Жетекшілік хадисы 59
Шайтан – адамның ант ішкен дұшпаны. Ол ешбір жағдайда адамды өз еркінде қалдырмайды.
Шайтан барлық адамдарды адастырып, өз жолына түсіруді мақсат етеді. Ол адамдарға тек олардың ойлары арқылы әсер етеді. Ол күдік-күмән тудырып, қиялдарды ақиқат етіп көрсетеді. Шайтан адамның бейқамдығы мен сенімсіздігіне риза болып, осы тұрғыда әрекет етеді. Ол еш уақытта жасаған әрекетіне қанағаттанбай адамды ең төмен сатыға түсіргенше әрекет жасайды. Сондықтан Алла Тағалаға жақындау үшін шайтанмен күресетін жолдарды жақсы білген жөн. Шынайы таза ниетпен жасалған ғибадат адамды жамандықтан алыстатады. Уәжіптер мен мұстахабтарды орындау, харам мен макрух істерден тартыну адамның Жаратушыға жақындауына себеп болады. Сондықтан шайтан адамды ғибадат жасаудан алыстатқысы келеді. Адам Алладан алыстап, илаһи нұрдан қашықтаған сайын зұлымдыққа жақындай түседі. Бұл шайтанның қалауы. Ол «Ағраф» сүресінің 14-17-ші аяттары бойынша Алладан мұрсат алған. Осыған орай оның негізгі мақсаты – адамды ғибадат жасаудан алдын алып, Алланы еске алуды ұмыттыру. Исламның ұлық пайғамбарының хадистерінің бірінен хазіреттің: «Шайтан сендерден Шығыс пен Батыстың арасындағы қашықтыққа тең қашықтыққа алыстайтын іс туралы айтайын ба?»- сұрап, келіскен жауапты естігенде: «Ораза шайтанның бетін қаралайды, садақа белін сындырады. Алланың жолындағы достық пен жақсы іске көмектесу оны арқасынан басса, кешірім сұрау қатты қорқытады»,- деді»,- деп оқимыз. Алла елшісінің келесі бір хадисінде намазды дер уақытында оқудың және жақсылық жасауға асығудың маңыздылығы туралы қуатталып, шайтанның адамды күдік-күмәнге түсіріп, жағымды жұмыстарды орындатпауға әрекет жасайтындығы туралы айтылған. Алла елшісі хазірет Әли (ғ.с.)-ға: «Әй, Әли! Намаздың уақыты келісімен оған дайындал, әйтпесе шайтан бос іспен шырмайды. Сондай-ақ жақсылық жасауға асық, әйтпесе шайтан оны орындауға кедергі жасайды»,- деп ақыл айтқан («Бихар әл-Анвар», 7-ші том). Имам Әли (ғ.с.) өзінің намаз туралы хадисінде: «Намаз – адамды шайтанның шабуылдарынан қорғайтын мықты қорған»,- деген. Шайтан әрқашан адамды жақсы сипаттарынан алыстатып, керісінше оны қызғаныш, ыза, жиіркеніш, балағат, ахлақсыздық және осыларға ұқсас қылықтарға үйреткісі келеді. Өйткені адамның жасаған әрбір жамандығы шайтанды қуантады. Исламның ұлық пайғамбары: «Адам 40 жасқа толып, оның жақсылықтары жамандықтарынан артпаса, шайтан оны сүйіп: «Бұл адам шындықты көрмейді»,- дейді. Имам Садық (ғ.с.)-ның рауаяттарының бірінде: «Шайтан нөкерлеріне «Халықтың арасында қызғаныш пен шапқыншылықты таратыңдар, өйткені бұл екеуі Алла үшін шеркпен тең»,- деген. («Усуль Кафи», 2-ші том). Бұл хадистен шайтанның жын мен адамнан құрылған әскерінің бар екенін, оның солар арқылы жамандық тарататынын көреміз. Шайтанмен бір жолға түсетін әр адам шайтандық сипатқа ие болып, баршаның айыптауына ұшырайды. Бұл туралы имам Садық (ғ.с.)-ның басқа бір хадисінде: «Бір адамның басқалардың мінін теріп, өзінің күнәсін ұмытқанын көрсеңдер, оның шайтанның алдауына түскенін біліңдер»,- деген. Исламның ұлық пайғамбары да осы салада: «Адамның не айтып және ол туралы не айтылғаны туралы алаңдамағанын көрсеңдер, мұндай адамның шайтанның серігі болғанын біліңдер»,- деген. Имам Садық (ғ.с.) өсімқорлық туралы: «Өсім алушы адам шайтан оны диуана етпей дүниеден озбайды»,- деп ескерткен. (Бихар әл-Анвар», 120-шы том).