Иранға сапар (194)
Әлемде ең көне өркениеттердің бірі деп танылған Иран халқының ұлттық, мәдени және ежелгі тарихын тану ерекше маңыздылыққа ие екендігі анық.
Теһран қаласындағы көптеген мұражайлардың арасында Иранның ұлттық мұражайы өткен ғасырлардағы өнерлі ерлер мен әйелдердің шеберлігі, талғамы мен ойларын көрсететін қазына ғана емес, шын мәнінде онда Иран халқының мәңгілікке қалу құпиялары сақталынады. Иранның ұлттық мұражайы – қысқа уақыттың ішінде Иран халқының тарихи мұрасы мен мәдениетімен танысуға мұрсат беретін жерлердің бірі. Бүгінгі бағдарламаны осы мұражаймен таныстыруға арнаймыз.
Иранның ұлттық мұражайы 80 жылдық тарихымен Иранның ең үлкен тарихи-археологиялық мұражайы ғана емес, ескерткіштердің көлемі, алуандығы мен сапасы тұрғысынан әлемдегі ең үлкен мұражайлардың бірі саналады. Ол Иранның мұражайлар тарихындағы алғашқы мұражай болып саналады. Иранның ұлттық мұражайы ежелгі ескерткіштерді сақтау, оларды зерттеу, таныстыру, көрсету және келешек ұрпаққа жеткізу, қауымдар мен ұлттар арасында түсіністік қалыптастырып, нығайту, олардың әлемдік мәдениет пен өркениетте алатын үлесін көрсету, халықтың, әсіресе оқушылар мен зерттеушілердің жалпы білімін арттыруға көмектесу, оны жақсартуға талпыну мақсатында құрылды. Бұл мұражай х.ш.ж.с.б. 1316 жылы (1937 жылы) ашылған Ежелгі Иран мұражайы мен х.ш.ж.с.б. 1375 жылы (1996 жылы) құрылған Ислам дәуірі мұражайы деген екі бөлек ғимаратта орналасқан екі бөлімнен тұрады.
Иранның ұлттық мұражайының инфрақұрылымы 20000 шаршы метр ауданды алып жатыр, ал оның жерасты бөлігінің ауданы 18000 шаршы метрді құрайды. Онда Иранның мәдениеті, өнері мен тарихи өзгерістеріне қатысты шамамен 300000 ескерткіш сақталынған. Сондықтан бұл Иранның ең маңызды мұражайы саналады. Онда әртүрлі тарихи дәуірлерге – б.з.дейінгі, біздің заманымыздағы және Ислам дәуіріне тиесілі ескерткіштер сақталынғандықтан ол әлемнің ең құнды мұражайы саналады.
Иранның ұлттық мұражайы ғимаратының ауданы шамамен 11000 шаршы метр. Оның негізгі ғимараты үш қабатты. Мұражайдың кіреберісі, қасбеті мен маңдайшасы Касра террасасының стилімен (Сасанилер әулетінің астанасы Тисфун қаласының әйгілі сарайының стилімен) салынған. Оның кірпіштері де қою қызыл түсті. Бұл да Сасанилер дәуірінің сәулет өнерін еске салады.
Ислам дәуірі мұражайының ғимараты әртүрлі мәдени шараларды атқару мақсатымен х.ш.ж.с.б. 1323 жылы (1945 жылы) Иранның ұлттық мұражайының аумағында салына бастады, бірақ оның құрылысы көптеген кідірістерден кейін ақырында х.ш.ж.с.б. 1329 жылы аяқталды. Алайда оны толықтыру жұмыстары кейінгі жылдарға қалдырылды. Шамамен 10000 шаршы метр ауданды алып жатқан бұл төрт қабатты мұражай х.ш.ж.с.б. 1375 жылы ашылды. Оның екі қабаты көрме өткізуге, ал қалған екі қабаты қосалқы жұмыстар жасауға арналған. Бүгінгі бағдарламада Иран ұлттық мұражайының б.з.дейінгі бөлімі «Ежелгі Иран мұражайымен» таныстырамыз.
Иранның ұлттық қазынасы тас дәуіріне тиесілі құралдардан бастап, адамдардың темір дәуірінде қолданған заттарымен аяқталатын өзінің өнер және мәдениет туындыларын б.з.дейінгі бөлімде жинастырған.
Б.з. дейінгі бөлімдегі заттар әртүрлі материалдардан, соның ішінде қыш, металл, тас, піл сүйегі, битум және т.б жасалған. Олар археологиялық қазба жұмыстары барысында немесе кездейсоқ жағдайда Иранның ежелгі төбелерінен табылған. Бұл заттар көне аймақтардың шашырай орналасуы, ежелгі адамдардың таралу тығыздығы, олардың әлеуметтік өмірі мен діни наным-сенімдері жайында хабар береді. Тамашалаушылар мұнда б.з.д. әртүрлі мыңжылдықтардан бастап, үлкен мемлекеттер құрылғанға дейін Иран үстіртінде өмір сүрген адамдардың өнер, ғылым және техника саласындағы шеберлігі мен қабілеттерінен хабардар болады.
Мұражайда қойылған ең көне заттар – Кәшфрудтан табылған тас пышақтар. Адам қолымен жасалған бұл тас құралдар х.ш.ж.с.б. 1353-54 жылдары (1974-75 жылдары) Иранның солтүстік-шығысындағы Хорасан облысында орналасқан Кәшфрудтың маңында жүргізілген зерттеулер барысында табылды. Олардың 1 млн жылдан астам тарихы бар. Иранда неандерталь адамы өмір сүрген кезге сәйкес келетін Орта тас дәуірі бөлімінде отқа күйдірілген тастардан жасалған құралдар, Загрос пен Иран үстіртінің орталық бөлігіне тиесілі үңгірлерден, соның ішінде Бистун мен Хоррамабад үңгірлерінен табылған жануарлардың қаңқалары жұрт назарына ұсынылған.
Жаңа тас дәуірі мен отырықшылық бөлімінде Гәндждәрре төбесінен табылған Иранның ең көне кірпіші, Сараб төбесінен табылған адам мен жануарлардың балшықтан жасалған ең көне мүсіндері мен тас құралдар жұрт назарына ұсынылған. Шуш (Хузистан), Исмаилабад пен Әли бұлағы (Теһран), Тел Бакун (Фарс) Иранда б.з.д. тас пен мыс дәуірлеріне тиесілі бесінші және төртінші мыңжылдықтардағы өте маңызды аумақтар болып табылады. Бұл жерлерден табылған нақышталған қыш бұйымдарының үлгілері осы салонда қойылған. Осы дәуірде көңіл аударуға тұрарлық нақыштардан тау ешкісінің қарапайым суретін атауға болады. Ол Исмаилабад пен Әли бұлағынан табылған қыш ыдыстардың бетіне салынған.
Б.з.д. алтыншы мыңжылдықтан бірінші мыңжылдыққа дейін Иранның көптеген аймақтарында алуан түрлі қауымдар өмір сүрген. Бұл қауымдар қолдан жасалған заттар және егіс өнімдерімен алмасу арқылы бір-бірімен тығыз байланыста болған. Қыш және металл бұйымдарды жасаудағы өнер мен техника саласындағы дамуды нақышталған қыш бұйымдарын көп көлемде жасаудан байқауға болады.
Б.з.д. екінші мыңжылдықтың аяғындағы Элам дәуіріне тиесілі Чоғозамбиль ғибадатханасынан табылған заттар мен б.з.д. бірінші мыңжылдыққа тиесілі Әзірбайжандағы Хасанлу мен Қазвин және Теһран арасыдағы Хоравин, Күрдістандағы Зивие және Гиляндағы Марлик төбелерінен табылған заттар өте маңызды.
Әртүрлі аймақтардағы қазба жұмыстары кезінде табылған алуан түрлі заттардың арасында Марликтен табылған заттардың маңыздылығы ерекше. Бұл заттардың жиынтығы әдетте қонақ күтуге арналған ыдыстар, діни рәсімдерде қолданылатын ыдыстар мен аспазхана ыдыстары, соғыс құрал-жабдықтары, әшекей бұйымдар, адамдар мен жануарлардың мүсіндерінен тұрады.
Марликтен табылған алтын ыдыстар, соның ішінде стакан, кесе, бокал, әртүрлі көлемдегі түтігі бар ыдыстар сол дәуірдегі адамдардың өмір сүру тәсілі, экономикалық жағдайы мен олардың наным-сенімдерінен хабар береді. Солардың ішінде б.з.д. үшінші мыңжылдық пен бірінші мыңжылдықтың басына тиесілі қанатты сиырлар нақышталған Марликтің алтын бокалы да бар. Ол жоғары өнер мен жасалу сапасына байланысты теңдессіз болып саналады.
Б.з.дейінгі бөлімде қойылған бірқатар заттар Элам дәуіріне тиесілі. Элам дәуірлерінен көп дүние сақталып қалған. Әсіресе эламдықтардың ең салтанатты дәуірі саналатын орта Элам дәуірінен көптеген ескерткіштер қалған. Чоғозамбиль ғибадатханасы – осы дәуірдегі ең маңызды архитектуралық ескерткіш. Бұл жерден табылған сиыр мүсіні, шыны құбырлар, жазулары бар кірпіштер, есіктің тұтқасы осы салонда жұрт назарына ұсынылған. Чоғозамбиль шыны құбыры – Ирандағы ең көне шыны үлгісі болып табылады. Мүсін, табиғи битуммен безендірілген ыдыстар жасау, бедерлі нақыштар, цилиндр пішіндес мөрлер, қалыптағы бедерлі нақыш түріндегі кішкене мүсіндер, эмальданған кірпіштер, фарфор заттар, қоладан жасалған бұйымдар мен құлпытастар әртүрлі дәуірлердегі эламдықтар өнерінің үлгілері болып табылады. Олардың үлгілері Иранның археология бөлімінде қойылған.
Мұражайдың тағы бір маңызды тармағы – Луристан және тарихи бөлігі. Онда «Луристан» деген атпен танымал заттар мен Иранның әртүрлі тарихи дәуірлері, соның ішінде Ахеменилерден бастап Сасанилер дәуірінің соңына дейінгі кезеңге тиесілі заттар қойылған. Ахеменилер дәуіріне тиесілі салтанатты ескерткіштер Ежелгі Иран мұражайының көрнекті экспонаттарының бірі саналады. Олар осы дәуірдің бай өнерін көрсетеді. Бұл бөлімде қойылған Тахте-Джамшидтен алынған бедерлі нақыштар, Дариуштың мүсіні мен Хашаяршахқа тиесілі сына жазбалардың көшірмелері бірегей туындылардың қатарын құрайды.
Тамашалаушылардың назарын өзіне аударатын тағы бір ескерткіш – Хамурапи жазба тақташасы. Оның биіктігі 215 см, онда 283 заң бабы жазылған. Қара тастың бетіне ойылып жазылған жазбада алғашқы әлем тарихы мен сол дәуірдегі халықтың әлеуметтік қарым-қатынасы баяндалған.
1901 жылдың басында француз археологы Жак Деморган бұл тақташаны Шуш аймағынан тапқан. Өкінішке орай, сол замандағы билеушілердің біліксіздігі салдарынан бұл бірегей де құнды тақташа Деморган тарапынан Ираннан Францияның Лувр мұражайына тасымалданды. Қазір Иранның ұлттық мұражайында оның көшірмесі ғана сақталуда.
Луристан және тарихи бөлімнің екінші тармағы «Луристан» деген атпен танылған ескерткіштер жиынтығынан тұрады. Олардың арасында «Луристан қоласы» деген атпен әлемге әйгілі қола бұйымдар бар.
Бұл заттар топтамасы заман тұрғысынан да, географиялық орналасу тұрғысынан да белгілі бір жағдайға ие. Яғни б.з.д. үшінші және бірінші мыңжылдықтардың арасын қамтиды. Бұл заттар өткен онжылдықтар барысында Иранның батысында Загрос таулы сілемінің етегінде орналасқан көне төбелерде жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған. Луристанның әртүрлі жерлерінен табылған заттардың көптігі мен алуандығы бүгінде әлемдегі көптеген жеке және ірі мұражайлардың осы заттардың бай да құнды топтамасына ие болуына себеп болды. Иранның ұлттық мұражайы да осы ескерткіштердің құнды қазынасын Ежелгі Иран мұражайы залының орталық бөлігінде жинастырып, жұрт назарына ұсынып отыр.