Там 12, 2016 15:02 Asia/Almaty
  •  Ұлы тұлғаның алдында 37

«Менің расында күшім жетпейді... ол хазіреттің жоғары дәрежесі туралы тілім, жүрегім мен ойым сөз айтуға қауқарсыз. Бұл адам, бұл жас қыз, осындай ерекшеліктер, осыншама айбындылық... Алла елшісі оның риза болуын өзінің ризашылығы, өзінің ризалығын Алланың ризалығы, сондай-ақ, оның ашуы мен ызасын өзінің ашуы, өзінің ашуын Алланың ашуы деп атады..."

Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)-ның жоғары дәрежесі туралы: «Менің расында күшім жетпейді... ол хазіреттің жоғары дәрежесі туралы тілім, жүрегім мен ойым сөз айтуға қауқарсыз. Бұл адам, бұл жас қыз, осындай ерекшеліктер, осыншама айбындылық... Алла елшісі оның риза болуын өзінің ризашылығы, өзінің ризалығын Алланың ризалығы, сондай-ақ, оның ашуы мен ызасын өзінің ашуы, өзінің ашуын Алланың ашуы деп атады. Мұның барлығы – хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)-ның дәрежесі. Оның имам Әли (ғ.с.)-мен өмір сүруі, перзенттеріне берген тәрбиесі ... Ия, мұндай тұлға туралы біз сынды адамдар сөз айта аламыз ба?»- деді. Иран Ислам революциясының қазіргі таңдағы жетекшісі хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)-ның ақ ниетті ғибаддаттары мен құлшылығына қатысты Хасан Басридің сөзін еске салды. Ол: «Ислам әлемінің сопыларының бірі Хасан Басри хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) туралы: «Пайғамбардың қызының көп ғибадат жасайтындығы соншама, тіпті аяқтары ісіп кеткенше михрабта тұратын»,- деп айтқан»,- деді. Рауаяттарда хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)-ның үй жұмыстарын жасаған кезде Алланың аттарын атып, Құран аяттарын оқып жүргені туралы айтылған. Ол мұқтаждардың қолын құр қайтармайтын. Пайғамбар  мұқтаж қарт адамға: «Керегіңді солардан сұра»,- деп имам Әли (ғ.с.)-ның үйіне жіберген күні хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) перзенттері Хасан мен Хусейн үстінде ұйықтайтын теріні одан басқа еш нәрсесі болмағандықтан қарт адамға беріп: «Мынаны апарып, сатып, ақшасын пайдалан»,- дейді.  Имам Хасан (ғ.с.) анасының басқаларға мейірімді болуы туралы: «Анам түн баласы ұйықтамай, таң атқанша ғибадат жасап, дұға оқып, халық үшін, ислам дүниесі үшін дұға тілейтін. Таң атқан кезде: «Анашым! Басқаларға дұға тілегендей, өзіңізге де неге дұға тілемейсіз?»- деп сұрадым. Анам: «Балам, ең бірінші басқалар үшін дұға жас, содан соң өзің үшін»,- деп жауап  берді»,- деп есіне алатын. Бұл жоғары рухты көрсетеді. Бұл – адамды Аллаға жақындататын үлгінің өзі. Имам Садық (ғ.с.): «Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) «Мұхадесе» болды»,- деген. Аятолла Хаменеи  бұл рауаятты түсіндіріп, басқа да рауаяттар растаған хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)-ның болмысының таңғалдыратын  тұрғыларына тоқталды. Ислам революциясының жетекшісі: «Мұхадесе, яғни оның қасына періштелердің түсіп, онымен сырласып, сөйлескенін білдіреді. «Мұхадесе» болды деп тек шиіттер ғана санамайды. Шиіттер мен сүнниттердің пікірінше, Исламның бастапқы кезінде періштелер олармен сөйлесе алатын адамдар болған. Біздің рауаяттарымыздағы мұндай адамның мысалы хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) болып табылады» деді. Аятолла Хаменеи сөзінің жалғасында илаһи періштелермен сөйлескен хазірет Мәриямға тоқталып, «Құран Кәрімнің «Әл-Имран» сүресінің 42-ші аятында хазірет Мәриямға  періштелер: «Әй, Мәриям! Шәксіз, Алла сені таңдады, тазартты және әлемдегі әйелдерден ардақты қылды» деп айтқан сөзін хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)-ға да айтып: «Уа, Фатима! Алла сені таңдап, пәк сақтап, сені әлемнің әйелдерінің ең жақсысы етті», - деген. Имам Садық (ғ.с.) өзінің рауаятында: «Түндердің бірңнде періштелер хазіретпен сөйлесіп, оған осы сөздерді айтқан кезде хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) періштелерге: «Мәриям Алла тарапынан  әлем әйелдерінің ең жақсысы болып таңдалған әйелдің өзі емес пе?» деп сұрағанда періштелер: «Мәриям  өз кезеңінің әйелдерінің ең жақсысы болып таңдалды, ал сіз жаратылған әлемнің басынан соңына дейінгі барлық кезеңдердің ең артық бануы болып сайландыңыз»,- деп жауап берген. Діни жетекші бұл туралы: «Бұл қандай жоғары дәреже! Біз сынды қарапайым адам  бұл айбындылықты түсіне алмайды, тіпті ақылымызға да сыймайды»,- деді. Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) еш уақытта  дүние туралы ойлап, дүниенің мүлкіне көзін тікпеген. Ол имам Әли (ғ.с.)-мен тұрмыс құрып, қарапайым, қолда бар заттарымен кедей адамдар сынды өмір сүрген. Ол Алла елшісінің қызы және имам Әли (ғ.с.)-ның әйелі болғанымен еш уақытта  өзін басқалардан артық санамаған.  Ол әрқашан мұсылмандардың, әсіресе мұқтаждардың мәселелерін шешуге талпынды. Аятолла Хаменеи хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) туралы: «Мұсылмандар жеңіске жетіп, соғыстан түскен олжаларын бөлген  кезде  пайғамбардың қызы басқа жас қыздар мен әйелдер сынды  дүниенің ләззаттарына қызықпайтын. Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)-ның абыройы Аллаға құлшылық етуі болды. Осыған орай ол хазіретті ғамалды орындаудағы ең риясыз пенде деп атаған»,- деді. Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) өзінің жүрегін тазартып, иманның жоғары дәрежесіне жетті. Мұндай иманның нәтижесінде адам материалдық тәуелділіктерден босап, Ұлы Аллаға бағынышты болады. Мұндай адамның ең жақсы үлгісі пайғамбардың қызы болды. Аятолла Хаменеи адамның іс жүзінде Аллаға құлшылық ету талпынысының оны адамгершілік пен рухани жоғары дәрежеге жеткізетінін қуаттап, бұл туралы: «Хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.) – адам, әйел, жас әйел, бірақ  рухани тұрғыдан үлкен ақиқат, илаһи жарқыраған нұр, адал пенде және таңдаулы ерекше адам. Алла елшісі ол туралы имам Әли (ғ.с.)-ге: «Қиямет күнінде  имам Әли мүмін ерлерге, Фатима-Заһра  мүмін әйелдерге илаһи жәннәтқа жол нұсқайды. Ол имам Әлидің әділеті мен серігі»,- деген. Ислам революциясының жетекшісі соңында әйел туралы Батыстың қате қисындарын теріске шығарып: «Тарих бойында, яғни ертедегі жәһілдік пен 20-шы ғасырдың надандығында әйелді кемсітіп, оны тек сыртқы әшекей, мода мен киім, алтын және өмірлерін тек көңілді өткізу туралы ойлайтын адамдардай таныстыратындардың қисыны хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)-ның рухани дәрежесінің ыстығынан қар мен мұз сынды еріп, жойылады. Ислам діні  хазірет Фатима-Заһра (ғ.с.)-ды әйелдің үлгісі ретінде  таныстырады. Исламның ұлық пайғамбарының ардақты қызының сыртқы тұрмысы, жиһады мен күресі, білімі мен шешендігі, жанкештілігі, жұбайлық және аналық міндетін орындауы, қоныс аударуы мен барлық саяси, әскери және төңкерісшіл сахналарға қатысуы тіпті үлкен тұлғаларды оның алдында қарапайым болуға мәжбүрледі. Бұл Ислам тәрбиелегісі келетін әйелдің үлгісі»,- деді.

 

Тегтер