Жетекшілік хадисі 85
Садақа – адамның өз мүлкінен Алланың жолында жұмсайтын нәрсесі. Исламның ұлық пайғамбары: «Әрбір жасаған жақсылық Алланың жолындағы садақа саналады»,- деген.
Садақа тек тек ақшамен шектелмейді. («Мизан әл-Хикмат», 5-ші том). Келесі бір хадисінде пайғамбар: «Әр мұсылман күн сайын садақа бергені жөн»,- дегенде хазіреттен: «Қандай адамның ондай мүмкіндігі бар?»- деп сұрағанда: «Біреуге жол көрсету де садақа саналады. Науқастың жағдайын сұрау, ол да – садақа. Жақсылыққа жігерлендіру – садақа. Адамдар жүретін жолда жатқан тас пен тікенді алып тастау да садақа. Амандасқан адамға жауап қайтару – садақа»,- деп жауап берген. («Бихар әл-Анвар», 78-ші том). Имам Садық (ғ.с.) естімейтін адамға оны ренжітіп алмай, түсіндіруді садақаның бір түрі деп атаған. Ол тағы бір хадисінде: «Алланың жақсы көретін садақасы адамдардың арасындағы бұзылған қарым-қатынасты түзетіп, бір-бірінен алыстаған адамдарды жақындату»,- деп айтқан болатын. («Усул әл-Кафи», 2-ші том). Садақаның ең танымал әрі кеңінен таралған түрі қаржылай беру болып табылады. Садақа адамның берекесі мен мүлкінің артуына себеп болады. Құран Кәрімнің «Бақаре» сүресінің 261-ші аятынан: «Алла жолында мал сарп қылғандардың мысалы: әр сабағында жүз түйір өскен жеті сабақты ұрық тәрізді. Әрі Алла кімге қаласа, неше есе арттыра береді. Алла (Т.) тым кең, әр нәрсені білуші»,- деп оқимыз. Осыған орай исламның ұлық пайғамбары: «Садақаның арқасында өздеріңе ырзық әкеліңдер»,- деген. Имам Садық (ғ.с.) да бұл туралы: «Садақа беру қарыз беріп, орнына берекеге ие болу»,- деп айтқан. («Бихар әл-Анвар», 78-ші том). Алла Тағала «Тәубе» сүресінің 104-ші аятында: «Олар құлдарының тәубесін қабыл етіп, садақаларын қабылдайтын Алла ғана екенін білмей ме? Шынында ол Алла – тәубені қабыл етуші, ерекше мейірімді»,- деп айтады. Имам Садық (ғ.с.) бұл аят пен садақаның негізгі алушысының Алла екеніне тоқталып: «Алла Тағала «Мен міндеттемесем, еш нәрсе болмайды. Садақаны өз қолыммен аламын. Тіпті бір құрма немесе оның жартысын садақа ретінде берген адамды тәрбиелеймін. Қиямет күні сол бір немесе жарты құрма Ахад немесе одан биіктеу таудай куәлік етеді»,- деген»,- деп айтқан болатын. («Бихар әл-Анвар», 96-шы том). Имам Садық (ғ.с.) сонымен бірге: «Әкем (имам Бақер) Саелге бір нәрсені сыйлап, содан соң оны қайтып алып, сүйіп, оған қайтып беретін. Бұл іс-қимыл садақа Саелдің қолына түсердн бұрын Алланың қолына түссін деп жасалатын. Әкем: «Алланың қолына жеткен нәрсені алуды жақсы көремін»,- деген»,- деп айтқан болатын. Садақа бақытсыздық пен күтпеген оқиғаларға кедергі болады. Исламның ұлық пайғамбары: «Садақа – ең әсерлі дәрі-дәрмек. Ол кеңістікті өз әтіріне бөлейді. Дерт пен ауруды дұға және садақадан басқа еш нәрсе емдемейді»,- деген. («Бихар әл-Анвар», 93-ші том). Мааз бен Мүсілім деген адам: «Мен имам Садықтың қасында болған кезде ауру мен науқас туралы әңгіме қозғалды. Имам: «Науқас адамдарды садақа беріп, емдеңдер. Әрбіреуің бір кісілік мөлшердегі тамақты садақаға берсеңдер қандай жақсы болады» деген»,- деп есіне алатын. Исламдық тағылымдарда айтылғандай кейбір факторлар мұсылманның өміріне әсер етіп, өмірін ұзартады. Садақа беру осындай факторлардың бірі. Рауаяттар бойынша берілген садақа өмірді ұзартады. Алла елшісі: «Садақа мен жақындар арасындағы қарым-қатынас қалаларды абадтандырып, өмірді ұзартады»,- деген. Садақа – ақыреттің ең жақсы қоры. Имам Әли (ғ.с.) перзенті имам Хасан (ғ.с.)-ға: «Ақыретке қажет қор және келешекте саған көмектесетін мұқтаж адамды көрсең, оны бағалай біл, оған көмектес. Кейін ол саған көмектеседі. Сен мұқтаж емес кезде сенен қарыз алып, сен қажет еткен кезде өзіңе қайтаратын адамды құрметте, оны байлық сана»,- деген.