Ақп 23, 2016 18:47 Asia/Almaty

Құран Кәрім нәпсіқұмарлықты адамның құлдырауының ең маңызды себебі санағандықтан көптеген аяттарда бұл туралы айтылған.

 Исламның ұлық пайғамбары нәпсіні адамның ең жаман дұшпаны деп атап, өз дұғаларында нәпсіден қашу  үшін Алланы пана тұтады. Алла Тағала адамның нәпсісін бірқалыпты негізде және кемелдікке жету жолында адамның ерік-жігерімен қатар жүретіндей жаратты.  Адамның айуандық немесе  одан да жаман қылықтарды нығайтуы оның еркіне байланысты. Имам Әли (ғ.с.)-ның көптеген рауаяттарында нәпсі және оның сипаттары туралы айтылған. Мәселен рауаяттардың бірінде оны адамның болмысындағы құнды гауһар тас ретінде еске алып: «Нәпсі – құнды гауһар тас. Нәпсіні күнә мен ластықтардан қорғайтын әр адам оны  жоғары әрі кемел деңгейге жеткізеді. Бірақ нәпсіні өз еркімен жіберіп, қадағаламайтын адам оны төмендетеді»,- деді. Адамның нәпсісі немқұрайдылыққа байланысты бірқалыптылықтан шығатын болса, айуандық лас ләззаттарға батып, өзінің  жоғары орнынан құлдырайды. Дәл осы құлдырау күнә мен жағымсыз істердің қайнары болып табылады. Нәпсінің мұндай түрі «жамандыққа бұйрық беру» деп аталады. Имам Әли (ғ.с.) нәпсінің  бұл кезеңін сипаттап: «Нәпсі әрқашан жамандыққа қарай итермелейді. Оған сенім артқан  әр адам өзіне қиянат жасайды. Оған риза болып, өзінің талап-тілектеріне оң жауап берген әр адам өзін ең жаман істермен шырмайды»,- деген болатын. «Эмаратон бесу» мұнафық  сынды өтірік мақтап, өзін дос әрі жанашыр көрсетіп, адам алданған кезде оны билеп, бар күшімен оны өлімнің аузына апарады. Имам Әли (ғ.с.) «Эмара» -  нәпсісінің әсерінен туындаған істерді асау атқа теңеп: «Расында бұл нәпсі әрқашан жамандыққа қарай итермелейді. Сондықтан оны өз еркімен жіберген әр адамды күнәға жеткізеді»,- деген. «Нәпсі» деген термин Құранда әртүрлі түрде аталған. Нәпсі – адамның болмысы және одан басқа нәрсе емес. Нәпсі көптеген әртүрлі күш пен талап-тілек және қалау, ұстаным мен қажеттілікке ие. Бұл нәпсі өзінің болмысына сай кемелдікті талап етеді. Адам қателесіп, қателігін түсінген кезде, өкініп, өзін айыптайды. Бұл «ахлақи ұждан» немесе «нафсе лаваме» деп аталады. «Нафсе лаваме» саулық пен  табандылыққа ие. Егер ол саулық пен теңдіктің жойылғанын сезсе, алаңдаушылық пен тынышсыздық орнатылып, Алланың алдында тәубеге келіп, мойынсұнушылығымен күнәдән құтылады. Исламның ұлық пайғамбары өзінің сахабалары мен үлкен тәпсіршілердің бірі Абдолла бен Масудке берген насихатында: «Жақсылықты көп жаса, өйткені жақсылық жасаушы да, жамандық жасаушы да өкінеді. Жақсылық жасаушы жақсылықты көбірек жасағанымда ғой деп өкінсе, жамандық жасаушы немқұрайдылық таныттым деп өкінеді. Бұл Жаратушының: «Айыптайтын нәпсімен ант етемін» деген сөзін еске салады. («Макарем ахлақ», 2-ші том). «Нафсе лаваме» кейбір адамдарда күшті болса, басқаларда  өте осал болады. Күнәсінің көптігінің салдарынан «нафс лавамеден» толық айрылмаған әр адамның бойынан мұны байқауға болады. Имам Джавад (ғ.с.) бұл туралы: «Өзінің нәпсісіне бағынған адам өзінің дұшпанына мақсаттарына жетуге мүмкіндік береді»,- деп айтқан болатын. Адамның нәпсісі өмірдің шарықтаулары мен құлдырауларының алдында өзінің тыныштығын сақтаса, күмәндер сенімдерге айналса, ол «сенімді нәпсіге» өзгереді. «Сенімді нәпсі» – Алланы еске алудың аясында шынайы сенімділік пен тыныштыққа жетіп, Алланың ризалығына бөленетін нәпсі.  Сол себепті байлық пен кедейшілік, дүниедегі пайда мен зиян илаһи сынақ саналады. Мұндай нәпсі, егер нығметтер мен дүниелік ләззаттарға бөленбесе бұзақылық пен өзін артық санауға және үстемшілдікке шырмалмайды. Сондай-ақ, егер кедейшілікке тірелсе күпіршілікке ұшырамайды. Өйткені ол әрқашан әртүрлі жағдайларда  Аллаға құлшылық ету жолында тұрақты болып, дұрыс жолдан ауытқымайды. Мұндай нәпсі илаһи уәделерге сенім артып, таңдаған жарық жолына сенімді болады. Сонымен бірге өмірдің қуаныштары мен қайғыларында және барлығынан маңыздысы, қиямет туралы алаңдамай тұрақтылық сақтайды. Жаратушы «сенім нәпсісіне»: «Әй, сенім нәпсісі! Жаратушыңа қарай орал . Сен Аллаға риза және Ол саған риза»,- деді. («Фаджр» сүресі, 27-30-шы аяттар). Имам Әли (ғ.с.) бұл нәпсі туралы: «Алланың алдында жерде Оның бұйрығын орындайтын нәпсіден артық нәрсе жоқ»,- деп айтқан болатын.