Там 24, 2016 15:01 Asia/Almaty
  • Иран ертегілері мен аңыздары (121)‎

Әдеби сыншылардың көбі, әсіресе қазіргі заман сыншылары Роллан Барт, Льюи Страс пен Спинозаның пайымдауынша, ертегішілер өз туындысында кейіпкерлерінің ерекше есімдерін белгілі бір дәлел мен түрткі негізінде таңдаған. Бұл дәлелдер мен түрткілерді сырттай алғанда тек ертегішілердің өздері ғана білген.

Зерттеушілер осы  дәлелдер мен түрткілерді анықтау үшін кейіпкерлерінің ерекше есімдерін әртүрлі фонетикалық, жазу қалыбы, мән-мазмұны, символикалық мәні тұрғысынан зерттеу қажет деп санаған. Роман жазушылар көбінесе ерекше есімдерді таңдауға айрықша маңыз береді, өйткені олар есімдерді адамдардың тұлғасымен байланысты деп санайды. Бальзак көше аралап, үйлердің есіктеріне жазылған аттардың арасынан өз кейіпкерлеріне сәйкес келетіндерін таңдап алып отырған. Бүгін де кейбір роман мен драма жазушылар өз кейіпкерлеріне беретін аттарды ойланып таңдайды.

«Мың бір түн» кітабындағы кейбір кейіпкерлердің ерекше аттарының сипаттамалық құндылығын талдау әртүрлі тұрғыдан маңызды. Бұл талдау әсіресе осы туындының әлемдегі орнына байланысты өте маңызды әрі қажетті саналады. Өздеріңіз білетіндей, «Мың бір түн» кітабы ирандық, үнді және араб ертегілерінің топтамасы болып табылады. Бұл топтама әлемдегі ең танымал кітаптардың қатарына жатады және әртүрлі тілдерге аударылған. Бірақ олардың аудармашылары әдетте ерекше аттардың мәні немесе тіпті дұрыс айтылуы мен жазылуына көңіл аудармаған. Соның салдарынан осы аттардың әртүрлі тарихи-мәдени мәні парсы және араб тілін білмейтін оқырмандардан жасырын қалды.

Роллан Барттың пайымдауынша, бір туындыны талдағанда аттарды нақты зерттеп, олардың әрқайсысын егжей-тегжейлі қарастыру керек, өйткені әрбір есім – құпия кілт, олардың астарлы мәні әлеуметтік және символикалық тұрғыдан өте маңызды.

Алайда бір туындыны аударғанда аттардың сипаттамалық мәні жоғалып, олар оқырмандар үшін өз мән-мазмұнынан айырылады. Тіпті, егер бір ат белгілі бір тілде айқын астарлы мағынаға ие болса, басқа тілде айтылуы ауыр сөз ғана болып қалып, ешбір мән бермейді. «Мың бір түн» құнды кітабындағы кейіпкерлерінің ерекше есімдері де осындай тағдырға душар болды. «Мың бір түн» ертегілерін шығарушылар кейіпкерлердің есімдерін олардың тағдыры, тұлғасы, мінез-құлқы мен іс-қимылына тікелей байланысты таңдаған.

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Кәззап халиф» атты ертегіні тыңдауға шақырамыз.

Түндердің бірінде Харун әр-Рашид өз уәзірі Джафар Бәрмәкиді шақырып алып: «Джафар, бүгін көңілім болмай тұр. Сарайдан шығып Бағдадтың көшелерінде қыдырғым келеді. Кел, екеуміз саудагерлердің киімін киіп, белгісіз кейіпте қалаға барып, халықтың жағдайымен танысайық»,-дейді. Уәзір: «Не бұйырсаңыз, соны орындайық, тақсыр»,-дейді. Содан соң үстеріндегі сарай киімін шешіп, оның орнына қарапайым киім киеді. Халиф Харун әр-Рашид: «Күзетшілер мен сарай маңындағылардың артымыздан шұбап жүргенін қаламаймын. Тек бір қылышшыны  ғана шақыр, жанымызда еріп жүрсін»,-дейді. Уәзір бұйрығын орындап, қылышшы Мәсрурға хабар беріп, өздерімен бірге жүрсін деп бұйырады. Осылайша үш адам сарайдан шығады. Олар Бағдад қаласынд аралап жүріп, ақыры Тигр өзеніне жетеді. Біраз уақыт өзеннің жағасында тұрған соң жағалауға жақын жерде бір қарияның қайықта отырғанын көреді. Оны шақырып: «Ей, құрметті қария, өз қайығыңмен бізді Тигрде қыдырт. Сағат 1 алтын ділдә береміз»,-дейді. Қария: «Қыдырта алмаймын. Қазір өзенде қыдыратын кез емес. Күнде кешке Харун әр-Рашид өз кемесімен Тигрде серуендейді. Ал оның жаршылары «Уа, халайық! Халиф Харун әр-Рашидтің бұйрығымен осы сағаттан кейін өзенде жүрген кез-келген адамның басы алынады немесе өлсін деп қайығының діңгегіне асып қоямыз» деп айқайлайды»,-дейді. Харун әр-Рашид пен Джафар Бәрмәки оның сөздеріне қатты таңқалып: «Ей, қария! Саған 2 ділдә береміз, бізді өзеннің ана бетіндегі мұнараға жеткіз. Харун әр-Рашидтің кемесі өткенде оны жасырын тамашалағымыз келеді»,-дейді. Қария келісіп: «Алдымен ақшаны беріңдер, содан соң үшеуің қайыққа отырыңдар»,-дейді. Олар пұлды беріп, қайыққа отырады. Қария қайықты жүргізеді. Ұзақ жүрмей жатып, олар жүздеген шырақтармен жарықтандырылған кеменің өзеннің ортасында жүзіп келе жатқанын көреді.

Қария: «Айттым ғой, халиф күнде кешке өзенге серуендеуге келеді. Құдай бізге рақым етсін, егер бізді көрсе, жанымызды алады»,-дейді. Осыны айтып, қайықты жылдамдатып, мұнараға қарай айдайды. Мұнараға жеткен кезде жылдам қайықтан түсіп, баспалдақпен мұнараның үстіне шығып, халифтің кемесінің жақындауын күтіп жасырынады.  Әлгі кеменің ұшында бір шымыр денелі адам тұр екен. Ол қолына алтыннан жасалған шырағдан ұстапты. Шырағданда хош иісті шайыр жанып, оның иісі айналаға таралып жатады. Кеменің артында да қымбат киім киген  басқа бір адам тұрған көрінеді. Оның да қолында алтын шырағдан бар екен. Кеменің ішінде жұмыстарын істеп жүрген көптеген қызметшілер мен нөкерлер көрінеді. Тура кеменің ортасына алтын тақ қойылыпты. Онда бір жас жігіт отыр екен. Оның екі жағында уәзір мен қылышшы сияқты адамдар тұр екен. Харун әр-Рашид тақта отырған адамның салтанатын көріп, уәзірге таңдана қарап: «Джафар, мына жігіт менің ұлдарымның бірі емес пе? Мен қараңғыда  оны дұрыс айыра алмай тұрмын»-деп сұрайды. Джафар Бәрмәки: «Әміршім, егер байқап қарасаңыз, оның бөгде адам екенін көресіз»,-деп жауап береді. Харун әр-Рашид: «Ғажап! Құдай біледі, ана кемеде отырған адамның шынайы халиф болып табылатын менен ештеңесі кем емес. Оның оң жағында тұрған адам саған ұқсайды. Ал сол жағында тұрғаны өзіміздің Мәсрурға ұқсайды. Шатасып қалдым. Сен айтшы, көріп тұрған дүнием шындық па?»-дейді. Джафар Бәрмәки: «Құдай ақы, мен де таң қалып тұрмын»,-дейді. Кеменің ол жерден алыстағанына дейін біраз уақыт өтеді. Содан соң қайықшы қария: «Жөнімен біткеніне шүкір. Енді қайыққа отырыңыздар, қайтайық»,-дейді. Харун әр-Рашид: «Мына қайық күнде кешке өзеннен өте ме?»-деп сұрайды. Қайықшы: «Ия, халифтің күнде кешке өзенде кемемен жүргеніне бір жыл болып қалды»,-дейді. Харун әр-Рашид: «Ей, адал қария, егер ертең кешке де бізді кемені көруге апарсаң, саған 5 ділдә беремін. Біз бұл қалада бөтенбіз. Осыған дейін осындай жақын қашықтықтан халифті көрмеген едік. Бұл біз үшін үлкен абырой»,-дейді. Қайықшы қария келіседі. Әлгілер қайыққа отырып, сарайға қайтып оралады.