Жетекшілік хадисы 57
Шайтанның ең негізгі сипаты – тәкаппарлық. Ол – Алланың алдында тұрып, Оған бағынбаған бірінші жаратылыс.
Имам Садық (ғ.с.): «Тәкаппарлық – Алла Тағалаға қарсы жасалған бірінші бүлік. Ібіліс Аллаға «Мені адамға сәжде жасаудан босат, сонда өзіңе ешкім жасамағандай ғибадат етемін» деген кезде Алла: «Маған сенің ғибадатың қажет емес. Ғибадат деген сен орындағың келген нәрсе емес, ғибадат – менің айтқанымды орындау»- деп жауап берген» дейді. Алла Тағала «Бақаре» сүресінің 34-ші аятында: шайтанның тәкаппарлығына тоқталып: «Сол уақытта періштелерге: «Адамға сәжде қылыңдар» дедік. Сонда олар дереу сәжде қылды. Бірақ Ібіліс бас тартып, дандайсып, қарсы келушілерден болды»,- деп айтқан болатын. Исламның ұлық пайғамбары бұл аят туралы Абузарға: «Әй, Абузар! Жүрегінде тәкаппарлықтың бір бөлшегі қалған жағдайда өлген адам өлерінен бұрын тәубе етпесе, жәннәттің хош иісін сезбейді. Әй, Абузар! Ішінен өртенетін адамдар тәкаппарлар»,- деген. Имам Әли (ғ.с.)-де «Наһдж ул-Балағенің» 192-ші құтпасында «Бақаре» сүресінің 34-ші аятына тоқталып, шайтанның тәкаппарлығы мен менмендігін айыптап: «Алланың Ібіліспен қандай қатынас орнатқанынан ғибрат алыңдар. Жаратушы оның тәкаппарлығына байланысты 6 мың жыл жасаған құлшылығын, яғни ұзақ мерзімді ғамалдары мен ғибадаттарын және талпыныстарын жойып жіберді. Ібілістен кейін қандай жаратылыс күнә жасап, Алланың қаһарынан аман қала алады? Ешкім! Еш уақытта Жаратушы періштесін жәннәттан шығарып жіберген күнә үшін адамды жәннәтқа жібермейді. Өйткені Алла Тағаланың бұйрығы аспан мен жердің тұрғындары үшін бірдей»,- деген болатын. Шайтанның келесі ерекшеліктерінің біріне жақсылық пен сындарлы жұмыстардың алдын алуы саналады. Өйткені ол жақсылық жасаудың адамның күнәлар мен жаман іс-әрекеттен алыстауына себеп болатынын біледі. Сол себепті шайтан адамдармен дұшпан болғандықтан олардың жеке және қоғамдық жақсы ғамалдарына кедергі жасайды. Имам Садық (ғ.с.) өзіндей жаратылыстарға жақсылық жасаудың маңыздылығы туралы: «Мүмкіндіктеріңе қарай жақсылық жасаңдар. Себебі, шайтан ашуланып, оның бетін тырнап, жүрегін жараласа мүміндер тарапынан ешбір жақсылық пен көмек көрсетілмейді» деген. («Бихар әл-Анвар», 72-ші том). Хазіреттің шайтанның адамға жақсылық жасауға кедергі болуы туралы келесі бір хадисінде былай деп жазылған: «Сендердің араларыңнан кімд-кім басқа адамға жақсылық жасауға шешім қабылдаса, оның оң және сол жағынан шайтан келіп, жақсылық жасатпауға тырысады»,- деген. («Бихар әл-Анвар», 68-ші том). Шайтанның келесі ісі адам жаман санайтын іс-әрекетті оған көркем етіп көрсетуі болып табылады. Бұл мәселені көптеген аяттар адамның есіне салады. «Наһл» сүресінің 63-ші аятынан: «Аллаға серт! (Мұхаммад с.ғ.с.) Расында сенен бұрын да үмметтерге елшілер жіберген едік. Сонда да шайтан оларға өз қылықтарын көркем көрсетті. Сондықтан бүгін де ол олардың досы. Оларға күйзелтуші азап бар»,- деп оқимыз. Шайтан көбінесе адмның бейқамдығы мен надандығын өз пайдасына жаратып, адамның қате жұмыстарын діни және адамгершілік сипаттармен безендіріп, адамдарды алдап, өз торына түсіреді. Имам Әли (ғ.с.): «Адасқандар шайтанды өз жұмыстарының мизаны етіп алғандар. Шайтан оларды өз торында ұстайды. Ол мұндай адамдардың жүректеріне өзінің тұқымын сеуіп, ұрпағын тәрбиелейді. Бірте-бірте олардың ақылдарына әсер етеді. Шайтан олардың көздерімен қарап, олардың тілдерімен сөйлейді. Содан соң оларды қателіктер мен күдік-күмәндерге шырмап, жаман істерін жақсы етіп көрсетеді. Мұндай адамның істері шайтан оның күш-қуатына ортақтасып, оның тілін жалған сөздермен ластаған адамдардың істері сынды болады»,- деген. («Наһдж ул-Балағе», 7-ші құтпа). Шайтанның адамды алдау үшін қолданатын келесі ісі кейінге қалдыруы саналады. Шайтан жақсылық жасауды және қателіктерді түзетуді, тәубеге келу мен халықтың хақысын қайтаруды кейінге қалдырады. Кейінге қалдыру – шайтанның айла-шарғыларының бірі. Ол адамдарды әрқашан «Кеш емес, әлі уақыт бар, кейін орындаймын» дегенге сендіреді. Көбінсе шайтан нәтижеге жетіп, адам уақытынан айырылады. Исламның ұлық пайғамбары бұл туралы: «Бүгін-ертең деп сылтаурату – адамның жүрегінде қалыптастаратын шайтанның ұраны»,- деген болатын. Айта кететін жайт, шайтан бұл ісі үшін адамдардың жалқаулығын, жеңілдікті жақсы көруін және жігерінің осалдығын көп пайдаланады.