Ақп 23, 2016 18:42 Asia/Almaty

Бейқамдық әр адамды шырмап, оны дүние мен ақыреттегі бақытынан мақұрым ететін қатерлердің бірі болып табылады.

Кейбір уақытта  адам бейқамдықтың салдарынан өзінің бүкіл қорынан айрылады. Өкінішке орай, бейқамдықтың салдарынан адамның өмірі мен денсаулығы қатерге тіреледі.    Кейбір кезде бейқамдықтың салдарынан адам барлық рухани қорынан айрылып, адасуы мүмкін. Сол себепті имам Әли (ғ.с.) бейқамдықты адасушылықтың критерийі деп атаған болатын. Сонымен қатар келесі бір хадисінде: «Егер құтқаратын жол тауып, шындыққа жеткің келсе, хабарсыздық пен бейқамдықтан алыстап, үзбей талпыныс жаса»,- деген. Бейқамдық жүрек үшін өте қатерлі әрі көптеген шығын келтіреді. Бейқам жүрек – уәһи, илаһи хабарлар, пайғамбарлар мен әулиелердің және имамдар мен илаһи басшылардың бұйрықтарынан алыстаған жүрек. Алланы еске алудан бейқам қалу – барлық күнәлар мен ахлақтық жамандықтардың тамыры. Бейқамдық адмды артқа тартады. «Ағраф» сүресінің  179-ші аятынан: «Рас тозақ үшін де көптеген жын, адамдар жараттық. Олардың жүректері бар, алайда олар онымен түсінбейді. Көздері бар, онымен көрмейді. Және олардың құлақтары бар, ол арқылы естімейді. Олар хайуан тәрізді, тіпті одан ары адасуда. Міне, солар мүлдем қаперсіздер»,- деп оқимыз. Осыған орай имам Әли (ғ.с.) бейқамдықты адамның ең үлкен дұшпаны деп санайды. Бейқамдық – ең үлкен бәле. Бейқамдық танытатын адам ұйықтап жатқан адам сынды. Ол ұйықтап жатқан кезде үйінің өртеніп,  өмірінің қиылып, мүлкінің жанып жатқанынан хабарсыз қалады. Хазірет Әли (ғ.с.) дүниеқұмарлардың бейқамдығы туралы: «Дүниеқұмарлар оларды  ұйықтап жатқан кезде әкетіп бара жатқан керуен сынды. Олар ұйқыдан оянып, көздерін ашқанша кеш қалып, өмірлері өтіп, адамгершіліктің жауһарынан пайдаланып үлгермейді»,- деген болатын. Алланың елшісі де өзінің дана сөздерінің бірінде бейқамдық туралы: «Бейқам адамның төрт белгісі бар: соқыр болуы, яғни ақиқатқа көзжұмбайлық танытуы; қапылдығы, ойын-сауыққа салынушылығы мен  ұмытшақ болуы. Ұмытшақтыққа шырмалу деген нәпсілік тілектерге бағынып, өзінің келешегіне көңіл бөлмеуі»,- деп айтқан. («Бихар әл-Анвар», 1-ші том). Дәл осы мағынадағы сөздерді Лұқман хакімнің перзентіне айтқан ақыл-кеңесінен де байқауға болады. Ол: «Перзентім, әр нәрсенің белгілері бар. Бейқамдық қапылдық, ойын-сауыққа салыну және ұмытшақтық деген үш белгіге ие. Ұмытшақтық, яғни бұрын білген нәрселерді ұмыту деген сөз. Қапылдық, яғни көңіл бөлетін қажетті іске назар аудармау»,- деп айтқан. Бейқамдықтың келесі маңызды белгілеріне адамға ескерту жасалған кезде оятатын себептерге көңіл бөлмеуі жатады. Мәселен, бейқам адамдар зираттың қасынан өткен кезде ертең өздерінің де орындары осы жерде болуы мүмкін екендігін ойлайды.  Бірақ  достары мен жақындарының бірін жерлеу рәсіміне қатысқан кезде  күндердің бірінде басқалардың да  оны жерлеуге қатысатыны туралы ұмытады. «Наһдж ул-Балағеде»  имам Әли (ғ.с.)-ның   мүміндердің бірінің жерлеу рәсіміне қатысқан кезде бір адамның күлген дауысын естігені туралы айтылған.Имам қапылдықтан шыққан сол қатты күлкіні естіп, ренжіп: «Өлім бұл дүниеде тек басқалар үшін ғана келетіндей, хақ бұл дүниеде басқаларға ғана уәжіп сынды... Оларды көрлеріне көміп, олардан кейін өзіміз мәңгілікке қалатындай мұраларын талан-таражға саламыз» деді («Наһдж ул-Балағе», 122-ші хикмет). Алла елшісі ең бейқам адамдар деп дүниенің өзгерістерінен сабақ алмайтын адамдарды атаған болатын. Бейқамдықтың келесі белгілерінің біріне адамның өз өмірін ақыреті үшін ешбір пайда әкелмейтін немесе бұл дүние мен  ақыреті үшін қажет емес істерге жұмсауы жатады. Имам Әли (ғ.с.): «Адамның бейқамдығы үшін  өз өмірін оны құтқармайтын істермен өткізуі жеткілікті»,- деген. Сонымен бірге басқа бір сөзінде хазірет: «Адамның бейқамдығы үшін өз өмірін оған қатысты емес нәрселерге жұмсауы жеткілікті»,- деп айтқан болатын. Бейқамдықтың келесі белгілерінің бірі  тәкаппарлық болып табылады. Тек өзі мен өзінің артықшылықтарын ғана көретін тәкаппар адам Алланы ұмытады. Дәл осы мәселе оның сәтсіздікке ұшырап, күшінен айрылуының әсерлі себебі саналады. Мәселен, денсаулық илаһи нығметтердің бірі болғанымен, адам өзінің денсаулығы мен физикалық күшіне мақтанатын болса, ол да тәкаппарлықтың бір түріне жатады. Сол себепті Мейірімді Алла кейбір уақытта  пендесінен тәкаппарлықты алыстату үшін оған ауру немесе қиындықтар жібереді. Бұл қиындықтар бейқамдықтың перделерін ашады. Алла елшісі өзінің сахабаларының бірі Салман Фарсиге келген кезде оған әр дерттің әсері мен берекесі туралы: «Адам науқастық немесе қиындықтармен бетпе-бет келген кезде  оның несібесіне нығметтер жіберіледі. Сол себепті оның дұғалары қабыл болады»,- деген болатын. («Бихар әл-Анвар», 74-ші том).