Иран ертегілері мен аңыздары (117)
Мари Лахи Холбектің (Marie Lahy Hollbecque) пікірінше, «Мың бір түн» – әлем әдебиетінің ең үлкен туындысы, ол ауқымдылық пен алуандық тұрғысынан үндінің «Рамаянасынан» басым түседі, бұлыңғырлық тұрғысынан скандинавиялық «Эддадан» ғажайыбырақ, лирика жағынан Гомердің «Иллиадасынан» тартымдырақ, ақлақтық құндылықтар тұрғысынан Эпиктеттің «Тағдыр» (Дестини) кітабынан бағалырақ.
Бірақ тәпсіршілер оны күтушілер балаларға айтатын ертегілер дәрежесіндегі түрлі түсті алданыш құралына дейін төмендетіп жіберді. Ал кітапқа ден қойып оқу арқылы басқа түсінікке жетуге болады. Кітапты терең үңіліп оқу алыс ойларға жетелейді».
«Мың бір түн» кітабында көтерілген тақырыптардың саны мен маңыздылығы бұл кітапқа энциклопедиялық сипат берді. Бұл ертегілерде Шахризада өз заманындағы барлық таным-түсініктерді баяндап берген. «Мың бір түн» адам өмірінің барлық кезеңдерін қамтиды. «Мың бір түн» ертегілер жиынтығы бағзы заманда болған оқиғалар, сол замандағы жағдайлар мен шахтардың тұрмыс салты, халықтың әдет-ғұрыптары, ұлылардың көркем туындылары, халықтың тұрпайы әңгімелері, ойшылдардың шексіз қиялдары мен саудагерлердің бос қам-қайғыларынан тұрады.
«Мың бір түн» ертегілері оқырманды әртүрлі орталар мен кеңістіктерге апарып, әртүрлі ұлттар және ұлыстармен таныстырады. Олардың әрқайсысының әралуан көзтартарлық ерекшеліктері бар. Бұл ертегілер әртүрлі ойлардың қосындысы болып табылады. Бір жағынан бұл ертегілер қарапайым халықтың соқыр сенімінен туындаған жеңіл ойларды баяндайды. Бұл ойлар жоғары ой деңгейіне жетпей, оның бастапқы кезеңінде қалып қойған. Басқа жағынан мистиктердің терең ойлары мен философтардың қисын дәлелдерін қамтиды. «Мың бір түн» ертегілерінде көше мен базардағы қарапайым халықтың әзіл-қалжыңдары лирикалық оқиғалармен қатар, пайдакүнемдік жомарттықпен қатар, пасық әрекеттер батыл істермен қатар баяндалған. «Мың бір түн» әралуан ертегілерімен адамзат өркениетінің жалпы жағдайынан басқа ештеңе айтпайды. Мари Лахи Холбектің айтуынша, «Мың бір түн» – әлемнің айнасы».
Кітаптың негізгі мақсаты – оқырманның көңілін аудару, оған әртүрлі тәсілмен тәлім беру және әртүрлі оқиғаларды баяндау. Бұл мақсат кітаптың соңында жақсы көрсетіледі. Шахрияр мың бірінші түн аяқталғаннан кейін өзі үйренген тәсілмен оны өзінің бауырына үйретуге бел байлайды. Ол бауырына айтып беру үшін Шахризададан естіп, үйренген ақыл-кеңестер, жақсы сөздер, ертегілер, мысалдар, жанға жайлы әрі таңғажайып әңгімелер, өлеңдер мен нақыл сөздердің топтамасын жасауға бұйрық береді.
Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Абу Қир мен Абу Сир» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, Александрия қаласында Абу Қир есімді бояушы мен Абу Сир есімді шаштараз бір-бірімен дос болыпты. Абу Қир өтірікші, суайт адам болған екен. Ал Абу Сир шыншыл әрі дұрыс жұмыс істейтін адам болыпты. Бұл екеуі жұмыстары тоқырауға ұшырағандықтан басқа қалаға барады. Сапар барысында Абу Қир тамақ ішіп алып, ұйықтай береді, ал Абу Сир тынбай жұмыс істейді. Абу Сир көп жұмыс істегендіктен ауырып қалады. Ал суайт Абу Қир науқас досын тастап кетіп, жұмыс іздеуге шығады. Әлгі қалада бояушылар қара түстен басқа түс білмейтіндіктен патшаның көмегімен жақсы кәсіп ашады. Қысқасы, Абу Қир осы арқылы байып кетіп, оның мата бояу дүкені «Патшаның бояуханасы» деп танылады. Абу Сир досы Абу Қир науқас күйінде қалдырып кеткеннен кейін керуен сарайдың күзетшісінің көмегімен денсаулығын қалпына келтіреді. Бір күні жұмыс іздеп сыртқа шыққанда Абу Қир мен оның дүкенін көреді. Дүкенге кіргенде Абу Қир Абу Сирге айғай салып: «Ей, арсыз ұрлықшы, менің дүкеніме тағы да келдің бе?»-дейді. Содан соң өзінің нөкерлеріне оны дүкеннен қуып шығуға бұйрық береді. Абу Сир жаралы жүрек пен зақымданған денесімен керуен сарайға қайтып оралады. Бірнеше күннен кейін моншаға барғысы келеді, сонда бұл қалада моншаның жоғын ұғады. Басына бір ой келіп, патшаның сарайына барып, патшамен кездесуге рұқсат сұрайды. Оны патшаның алдына апарады. Абу Сир : «Ей, патша, мен жатжұрттықпын. Бұл қалаға келгеніме көп болған жоқ. Бүгін моншаға барайын дегенімде бұл қалада моншаның жоғын түсіндім. Қатты таң қалдым. Осындай әдемі қалада моншаның жоғына өкіндім»,-дейді. Патша: «Монша деген не?»-деп таңдана сұрайды. Абу Сир патшаға моншаның қандай жер екенін, қандай мақсатта қолданылатынын айтып береді. Содан соң: «Сіздің әдемі қалаңыз моншасыз толық емес, егер рұқсат етсеңіз, мен бұл қалада әдемі монша саламын, сонда қала халқы осы дүниенің үлкен нығметіне бөленеді»,-дейді. Патша келіседі. Ол Абу Сирге әдемі киім, алтын әбзелді ат, нөкер мен үлкен үй сыйлайды. Содан соң қаланың сәулетшілерін шақырып, олардан Абу Сирмен бірге барып, қаладағы ғимараттарды аралап, оған қажетті ғимаратты тауып, сатып алып, сол жерде монша салуға бұйрық береді. Абу Сир сәулетшілермен бірге қаланы аралап, монша салатын жерді таңдайды. Сол жерді сатып алып, үлкен де әдемі монша тұрғызады. Абу Сирдің бұйрығымен қаланың суретшілері жиналып, моншаның есігі мен қабырғасына әдемі суреттер салады. Бұдан кейін Абу Сир патшаға барып, моншаның ғимараты дайын болды деп хабар береді. Патша оған моншаға қажетті заттар сатып алу үшін 10 мың ділдә береді. Абу Сир қажетті заттарды алып, моншаға апарады. Моншаның пешін ыстық суға, хауызын суық суға толтырады. Хауыздардың субұрқағын да іске қосады. Содан соң патшаға моншада жұмыс істеуге 10 жұмысшы қажет екенін айтады. Патша оған 10 нөкер жібереді. Абу Сир нөкерлерге арқаны ысуды үйретеді. Содан соң бірнеше адамды қала ішінде айналып, халыққа моншаның дайын екенін, жуыну үшін сонда келе алатындықтарын хабарлауды тапсырады. Халық хабардар болып, топ-топ болып моншаға келеді. Абу Сир моншаның қызметшілеріне келгендерді жуындыруға бұйырады. Үш күнге дейін халыққа моншаны тегін пайдалануға рұқсат етілді. Олар моншаға келіп, тегін жуынып кетіп отырады. Төртінші күні Абу Сир патшаны моншаға шақырады. Патша мемлекет қайраткерлерінің бір тобымен атқа мініп, моншаға келеді. Абу Сирдің өзі беліне орамал байлап, моншаға кіріп, патшаның денесін жуады. Содан соң ыстық суға гүлдің суын құйып, патшадан ыстық суға шомылуын өтінеді. Патша хош иіс аңқыған таза денемен моншадан шығады. Абу Сирдің бұйрығымен оған шәрбәт пен тәтті дәм әкелінеді. Өзінің тазарғанына қуанған патша Абу Сирге: «Ей, ұстаз, Алла атымен ант етейін, менің қалам мына моншасыз толық болмапты. Әр адамнан қанша ақы аласың?»-дейді. Абу Сир : «Сіз қанша ал деп бұйрық берсеңіз, сонша алайын»,-дейді. Патша ойланып тұрып: «Әр адамнан 1000 ділдә ал»,-дейді. Абу Сир : «Барлық адам мұнша ақша төлей алмайды. Адамдардың төлеу қабілеті бірдей емес. Біреу – кедей, біреу – бай. Егер барлығынан бірдей ақы алатын болсақ, монша жұмыс істемей қалады»,-дейді. Патша: «Өзің қалай ойлайсың?»-дейді. Абу Сир: «Әр адамнан қанша бере алады, сонша алайын»,-дейді. Патша өзінің жанындағыларға қарап: «Мына адамның сөзі ақылға қонымды. Бірақ ол жат жерден келген, сондықтан көмек қажет етеді, әрқайсың оған 100 ділдә мен екі нөкер беріңдер»,-дейді. Патшаның маңындағылар мойынұсынып, әрқайсысы Абу Сирге 100 ділдә мен екі нөкер береді. Олардың саны 400 адам еді, сондықтан Абу Сирге 40 мың ділдә мен 800 нөкер бұйырады. Патшаның өзі оған 10 000 ділдә мен 20 нөкер береді. Абу Сир патшаға қарап: «Сіз бен жаныңыздағылардың бәріне рахмет, бірақ мен мұнша нөкерді қайда сыйғызып, қалайша тамақ-киімін қамтамасыз етемін. Нөкерлердің орнына маған ақша берсеңіз жақсы болар еді»,-дейді. Патша ойланып тұрып: «Дұрыс айтасың, мұнша нөкерге бір әскердің көлемінде қаражат керек. Сен барлық тапқан табысыңды осыларды сақтауға жұмсауың керек болады. Сондықтан мен әрбір нөкерді 100 ділдәға сатып аламын»,-дейді. Осылайша, патша нөкерлерді Абу Сирден сатып алып, оларды өз иелеріне қайтарады. Абу Сир алған ділдәларын үйіне апарып, сол түні алаңсыз ұйықтайды. Ертеңгі күні таңертең Абу Сир жаршыларға қаланы аралап «Моншаға түскісі келетін әрбір адам қанша бере алады, сонша төлей алады» деп жар салуды тапсырады. Содан соң моншаның есігін ашып, адамдардың келуін күтеді. («Мың бір түн» кітабынан қысқартылып алынған)