден құрылған коалиция тарапынан басталды.

Наурыз айының он тоғызы күні АҚШ пен Ұлыбритания әскери амалдарды жүзеге асыра бастады. Бельгия, Канада, Дания, Франция, Италия, Норвегия, Катар, Испания, Ұлыбритания, АҚШ пен жалпы саны 19-ға жеткен тағы басқа елдерден құрылған бастапқы коалиция  ұшуға тыйым салынған буферлік аймақ құру, теңіз жақтан қоршауға алу мен логистикалық жеңілдіктер беру сияқты шаралармен айналысты. Бұл араласушылық қазан айының соңында Муаммар Қаддафи қайтыс болғанға дейін жалғасты. Одан кейін НАТО 2011 жылдың қазан айының отыз бірі күні амалдарды тоқтатты. Осылайша, АҚШ пен оның НАТО-дағы серіктестері Қауіпсіздік кеңесінің рұқсатын сылтауратып, Ливияның азамат соғысына араласып, ауқымды әуе шабуылдары арқылы Қаддафи режимінің құлауына жағдай тудырды. Алайда оқиға мұнымен аяқталмады. Қаддафи режимі құлағаннан кейін Ливия іс-жүзінде ауқымды бейберекеттіктерге тап болды. Қаддафиден кейінгі Ливияда бір мықты ұлттық үкімет құрылмағанымен қоса, саяси жүйе құлдырап, 5 жыл ішінде 9 премьер-министр ауысып, тіпті кейбіреулері үкімет құра алмады.

Ливияда іс-жүзінде 2014 жылдан бастап, көп жақты үкімет құрылды. Қазір Ливия екіге бөлінген. Оның Триполиде орналасқан «ұлттық бірлік» үкіметін халықаралық қауымдастық ресми түрде танып отыр. Ұлттық бірлік үкіметі – 2015 жылдың желтоқсан айында Схиратта жасалған келісімнің нәтижесі. Схират келісіміне сәйкес, 2016 жылдың наурыз айының отызы күні 9 мүшені қамтыған Ливияның «президенттік кеңесі» құрылды. Сонымен қатар, «Ливияның шығыс үкіметі» деген атаумен танымал билікке үміткер «Тобрук» үкіметін ливиялық әскери қолбасшы Халифа Хафтар қолдап отыр. Қазіргі таңда Ливия жасалған талпыныстар мен келіссөздерге қарамастан әлі де саяси дағдарыспен бетпе-бет келіп отыр. Түрлі топтардың қолында  рұқсат етілмеген қарулардың болуы, түрлі тайпалардың неғұрлым көбірек ықпалға қол жеткізуге талпынуы, бөгделердің ашық әрі ауқымды түрде араласуы және Ливиядағы екі үкіметтің біреуін жақтауы, мықты саяси құрылым мен тайпалық бірауыздылықтың болмауы Ливияда саяси дағдарыстың жалғасуының себептерінің қатарын құрайды. Осындай жағдайда лаңкестердің Ливияға қайтып келуі мен олардың басқа аймақтар мен елдерге ықпал ету қауіп-қатері тек Ливия үшін ғана емес, бүкіл аймақ пен әлем үшін шынайы апат саналады. Ливияның бұрынғы қайраткерлерінің бірі Ахмад Қаддаф әд-Дам күн сайын Сирия мен Ирактан қашқан жүздеген ДАИШ лаңкестері Ливияда тұрақсыздық тудыру мақсатында осы елге келетінін айтты. Шетелдік ойыншылардың Ливиядағы ықпалы мен олардың түрлі мүдделерді көздеуі – Африканың  солтүстігіндегі мұнайға бай осы елдегі дағдарыстың күрделене түсуіне себеп болған келесі бір фактор. 2017 жылдың қаңтар айында Трамптың билік басына келуі мен оның Сауд Арабиясына сапар шегіп, Рияд отырысына қатысуынан кейін АҚШ, сионистік режим мен Сауд Арабиясының үшжақты коалициясы құрылып, Таяу Шығыс пен Африканың солтүстігіндегі түрлі елдерде, соның ішінде, Ливияда ықпал ете бастады. Бұл коалицияның Ливия өзгерістеріндегі рөлін зерттеу барысында оның елдегі бүлдіргі рөлі айқындала түседі.

2011 жылы Ливия дағдарысы басталғаннан бері АҚШ-тың жасаған іс-әрекеттері кейбір демократиялық шараларға, әсіресе, гуманитарлық араласушылық пен қарсыластарды ресми түрде тануға бағытталды. Бұл АҚШ пен НАТО-ның кейбір мүшелерінің Ливияның ішкі істеріне араласуына жол ашты. Трамп үкіметі кезіндегі АҚШ-тың басты мақсаты сырттай Ливиядағы ДАИШ лаңкестерімен күресу болып көрінуі мүмкін. Трамп NBC арнасына берген сұхбатында: «Ливияға қараңыздар, не істегенімізді көріңіздер. Ливияны ДАИШ-тан құтқару үшін талпыныс жасауымыз керек» деді. Ол АҚШ президенті болып сайланғаннан кейін 2011 жылғы Ливия істеріне аралсушылық әрекеттеріне қатысты: «Революцияшылдармен мынадай мәміле жасау керек еді: олар бізге Ливия мұнайының тең жартысын берсе, оның есесіне біз оларды Қаддафиге қарсы соғыста қолдар едік. Бұрынғы заманда соғыс болған жағдайда барлық олжа жеңіске жеткен тарапқа бұйыратын болған» деді. Шын мәнінде, Трамп АҚШ-тың сыртқы саясатын коммерциялизациялау аясында Вашингтонның қаржылық мүдделерін қамтамасыз етуге көмектеспейтін басқа елдердің істеріне араласуға шынайы түрде қарсы. Жалпы алғанда, Трамп үкіметінің Қаддафиден кейінгі Ливиядағы сыртқы саясаты лаңкестікті ауыздықтауға және ұлттық бірлік үкіметінің либералдарымен мәміле жасауға бағытталған. АҚШ-тың сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Валид Фарстың пайымдауынша, Трамп Ливияның ұлттық әскерін,  генерал Хафтар мен осы елдің сайланбалы үкіметін қолдайтын болады. Трамп Ливияның қайтадан лаңкестер мен содырлардың қарамағына өтіп, олардың ықпал ету аймағына айналуын қаламайды. Дегенмен, Вашингтонның еуропалық одақтастары үшін Ливия Еуропаға жақын болғандықтан, ДАИШ лаңкестері шебінің орналасқан жері екі есе маңызды болып табылады. Саяси ғылымдар маманы Саберголь Анбаридің айтуынша, Ливияның ДАИШ-тің әскери базасына  айналуы үшін алғышарттар бар. Дәл осы мәселе еуропалықтарды алаңдатып отыр. Еуропада бұл мәселемен күресу жолдарының қарастырылып жатқаны шәксіз. Егер 2018 жылы Ливия дағдарысы шешілмейтін болса, ДАИШ-тің осы жерде орнығуының куәсі болуымыз ықтимал. Бұл мәселе өз кезегінде Еуропаға қауіп төндіретін болады. Сол себепті АҚШ Триполиде орналасқан Ливияның ұлттық бірлік үкіметін қолдауымен қатар, Ливиядағы ДАИШ және тағы басқа лаңкестермен күресу міндетін атқарып отырған генерал Хафтардың ұлттық әскерін де қолдап отыр. Келесі бір маңызды мәселе Вашингтонның Ливияның мұнайына қатысты көзқарасына байланысты. Вашингтонның бұл мәселеге қатысты көзқарасы стратегиялық сипатқа ие. Себебі, бұл ресурстардың Жерорта теңізіне жақын болуы Ливия мұнайын Батысқа жеткізуді жеңілдетеді. Осылайша, АҚШ-тың Ливиядағы басты екі бағдары тәкфіршіл лаңкестермен күресу және Ливияның мұнай ресурстарына қол жеткізу болып табылады.

Алайда Сауд Арабиясы үшін Ливия мәселесі басқа бір тұрғыдан маңызды: Саудиялықтар мұсылман бауырларының араб елдерінде, соның ішінде, Ливияда билікке қол жеткізуіне қарсы. Сол себепті, Халифа Хафтардың Ливияның шығысындағы әскери күші мен оның ДАИШ және басқа да салафилік топтармен күресіне байланысты «Мұсылман бауырлары» оны қолдап отыр. Ливияның ұлттық әскерінің қолбасшысы Халифа Хафтар  ДАИШ лаңкестерімен күресуді өзінің басты мақсаттарының біріне айналдырып, 2016 жылдың желтоқсан айында Сурт қаласын азат еткеннен кейін ДАИШ-тің Ливияда жеңіліс тапқанын мәлімдеген болатын. Осындай жағдайда, ДАИШ-тің Ливияда үкімет құруы сәтсіздікке ұшырағанымен, бұл лаңкестік топ Ливиядағы өзінің бүлдіргі әрекеттерін жалғастырып жатыр. Сондықтан, бұл елде ДАИШ-тің қайта пайда болу ықтималдығы жоғары. Дегенмен, вахаббилік және салафиттікті әлемге таратып отырған Сауд Арабиясы Ливиядағы салафилік ағымды қолдау арқылы өз ықпалын арттыру үшін арнайы саясаттарын жүзеге асыруда. 2011 жылдың ақпан айында Ливияда революция орын алғаннан кейін Ливиядағы Арабстанға тәуелді салафилік ағым Бенгази қаласындағы мешіттердің имамдарын, ғұламалары мен құтпагерлерін өлтіру және оларды сот өткізбестен зынданға жабу туралы түрлі пәтуалар шығарды. Бұл пәтуалар халықты зираттар мен мешіттерді қиратуға, кәпіршілдікпен күресу сылтауымен көрнекті тұлғаларды өлтіруге итермеледі. Тіпті, пәтуалар олардың көзін жою мақсатын көздеген қарулы қақтығыстарға ұласты. Ливиядағы салафилік ағым саяси істерге араласпағанымен, Халифа Хафтар Бенгазидегі «Ар-абырой амалдары» деген атаумен өткен әскери амалдарында Хафтардың күштерімен бірге  соғысты. Себебі, олар Халифа Хафтарды өздерінің заңды қолбасшысы санайды. Хафтар да өзінің бәсекелестерімен, әсіресе «Мұсылман бауырларымен» күресу үшін Арабстанның қарамағындағы салафилердің өзінің әскеріне қосылуын қолдады. Хафтар саудиялықтардың көмегімен Мысыр президенті Абдолфаттах әс-Сисидің жолын қайталап, ақырында Ливияны өз бақылауына алуды көздеп отыр.

Сионистік режим де Ливияда өз мүдделерін көздеп отыр. Ливияның шығыс аймақтары  мен сионистік режимнің қарым-қатынастары қалпына келтірілгеннен кейін қазіргі кезде Тель-Авив генерал Хафтар арқылы осы елдегі өз мүдделеріне қол жеткізуге талпынуда. 2017 жылдың шілде айында Грекияның Родос аралында сионистік-ливиялық отырыс өтті. Онда Кнессет пен сионистік режим кабинетінің өкілдері, Ливияның басшылары мен бірқатар италиялық саяси және қауіпсіздік қайраткерлері қатысты. Отырыс Израильдің Халифа Хафтардың көмегімен Ливияға кіру талабы аясында өтті. Осылайша халықаралық қауымдастық оны ресми түрде танымай отырған Ливияның шығыс үкіметінің қайраткерлері Мысырдың жетекшілігімен ашық түрде сионистік режиммен қатынастарын қалпына келтіріп, саяси әріптестік жасай бастады. Сионистік режимнің Байланыс министрі Аюб Кара: «Ливиядағы еврейлердің өз елдерін қалпына келтіруге және оның саяси істеріне атсалысатын кез келді. Осы мақсатта өзара қатынастарды кеңейту үшін яһудилік дінбасылары мен Израиль қайраткерлерінің Сарадж кабинетіндегі Ливияның басшылары және генерал Хафтармен жиі байланысып  отыр» деді. Хафтар Тель-Авив пен Вашингтонның стратегиялық қарым-қатынастарын ескере отырып, өзінің ықпалы мен күшін арттыру мақсатында Израильге жақындасудың маңыздылығын біліп отыр. Осылайша, ол өзінің күш-құдіреті мен біліктілігін америкалықтарға көрсетуді көздеуде. Бұл мақсатына жетудің ең қысқа жолы – Тель-Авив. Сондықтан Израильмен қатынас орнатуға еш қарсылық білдірмей отыр. Осылайша халықаралық байданыстарға ықпал ете отырып, халықаралық қауымдастық тарапынан Ливияның президенті немесе қарулы күштерінің бас қолбасшысы ретінде танылуға үміті бар. Халифа Хафтар 2014 жылдың қараша айының отызы күнгі бір сұхбатында Израильден көмек алуға әзірлігі туралы сұраққа жауабында ашық түрде «Әрине, дұшпанымның дұшпаны – менің досым» деген болатын. Қазір сионистік режим кез келген тәсілмен Ливияның сахнасына аяқ басып, бұл елдің саяси сахнасындағы байланыстарына ықпал етуге бар күшін салып жатыр. Осы жол арқылы тек Ливияда ғана емес, сондай-ақ, күллі Африка құрлығындағы ықпалын арттыра алады. Ливиялық тілші Асам әз-Зобейрдің айтуынша, Ливияда өз ықпалын сақтап қалу үшін бар тәсілді, соның ішінде, Израиль мен сионистік режимге қосылу жолын пайдаланып отырған тараптар бар. Осындай жағдайда сионистік режимнің қайраткерлері Ливия халқы мұсылман болғандықтан және Ливия  халқы арасында сионистік режимге қарсы рух байқалғандықтан, Ливияда тұрақты үкімет құрылған жағдайда Жерорта теңізі жағалауында қолдаушылары бар бұл үкіметтің Израильге қарсы шепке қосылып, сионистік режимге қауіп төндіретіндігінен сескеніп отыр.

 

 

Тегтер