Хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.) – жетекшіліктің жарқын нұры 5
Әрине, Аллаға иман келтірген адамдар ешбір күмәнсіз пайғамбарлардың ресалаты мен уаһиге иман келтіреді. Олар Алла Тағала пайғамбарларды илаһи уаһидың хабарларын адамзат қоғамына жеткізу үшін таңдады деп сенеді.
Қоғамға өзгеріс енгізгісі келетін әрбір басшы бұл өзгерістерді іске асыру үшін басында ойланып, оны өзінің ішкі болмысында қалыптастыруы керек. Ұлы Алла Өз елшісінің уаһи жолдауларға табандылығын көрсету үшін оған: «Мен: «Раббым тарапынан маған уахи етілгенге ғана бойсұнамын»,- деп айт деп»,- бұйырды. («Ағраф» сүресі, 203-ші аят). Адамдардың ойларында әрқашан туындайтын маңызды сұрақтардың бірі «илаһи пайғамбарлардың ресалатының мақсаты не?» деген сұрақ болды. Бұл сұраққа жауап беру үшін адамдардың материалдық және физикалық өмірінен басқа рухани өмірлерінің бар екенін еске салу қажет. Егер адам өмірінің бұл тұрғысына көбірек көңіл бөлетін болса, қоғамда қауіпсіздік, достық, әділет және бейбітшілік орнатылады. Исламға дейінгі надандық кезеңде бұзақылық пен қылмыстар, соғыс пен қантөгіс, надандық пен хабарсыздық, кедейшілік, шірк пен пұтқа табынушылық қоғамның барлық тұрғыларынан анық байқалды. Адамгершілік пен рухани өмірден ешбір белгі болмады. Исламның ұлық пайғамбары мұндай кеңістікте қоғамның ахлақи және рухани өмірін жандандырып, көзқарастарды өзгертіп, қоғамға күрделі өзгерістер енгізіп, материалдық өмірге шырмалғандарды құтқарып, олардың жансыз денелерінде рухани өмірдің рухын жандандырды. Құран Кәрім бұл тұрғысында: «Әй, мүміндер! Сендерді өздеріңе тіршілік беретін нәрсеге (дінге) шақырған кезде Алланың әрі елшісінің тілін алыңдар», - деген. Исламның ұлық пайғамбарының қоғамның өмірін жандандыру саласында іске асырған келесі маңызды қадамы – адамдардың рухани дүниелерін тазартуы болды. Өйткені адамдардың рухы шірк пен кәпірліктен тазарып, болмыстарынан ластықтар мен ахлақи бұрмаланушылықтар кеткен кезде дамуы үшін жағдай туады. Исламдық мәдениетте мұндай өзгеріс тазару деп аталады. Бірақ бұл өзгеріс жалғасу үшін адамдар хикметті терең түсініп, адамның ахлақи және адамгершілік жоғары құндылықтарынан хабардар болып, солардан ауытқымауы керек. Құран Кәрім «Әл-Имран» сүресінің 164-ші аятында: «Расында, Алла Тағала мүміндерге қамқорлық етіп, олардың ішіне өздерінен, оларға Алла аятын оқитын, оларды тазартатын және оларға кітап, хикмет үйрететін елші жіберді. Өйткені, олар бұрын ашық адасуда еді», - деді. Алла елшісі оның илаһи бұйрыққа сайланған жолының бұрынғы пайғамбарлардың жолы, мақсатының дәл сол пайғамбарлардың мақсаты екенін көрсету үшін олардың міндеттері мен илаһи кітаптарына тоқталып, өз жақтастарынан бұрынғы пайғамбарлар мен олар үшін жіберілген кітаптарға иман келтіруді және оларды алаламауды сұрайды. Шын мәнінде бұл мәселе мұсылмандардың ешбір кемсітушіліксіз хазірет Ибрахим, хазірет Мұса және хазірет Исаның илаһи діндері мен олардың қасиетті кітаптарына иман келтіретін арнайы ерекшеліктеріне жатады. Таурат пен Інжілге өзгерістердің енгізілгені туралы нақты сындар болғанымен пайғамбарлардың қасиетті болмыстарына тіл тигізілмеген. Мұсылмандар тарих бойында Құран мен исламның ұлық пайғамбарының қасиетті болмысына тіл тигізушіліктермен бетпе-бет келді. Айта кететін жайт, Ұлы Алла алдын ала өткен пайғамбарлар және олардың үмбеттерінен Исламның ұлық пайғамбары өз міндетін бастаған кезде оған иман келтіріп, ол хазіретті қолдау туралы уәде алғаны және олардың қабылдап, куәлік еткені туралы айтады. «Сол уақытта Алла (Т.) пайғамбарлардан: «Сендерге Кітап, хикмет бердім, соңыра жандарыңдағыны растаушы пайғамбар келсе, әлбетте оған иман келтіріп, әрине оған жәрдем етесіңдер! Мойындап ауыр міндетімді қабыл алдыңдар ма?»,- дегенде, олар: «Қабыл алдық!»,- деген. (Алла): «Ендеше куә болыңдар. Мен де сендермен бірге куә болушыларданмын» деген». («Әл-Имран», 81-ші аят). Барлық діндердің жақтастары мен адамзат қоғамының сенімдері, ахлақи, жеке адам және қоғамдық міндеттемелеріне табанды болуы үшін ең үлкен әрі ең мықты кепілдік о дүниеге иман келтіру саналады. Бұл негіз пайғамбарлардың ортақ негізі болды. Егер адамдар өлген соң басқа әлемнің бар екеніне және илаһи әділеттің сотында өздерінің жасырын және анық әрекеттеріне жауап беретіндіктерін қабылдаса, ешбір күмәнсіз, олар өз ғамалдарына нақтырақ көңіл бөлетін болады. Кейбіреулер өлімді өмірдің соңы деп адасуда, шын мәнінде, өлім – дүниелік өмірдің жалғасы. Адам өліммен жойылып кетпейді, керісінше жаңа өмірін бастайды. Илаһи әділет қияметтің бар екенін дәлелдейді, өйткені бұл әлем өзінің барлық шектеулерімен қайырымды адамдарға сыйларын беріп, залымдарды жазалайтын орынды мекен бола алмайды. Дүниеде жазадан қашып кетуге болады, адам әртүрлі жолдарды, әртүрлі қарым-қатынастарын немесе жағдайын пайдаланып, әділеттің қолына түспеуі мүмкін. Бірақ қияметте барша Алланың алдында илаһи бұйрықпен адамның барлық дене мүшелері сөйлеп, адамға қарсы куә етеді. Егер адам мұндай наным-сенімге ие болса, оңайлықпен күнә жасамайды, басқалардың құқықтарын таптамайды, бірнеше күнгі өмірі үшін барлық илаһи құндылықтарға назар аудармай жүре алмайды. Осыған орай, исламның ұлық пайғамбары басқа илаһи пайғамбарлар сынды адамзат қоғамын Аллаға иман келтіруге шақырып, басқа жақтан қиямет туралы наным-сенімдермен таныстырады. Сөйтіп адамға бұл әлемде Алланы ұмытса, келесі әлемде дұрыс жолдан ауытқығаны үшін жазаланып, жақсылықтары үшін жарқыраған тыныш келешекке ие болатыны туралы ескертеді. Исламның ұлық пайғамбары қияметте туыс-тума, ұлт, ел және тағы да басқа әртүрлі қарым-қатынастардың маңызды болмайтындығына, тек өзіміздің ғамалдарымыздың ғана бізді құтқара алатындығы туралы айту үшін: «Меккені жеңіп алған соң Сафаның жотасына көтеріліп: «Уа, Хашимнің ұлдары! Уа, Абдулмүталептің ұлдары! Мен Алланың сендерге қарай жіберген елшісімін, мен сендердің жаңашырларыңмын. Мұхаммад бізден деп айтпаңдар. Алламен ант етемін, сендердің араларыңда тек тақуалар ғана менің достарым саналады. Қияметке түскен кезде басқалар ақыреті үшін қорларымен келген кезде сендер тек дүниелік жетістіктеріңнің өнімдерімен ғана қалмаңдар. Хабардар болыңдар, мен өзім мен сендердің немесе сендер мен Алланың арасындағы барлық хабарды жеткіздім, мені мен сендерді қияметте тек ғамалдарымыз ғана құтқарады»,- деді. Исламның ұлық пайғамбары өмірінің соңында түндердің бірінде үйінен сыртқа жалғыз шығып, Мединенің қабірістаны – Бақи зиратына барып, өлген адамдар үшін кешірім сұрады. Келесі күні сахабаларына: «Жебірейл жыл сайын маған Құранды бір рет оқитын, бірақ биыл екі рет оқыды. Менің ойымша, бұл менің өлімімнің жақындауына байланысты»,- деді. Келесі күні мінберге шығып: «Менің өлетін уақытым таяды. Кімге уәде берген болсам, айтыңдар, орындаймын, кімде қарызым болса, қайтарайын. Әй, халайық! Ешбір адам мен Алланың арасында жақындық немесе оған сыйланатын нәрсе немесе одан жойылатын қылмыс жоқ. Адаммен Жаратушының арасында тек адамның ғамалдары ғана бар. Сондықтан адам еш уақытта ғамалынан басқа еш нәрсенің оған пайда әкелмейтінін білуі керек. Мені пайғамбар етіп сайлаған Жаратушымен ант етемін, ғамалдары Алланың ризалығына ие болмаған адам өзін құтқара алмайды. Мен де, егер илаһи бұйрықтарға бағынбай, қарсы шықсам, жазаланамын. Уа, Алла, менің өз міндетімді орындағаныма куәлік ет»,- деді. («Ибн Аби әл-Хадидтің сараптамасы, Бейрут басылымы, 2-ші том).