Ақп 21, 2016 19:11 Asia/Almaty

Набоватты қабылдау деген илаһи пайғамбарлардың құқықтары мен олардың адамдарды илаһи кемелдікке қарай нұсқайтын жолы мен мақсаттарына иман келтіру.

Бұл исламдық негіз бойынша, хазірет Мұхаммад – (с.ғ.с.) Алланың ең соңғы әрі ең жақсы елшісі. Ол ең кемел әрі ең толық илаһи дінді адамзатқа жеткізді. Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи Құран Кәрімнің аяттарына сүйеніп: «Алла Тағала пайғамбарлар мен адамзатты дұрыс жолға нұсқайтын басқа тұлғалар мен адамзат  ұрпағына жетекшілік міндеті жүктелген тұлғалардың ерекшеліктері туралы: «Олар имамдар және дұрыс жолға нұсқаушылар. Оларға Алла тарапынан жақсылық пен қайрымдылық жасау, намаз оқып, зекет төлеу бұйырылған. Олар  Алланың пенделері. Олар өз ғамалдарымен адамзатқа құлшылық етудің жолын үйретті»,- деді. Мұсылмандар исламдық хадистерге сүйеніп, А.. тарапынан 124 000 пайғамбар жіберіліп, олар әртүрлі кезеңдерде  адамзатты дұрыс жолға нұсқап, кемелдікке қарай тәрбиеледі деп санайды.  Бұл әйгілі тұлғалар илаһи хабарды уәһи арқылы алып, адамзатты құтқаратын тағылымдарға сай, ең жақсы түрде ғамал еткен. Құран Кәрім бізге кейбір пайғамбарлардың сахифелері, яғни кітаптары болғаны туралы хабарлады. Рауаяттарда да хазірет Шейс, хазірет Ыдыры, хазірет Нұх, хазірет Ибрахимге жазбалардың жіберілгені туралы айтылған. Сондай-ақ, хазірет Дәуітке – Забур, хазірет Мұсаға – Тәурат, хазірет Исаға – Інжіл, ал хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)-ға Құран сынды қасиетті кітаптар жіберілген. Исламдық рауаяттар бойынша, пайғамбарлардың көбі тәуелсіз кітаптарға ие болмаған, тек шариғат арқылы басқа пайғамбарларды таныстырған. Аятолла Хаменеи набоваттың маңыздылығы туралы: «Набоват мәселесі ерекше маңыздылыққа ие. Барлық пайғамбарлар Алланың адамның бойында жаратқан барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, әділет негіздеріне сүйеніп, таухидтік әлем құру үшін келген»,- деп қуаттады. Алайда олардың арасында бес илаһи пайғамбар басқалардан жоғары және ерекше орынға ие болды. Сол бес пайғамбар баршаны дінге шақырып, шариғат пен илаһи кітапқа ие болды. Хазірет Нұх, хазірет Ибрахим, хазірет Мұса, хазірет Иса және Исламның ұлық пайғамбары хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)  басқа пайғамбарлардан жоғары саналады. Олар өз заманында адамдарды дұрыс жолға нұсқау жолында  ең көп қиындықтармен бетпе-бет келіп, соларға төзімділік танытқан. Бірақ исламның ұлық пайғамбары «Ешбір пайғамбар мен көрген қорлықты көрмеді» деген болатын. Барлық илаһи пайғамбарлар ортақ мақсатты көздеді. Соңында хазірет Мұхаммад-Мұстафа (с.ғ.с.) Алланың ең соңғы илаһи елшісі ретінде пайғамбарлық міндетті орындауға сайланып, адамзатқа ең соңғы әрі ең кемел жол нұсқаушы кітап – Құран Кәрімді ұсынды. Алла Тағала  Құранда діннің маңыздылығы және оның пайғамбарлар арқылы жекізілуіне тоқталып, ең соңғы әрі ең кемел илаһи діннің елшісіне: «...Дінді мықты орындаңдар да дінде бөлінбеңдер»,- деп айтқан. («Шура», 13-ші аят). Уәһиді жеткізушілер – тарихтағы ең үлкен тәлімгерлер. Аятолла Хаменеи бұл туралы: «Адамзаттың үлкен қоғамы дені сау, біртұтас жанұя сынды кемелдік жолынан өтіп, бұл әлемнің жақсылықтарынан пайдаланатын мүмкіндікке ие болуы үшін адамдарға тәлім-тәрбие беріліп, олар тазаруы керек. Барлық пайғамбарлардың мақсаты осы болды. Пайғамбарлық міндетті атқаруға сайланған әр пайғамбар  заманының мүмкіндігіне қарай тәлім-тәрбие мәселесімен айналысып, оны алға жылжытқан»,- деп айтқан болатын. Әрине әр пайғамбар үлкен мақсатқа жету үшін сайланған. Олар әртүрлі «құдайларға» табынған ырымшыл адамдар өмір сүрген кезеңдерде қоғамның бұзақылығын жойып, жарқырап шығып, бір Аллаға табыну мен әділет және мейірімділікті қолдап, бұзақылық пен зұлымдықтан алыстау қажет деген дауысты жеткізді. Пайғамбарлар адамдарға Жаратушы сыйлаған мүмкіндіктер мен дарындарын  пайдаланып, өздері мен қоғамды кемелдік пен дамуға жеткізуі үшін үні өшкен болмыстарды оятып, әділет орнатып, біртұтас қоғам құруды мақсат етті.   Иран Ислам революциясының қазіргі жетекшісі Құран «Бақаре» сүресінің 129-шы аяты мен «Але Имран» сүресінің 164-ші аяттары және тағы да басқа аяттарға назар аударып: «Пайғамбар халыққа тәлім-тәрбие беріп, тазарту үшін жіберілген»,- деген. Аятолла Хаменеи қуаттағандай, уәһидің соңғы елшісі, яғни хазірет Мұхаммад Мұстафа (с.ғ.с.) хабар жеткізу және ескерту жасау міндетіне ие болып, адамзатқа жол ашып, жаңа көкжиекті көрсетті. Алайда пайғамбар мәңгілік емес, ал адамзат қоғамы барлық кезеңдерде сенімді жол нұсқаушыны қажет етеді. Ислам революциясының жетекшісі бұл маңызды мәселені: «Ислам  мұндай жол нұсқаушы туралы ойлап, пайғамбар ұрпағынан шыққан пәк азаматтарды бірінен соң  бірі келіп, замана істерін өз қолдарына алып, қоғамға Құран тағылымдарын үйретіп, бірнеше ғасыр жол көрсетіп, исламдық қоғамда исламның негіздерін қалыптастыру ісіне атсалысуға міндеттеді. Содан кейін де халықтың арасында Алланың дәлелі болады. Өйткені адамзат олар болмаса көтерілмейді»,- деп түсіндірді. Осыған орай діннің келесі негізі, яғни имамат мәселесінің маңыздылығы анықталады. Аятолла Хаменеи бұл маңызды мәселе туралы: «Имамат – адамның осалдықтары, шаһуаты және артық талап етуінің ықпалына түсетін қоғамның әртүрлі биліктерінен өзгеше үкімет. Ислам адамзатқа имаматтың түрі мен нұсқасын ұсынды. Яғни, бір адам  илаһи нұрға толы жүрегімен дінді жақсы танып, дұрыс жолды ажыратып, өзінің жаны, қалауы мен жеке өмірін маңызды санамады. Бірақ басқа адамдардың жаны, өмірі мен бақыты ол үшін өте маңызды болды. Имам Әли (ғ.с.)-ның бес жылға  да жетпейтін қысқа мерзімді билігі адамзат үшін еш уақытта ұмытылмайтын үлгі саналады. Ол ғасырлар бойы жарқырап, мәңгі қалады»,- деп  қуаттады. «Ниса» сүресінің 59-шы аятынан: «Әй, мүміндер. Аллаға бойсұнып, Пайғамбарға әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне бой ұсыныңдар»,- деп оқимыз. Алла Тағала бұл аятта Алла елшісі мен оның пәк ұрпағына бағыну туралы айтқан. Мұсылмандар пайғамбармен қатар оларға да бағынуға  міндетті.  Соңғы қасиетті дін, яғни Ислам діні оған дейінгі барлық пайғамбарлардың тағылымдарын кемелдікке жеткізіп,  адамзатқа ең кемел құндылықтар мен түсініктерді ұсынды. Бұл діннің негізі тағылымы қасиетті Құранға сүйенеді. Алланың елшісі мен хазіреттің ұрпағынан шыққан имамдарды қабылдайды және осы жол арқылы баршаның алдында кемелдік пен шындықтың жолын ашады.