Қыр 04, 2016 20:07 Asia/Almaty
  • Жетекшілік хадисі 86

Құран аяттары мен пәк имамдардың рауаяттарында садақаға қатысты әдеп-ғұрыптар мен шарттар туралы баяндалған. Садақаға қатысты шарттардың бірі сыйлайтын мүліктің халал мүлік болуы керектігі. Бұл негіз «Бақаре» сүресінің: «Әй, мүміндер! Табыстарыңның және сендер үшін жерден шығарған нәрселеріміздің жақсыларынан, тиісті орынға жұмсаңдар...»,- деп айтылған 267-ші аятынан алынған.

Алла елшісі Жаратушының алдында адал мүліктен сыйланған мүліктің қабыл болатындығына назар аудартып: «Мүміндердің  мүлкін тартып алу арқылы қолға түскен мүлікті жақсылыққа жұмсаған адамның ісі ол қашан тәубеге келіп, тартып алған мүлікті иесіне қайтарғанша қабыл болмайды»,- деген. Адал мүліктен садақа берген адамға Алла Тағала  үлкен сауап жазады.

Алла Тағала Құранда садақаның әшкере және құпия  түрлері туралы баяндайды. Садақаның бұл екі түрінің арнайы әсерлері мен нәтижелері бар. Әшкере садақа  мадақталатын садақа  және халықты оған шақыру жақсы әрі қолдауға ие саналады.  Имам Әли (ғ.с.): «Әшкере садақа мүлікті көбейтеді»,- деген.  Әшкере садақа жақсылыққа іс жүзінде шақырумен бірге  кедейлер мен мұқтаждарды жұбатады. Өйткені олар қоғамдағы халықтың рақымдылығын сезіп, адамдардың олар туралы ойлайтынын көріп, үміттенеді. Қорыта айтқанда, садақаны әшкере немесе жасырын беру үшін кейбір шарттарға көңіл бөлген жөн. Имам Садық (ғ.с.) ғибадатты орындау, соның ішінде садақа беру туралы жалпы ережелерге тоқталып: «Алла уәжіп еткен әр нәрсені жасырын орындағаннан гөрі әшкере орындаған артық. Мұстахаб еткен әр істе әшкере орындағаннан гөрі жасырын орындаған жақсы»,- деген болатын. Сол себепті уәжіп садақа саналатын зекет пен хомс төлеуді әшкере берген артық, ал уәжіп садақаны құпия  берген артық.

Рауаяттардың көбінде садақаны жасырын беру насихатталған. Өйткені жасырын жасаған ғамал дабыраға азырақ себеп болады. Сонымен бірге кедейдің абыройы сақталып, ол қорлықты сезбейді. Имам Садық (ғ.с.)-ның серіктерінің бірі Исхақ бен Аммар: «Күндердің бірінде имам менен «Мүліктің зекетін қалай төлейсің?» деп сұрады. Мен кедейлерді үйіме шақырып, зекетті оларға таратып беретінім туралы айттым.  Имам «Сен бұл ісіңмен мүміндердің қорлығына себеп боласын. Исхақ абай болып, былай жасама. Өйткені Алла Тағала: «Менің достарымның достарына қорлық көрсеткен адам шын мәнінде Маған қарсы соғысқа шыққаны»,- деген»,- деп ескерткен»,- деп есіне алатын.

Бұл рауаятта имам кейбір уақытта мұқтаж адамның әшкере садақаны қабылдауға мәжбүр болатыны, бірақ  басқалардың алдында бұл істің оның нәпсісі мен рухына теріс әсер ететіні туралы мәселеге көңіл бөледі.

 Садақа берудің келесі әдептерінің біріне садақа берген кезде міндетсінбеу жатады. Алла Тағала «Бақаре» сүресінің 264-ші аятында: «...садақаларыңды міндет қылу, ренжітумен жоймаңдар»,- деп ескертеді.

 Әрине садақа ақ ниет және жақсы сөздермен бірге  беріледі. Өйткені мұқтаждардың сезімдеріне сызат түсіретін  сөздер садақаның әсері мен берекесін жоюымен қатар үлкен күнәләрдің бірі саналады. Исламның ұлық пайғамбары  да садақа берген кезде міндетсіну туралы: «Міндетситін адам үшін жәннәттың жолы жабылады»,- деген.

 Садақа берген кезде  кедейді кемсітетін ешбір іс-әрекет жасалмауы қажет. Бұл мәселенің маңызды болғаны сондай,  бір адам пайғамбарға жетіп, Мединенің барлық кедейлерін шақырып, күтетіні туралы айтқан кезде Исламның ұлық пайғамбары: «Бұл іс дұрыс емес»,- деді. (Өйткені  олардың барлығы бір дастарханның басына жиналған кезде бір-біріне қарап, бұл дастарханның кедейлерге арналған дастархан екенін және өздерінің кедей болғандары үшін шақырылғандарын түсініп, ренжуі мүмкін). Адам: «Ондай болса, байларды шақырайын ба?»- деп сұрағанда пайғамбар: «Кедейлерді де, байларды да шақыр»,- деп кеңес берген.

Жаратушы «Әл-Имран» сүресінің 92-ші аятында: «Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар. Не берсеңдер де Алла оны толық біледі»,- деген болатын.  Сондықтан садақа адамның өзі сүйетін мүлкінен беріледі.  Өйткені Ислам дінінде садақа тек аш адамның қарнын тойдыру немесе жалаңашты киіндіру ғана емес, бұл іс сонымен қатар садақа берушінің  рухын тәрбиелеуді де қарастырады. Расында ислам  адамның садақа арқылы қайырымды болуы мен  басқа ахлақи құндылықтарын тәрбиелеуіне көңіл бөледі. Бұл мәселе адамның өзі жақсы көретін мүлкінен садақа берген кезде ғана нәтижеге жететінін көрсетеді.  Рауаяттардың бірінде  Исламның ұлық пайғамбары сахабаларының бірінің  құрма қоймасына ие болып, өлгеннен кейін пайғамбарға құрмаларының барлығын кедейлерге таратып беруді өсиет еткені айтылған. Ол қайтыс болған соң пайғамбар марқұмның өсиеті бойынша  барлық құрманы таратып береді. Соңғы құрма пайғамбардың қолында қалған кезде хазірет: «Егер бұл адам тек осы бір құрманы ғана өз қолымен садақа бергенде, бүкіл қоймасындағы құрманы менің таратқанымнан артық болар еді»,- депті.