Ақп 23, 2016 17:28 Asia/Almaty

Тәуекел ететін адам Алланың құдыреті, даналығы, рақымдылығы мен жанашырлығына сеніп, өзінің барлық ғамалдары мен әрекеттерін Жаратушының бақылауында деп біледі. Ол табысқа жету үшін Жаратушыдан көмек сұрайды. Сонымен бірге тәуекел ететін адамның материалдық құралдарын пайдалануымен бірге, илаһи жігерді нәтижеге жетуінің шарты деп санайтынын ескерттік.

Исламның ұлық пайғамбарының хадистерінің бірінде бір арабтың түйесінің аяғын тұсамай, оны бос жіберіп, бұл ісін Аллаға тәуекел ету деп санағаны туралы айтылған. Сол кезде пайғамбар оған: «Түйенің аяғын тұса, содан соң Аллаға тәуекел ет»,- деген. Тәуекел ету адамның ішкі тыныштығы мен жүрегінің сенімді болуына себеп болады. Тәуекел ететін адам табысқа жетумен бірге Алланың қалауы барлық жағдайға үстемдік етеді деп санайды. Мұндай адам табысқа жетпеген кезде үмітін үзбейді, абыржымайды, ал егер нәтижеге жетсе тәкаппар болмайды. Имам Әли (ғ.с.) Джамал соғысында туды перзенті Мұхаммад бен Ханафиге тапсырған кезде оның есіне Аллаға тәуекел етудің қажеттігін салып: «Таулар орындарынан қозғалса да, сен орныңнан қозғалма! Тістеніп, жүрегіңді Аллаға тапсыр! Аяғыңды жерге нық басып, дұшпанның әскерінің соңына қарап, көзіңді найзалар мен қылыштардың жарқылынан жауып, жеңістің Алла тарапынан екенін ұмытпа»,- деді. («Мизан әл-Хикмат», «Тәуекел әдебі»). Аллаға  тәуекел ету адамды тыныштыққа бөлеуімен бірге оның шаршап, үмітсізденуіне рұқсат етпейді. Сондықтан имам Әли (ғ.с.) қысқа мағыналы сөзінде: «Аллаға тәуекел ететін адам шаршамайды»,- деген болатын. Басқа жақтан Аллаға тәуекел ету адамның  ойлану қабілетін күшейтіп, оны қырағы етеді. Тәуекел ету адамның қиындықтардың алдында абыржып, үрейленбей шешім қабылдау қабілетін сақтап, мәселені шешетін жолға жақындауына көмектеседі. Имам Әли (ғ.с.)-ның хадистерінің бірінде: «Аллаға тәуекел ететін адамның алдынан қиындықтардан құтылып, жеңіске жететін жол ашылады»,- деп айтылған. Тәуекел етудің келесі пайдасы адамның ауыртпалықтар мен қиындықтарға қарсы тұратын мүмкіндік пен рухани тұрғыдан  құдыретке ие болуы жатады. Имам Бақер (ғ.с.): «Аллаға тәуекел еткен адам жеңілмейді. Аллаға сүйенген адам соғыс пен джиһад майданынан қашпайды»,- деген болатын. («Бихар әл-Анвар», 67-ші том). Сондықтан  мықты халық болғысы келетін әр адам Аллаға тәуекел етуі керек. Яғни, адамның жүрегі Жаратушыға қарай бұрылмайынша үрей мен алаңдаушылықтардан құтылмайды. Алла Тағала – пенделерінің қауіпсіз панажайы. Мұқтаж адам Оған қарай қолын жайып, алаңдаушылық пен уайым-қайғыдан босап, қауіпсіздікке жетеді. Алла елшісінің келесі бір хадисінде: «Ең сүйікті халық болғысы келетіндер Аллаға иман келтіруі керек. Ең күшті халық болғысы келетіндер Аллаға тәуекел етуі керек. Бай болғысы келетіндер өзінің қасындағы нәрседен гөрі Алланың қасындағыға сенімдірек болуы керек»,- деп айтылған. Аллаға тәуекел ету Құдайдан басқадан қорқу сезімін жояды. Егер адам Аллаға тәуекел еткен болса, одан басқа ешкімнен қорықпауы керек. Өйткені Алланың құдыреті барлық басқа құдыреттерден жоғары. «...Егер Алла саған бір зиян жеткізсе, сонда оны Алладан басқа айықтырушы жоқ. Ал егер саған бір жақсылық қаласа, оның кеңшілігін тойтарушы жоқ». («Юнус» сүресі, 107-ші аят). Имам Садық (ғ.с.) бұл тұрғысында: «Аллаға иман келтіріп, одан басқадан қорықпа»,- деген. («Бихар әл-Анвар», 71-ші том). Сондай-ақ, келесі бір хадистен: «Өз ісі мен жұмысын Аллаға тапсырған адам әрқашан тыныштыққа бөленіп, жақсы өмір сүреді. Мұндай адамның ойы тек Алламен байланысты»,- деп оқимыз. («Бихар әл-Анвар», 17-ші том). Имам Бақер (ғ.с.) Алланың елшісінен: «Аллаға тәуекел еткен және қанағатшылық пен ризашылық сипатқа ие адамға Алла нығметтерін сыйлайды»,- деген сөзін жеткізген. Аллаға тәуекел етудің келесі әсері халықтың арасында ғиззат пен беделге ие болу саналады. Аллаға тәуекел ететін адам тек Оған сүйеніп, халыққа аса мұқтаж болмайды. Имам Джавад (ғ.с.): «Мүміннің ғиззаты оның адамға мұқтаж болмауына байланысты»,- деген. Аллаға тәуекел еткен адам мүлік пен мансапқа жету үшін халықтан сұрамайды, өйткені олар Алланың ықтиярында. Олар ғиззаты мен беделін сақтайды. Ең маңыздысы, Алла Тағала мейірімді әрі рақымды. Сондықтан оны пана тұтып, өзін оған тапсырған адамды қорлықтан құтқарады. Құранның «Инфал» сүресінің  49-шы аятында: «Негізінде кім Аллаға тәуекел қылса, расында Алла, үстем, хикмет иесі»,- деп айтылған.  Бұл аяттың тәпсірлерінің көбінде Алла хикмет иесі болғандықтан өзіне тәуекел еткен адамға қорлық көруге рұқсат етпейді. Алайда тәуекел етпеген адам қиындықтармен кезіккен кезде  оны шешу үшін қорлық көретіндей, пара беретіндей және басқа тыйым салынған істерге себеп болатындай жағдайға түседі. Өйткені ол өзін әлсіз  әрі бейшара сезінеді. Ал Аллаға тәуекел еткен кезде өзінің ғиззаты мен Алладан басқаға мұқтаж емес екендігін сезінеді.