Маусым 29, 2016 14:12 Asia/Almaty
  • Рамазан керуенімен 24

Уағыз айтылатын жиындарға қатысу қасиетті рамазан айының сұлулықтарының бірі болып табылады.

Уағыздар мен ақыл-кеңестерге толы Құран Кәрім Алла тарапынан адамның ішкі дерттеріне шипа сыйлап, жақсы ахлаққа үйрету үшін түсірілген. Адамдардың рухын тәрбиелеуге әсер ететін әдістердің бірі уағыз саналады. Құран  аяттарының көбінде уағыз туралы қуатталған. Құран Кәрімнің көзқарасы бойынша адам барлық ғасырларда уағыз бен ақыл-кеңесті қажет етеді. Бұл мәселеде қарт пен жастың арасында айырмашылық жоқ. Уағыз айтылатын жиындарға қатысу адамның ішкі өзгерісі үшін  мүмкіндік тудырады. Алла Тағала «Зарийат» сүресінің  55-ші аятында пайғамбарына мүміндерге ескерту жасап, ақыл-кеңес беруді бұйырады. Өйткені ескерту адам үшін пайдалы. Исламның ұлық пайғамбары өзі де іс жүзінде халықты дұрыс жолға нұсқау үшін осындай тәсілді пайдалануымен бірге мұсылмандарды да уағыз айтылатын жиындарға қатысуға жігерлендіреді. Хазірет мұсылмандарға: «Хабардар болыңдар! Данышпандардың жиыны жұмақ бақтарының бірі. Рақым мен мағрифат жаңбыр сынды жауатын сол жиынды олжалы мұрсат деп санаңдар»  деп айтқан болатын. Рамазан айындағы діни отырыстарға қатысу арқылы исламдық тағылымдармен таныстырып, пәк имамдар мен діни тұлғалардың сөздері мен уағыздарын еске салады. Керісінше оларға қатыспау адамдарды илаһи тағылымдар мен адамгершіліктен алыстатады. Бұл айда әртүрлі аймақтарда жиындарға руханилердің қатысуы хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)-ның тағылымдарын пайдалануға көмектесіп, исламдық ахкам мен діни мәліметтерді арттыруға  себеп болады. Мұсылмандардың қасиетті Құран кітабы құнды ақыл-кеңестерге толы. Уағыз жиындарымен бірге мүміндер бұл айда күн сайын Құранның кемінде бір жүзін оқуға талпынып, оның нұрлы аяттарының мағынасы туралы ойланып, Құранның ақыл-кеңестерін пайдаланады. Құранның хикаяларын оқып, дүниеқұмарлар мен залым патшалардың тағдырлары туралы ойланып,  илаһи пайғамбарлардың өмірбаянымен танысу адамның өмірі үшін үлкен сабақ болады. Құран сүрелерін күн сайын оқу жыл бойында Құранды үзбей оқуды жалғастыру үшін жағдай жасайды. Оразаның негізгі жолдауларының бірі адамның ішіп, жеуін қадағалап, бұл мәселеде шектен шығудан алыстауында. Имам Әли (ғ.с.): «Тамақтанудың мөлшерін білетін адам қандай жақсы. Өйткені бұл адамда ысырап етуден алыстатып, ғибадатты орындауға көмектеседі»,- деген болатын. Ішіп, жеуде ортаны ұстану адамның ғибадаттарды орындауы үшін күш-қуат береді. Сонымен бірге ашқарақтықтың салдарынан туындайтын әлсіздік пен жүректің қатігездігі мен ішкі болмыстың қараңғылығын жояды. Алайда одан маңыздысы – ой-пікір мен жүректі тәрбиелеу. Исламның ұлық пайғамбарының рауаяттарының бірінде «Қарынын аш ұстайтын адам өзінің ойын тәрбиелейді» деп айтылған. Адамның ой-пікірі дұрыс жолда тәрбиеленген болса, илаһи тағылымдар нұр сынды оның жүрегін нұрландырады. Ораза адамның ойлануы мен тәрбиесі үшін қажетті мұрсат.  Ораза тұтатын адам өткені мен келешегі туралы ойланып, оразаның шырағының көмегімен өзін материалдық өмірдің қатерінен алыс ұстайды. Имам Әли (ғ.с.) Алла елшісінен «Хазірет миғраж сапарында Алладан: «Уа, Алла оразаның қандай әсері бар?» деп сұрағанда Жаратушы: «Ораза хикметті, хикмет білімді көбейтеді. Білім сенімнің артуына жеткізеді. Мүмінәр жағдайда Алланың ризалығына ие болу туралы ойланады»,- деп жеткізді. Қазіргі заманның фикх, ахлақ және исламдық мистика салаларының ғұламасы аятолла Мирза Малеки Табризи өзінің әйгілі кітабында «Алла өз қонақтарын күту үшін неге  аштықты таңдады?» деген мәселені көтеріп, былай деп айтқан: «Қасиетті рамазан айында ішіп, жеуден тартыну жүректің демалуы үшін жақсы мұрсат. Өйткені тоқтық асқазанға ауыртпалық тудырып, адамның ойлану мүмкіндігін төмендетеді. Аштық пен аз тамақтану жүректің айқын болуына себеп болады. Аштық нұрды сезуге көмектеседі. Аштықтың пайдаларының бірі адамның Алланың алдында қарапайым болуына себеп болады. Өйткені күнәләрдің көбі тоқтық пен ашқарақтықтың салдарынан болады. Аштық күнәлардың азаюына себеп болады. Аштық пен аз тамақтану шаһуаттың қысымын төмендетеді. Аштықтың келесі пайдасына аз ұйықтау жатады. Өйткені көп ұйқы адамның өмірінің босқа өтуіне себеп болады. Бұл пайдалар Алланың  қонақтарын қабылдау үшін аштықты таңдағанын көрсетеді. Өйткені Жаратушыға жақындап, Онымен кездесуден жоғары нығмет жоқ. Аштық – осындай мақсаттарға жететін ең маңызды фактор». Қасиетті рамазан айының ораза күндері мен түндері өтіп жатыр. Рамазан айының үшінші онкүндігі келді. Барлығымыз бұл айдың қалған бірнеше күнін босқа өткізбей, Аллаға берген уәделерімізді есімізге алып, өткендегі барлық күнәларымыз үшін тәубе етіп, Жаратушымызға құлшылық етсек қандай жақсы. Аятолла Хаменеи қасиетті рамазан айы туралы: «Біз бұл берекеге толы сағаттар мен күндері және түндерді көбірек пайдалануды қажет етеміз. Мүмін әлемнің Жаратушысымен қарым-қатынасын нығайтып, Оның алдында қарапайымдылық білдіреді. Сонымен бірге Исламның ұлық пайғамбарының әулетімен байланысын нығайтады. Мұның барлығы  мүмін адамның Хақ жолындағы жақсы ғамалдары. Егер осы сағаттар мен берілген мұрсаттарды пайдаланбасақ, күндердің бірінде өкінетін боламыз. Сенімсіздік пен бейқамдықтың арасында  бұл мұрсаттардан айырыламыз. Әр сағатты, әр қозғалысты, әр сөзімізді есептейміз»,- деді. Күндердің бірінде екі жас адам ұстаздарының қасына келіп, одан: «Қиындыққа душар болу мен мәселені шешетін жолдың арасы  қандай?»- деп сұрағанда, ұстаз біраз ойланып: «Бір адамның қиындықтары мен одан құтылу  жолының арасы әр адам үшін оның тізесі мен жердің арасындағы қашықтыққа тең»,- деп жауап береді. Екі жас еш нәрсені түсінбей, сыртқа шығып, медресенің сыртында пікірталастырады. Біріншісі: «Менің пікірімше, ұстаз жерде отырмай, орыннан тұрып, шешім жолын табуы керек деп айтқысы келді, яғни бір жерде отырып, тізені құшақтау, ешқандай мәселені шешпейді»,- деді. Екіншісі де ойланып: «Алайда білімділердің ақыл-кеңестерінің көбі тереңірек мағынаға ие. Сенің айтып отырғаның мыңдаған жылдар бойы айтылған барша оны білетін нәрсе. Ұстаздың сөзінің басқа мағынасы бар»,- дейді. Екеуі ұстазға қайтып келіп, сөздерінің мағынасын оның өзінен сұрауға шешім қабылдайды. Ұстаз оларды көріп, күлімсіреп: «Бір адам қиындыққа кезіккен кезде біріншіден, өзін басты нүктеге жеткізуі керек. Адам әлемнің Жаратушысының алдында тізесін бүгеді. Адам сенімділік пен тақуалықсыз қиындықтарды шеше алмайды»,- дейді. 

Тегтер