Ақп 24, 2016 16:22 Asia/Almaty
  • Батыс жастарына хат: жетекші хатының БАҚ-ғы көрінісі

1394 жылы 9 азарда (2015 жылы 30 қарашада) Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи Батыс елдерінің жастарына арнап хат жазып, оны ақпарат құралдары арқылы таратты. Бұл хатта АҚШ-тың терроризмге қатысты қарама-қайшы саясаттары, ислам әлеміне жасалған әскери басқыншылықтар, Париждегі лаңкестік шабуыларды айыптау, Палестинадаға қантөгістер, Ирак пен Сириядаға ИСИМ-нің қатігездіктері жайында айтылған.

 Мұнымен қоса, ислам әлемі мен Батыс елдерінің ортақ түйткілі ретінде қатігездік пен лаңкестікті тудыратын ойлармен күресу қажеттігі баса айтылып, жастарға ислам дінін делдалсыз, алғашқы дереккөз арқылы нақты зерттеп, зерделеуге кеңес берілген.

Бұл маңызды хат Францияда болған лаңкестік оқиғалардан кейін жазылып, аймақтық және әлемдік ақпарат құралдарынан бірден көрініс тапты. Ислам революциясы жетекшісінің Батыс жастарына арнаған хаты, әсіресе оның шешім жолдарын табуды ойлау және мәселелерді шешу үшін диалог өткізудің қажеттігі туралы бөлігі аймақтық ақпарат құралдарында жылдам жарияланды. Ислам революциясының жетекшісі осы хаттың басында Батыс жастарына қаратып: «Соқыр лаңкестіктің Францияда жасаған ащы оқиғалары мені жастар, сендермен тағы да сөйлесуге итермеледі. Маған осындай оқиғалардың сөйлесуге негіз қалғаны өкінішті-ақ, бірақ шындық мынада: егер ауыр мәселелер амал тауып, пікірлесуге жағдай жасамаса, бірнеше есе артық шығын әкеледі»,-деп баса айтты.

Бұл хат аймақтың барлық ақпарат құралдары арқылы таралды. Олардың көбі аятолла Хаменеидің терроризмнің болмысы мен оның әлемдік демеушілері туралы айқын сөздеріне көңіл аударды. Мысалы, «Al Mayadeen» телеарнасы мен Ливанның «әл-Ахд» ақпарат сайты аятолла Хаменеи хатының кейбір бөліктерін жариялап, қазіргі түйткілді жағдайда хазіреттің қырағылы мен көрегендігіне тоқталып, осы орайда шара қолданып, амал ойластыруды әлемдік қауымдастықтың басты мәселелерінің бірі деп атады.

Бұл хат жарияланғаннан кейінгі күндер барысында Батыс елдері ақпарат құралдарының бірқатары оған қатысты реакция білдіріп, әрқайсысы бір қырынан оның маңызды тармақтарына тоқталған. «American Herald Tribune» сайты Ислам революциясы жетекшісінің Батыс жастарына арнаған екінші хатын жариялаған сайттардың бірі болды. Бұл сайт жетекші хатының мәтіні мен хазіреттің ондағы халықаралық ұйымдардың терроризмге қатысты екіұшты саясаттарын сынау, Париждегі лаңкестік оқиғаларға наразылық білдіру және сионистік режимнің Палестина халқына қарсы саясаттарын сынау сынды бөліктерін жариялады. Сонымен қатар «Associated Press» ақпарат агенттігі осы хат жөнінде былай жазды: «Иранның жетекшісі соқыр лаңкестіктің Франциядағы қанқұйлы оқиғалардың орын алуына әкеліп соқтырғанын, осы мәселенің аталмыш хатты жазуға түрткі болғанын мәлімдеді. Ол Израиль мен палестиналықтар арасындағы қантөгіс пен ИСИМ-нің Ирак, Сирия мен Ливандағы қатігездігіне байланысты алаңдайтынын айтты».

«France» ақпарат агенттігі Иран Ислам революциясы жетекшісінің исламды делдалсыз нақты зерттеуге берген кеңесін хаттың негізгі өзегі деп атап: «Мұның себебі – осы дін туралы туындаған теріс пайымдаулар мен үгіт-насихаттардың толқыны»,-деп жазды. Жетекші хатына осындай көзқараспен қарауды «Foreign Policy», «Bloomberg», «New York Magazine» сияқты басылымдардан да көруге болады.

CNN ақпарат арнасы хаттың жазылу тақырыбын Иран мен «алтылық» елдері ядролық келіссөздерімен байланыстырып, жетекшінің хаты жарияланғаннан екі күн өткеннен кейін оның кейбір бөліктерін таратты. Бұған қоса осы арнаның сарапшысы: «Ядролық келіссөздер барысында Теһран мен Вашингтонның жақындай түсуі аятолла Хаменеиді Батыс елдерінің ұстанымдарын сынаудан тайындырмады»,-деп жазды.

Бұл репортажда әртүрлі тілдерде, соның ішінде ағылшын тілінде жазылып, ғаламтор кеңістігінде жарияланған жетекші хатының бір бөлігі келтірілген. Репортаждың аяғында жетекші хатының ағылшын тілінде жарияланған мәтіні негізінде хазіреттің сөзін қаз-қалпында беруге мәжбүр болған автор өз сараптамасын Теһран мен Вашингтонның қарым-қатынасында орнаған кеңістік пен сол кеңістіктің жетекші ұстанымдарына тигізген әсерін негізге ала отырып жазды.

CNN ақпарат арнасының тілшісі: «Аятолла Хаменеи екі апта бұрын Twitter әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында ядролық келіссөздер жайында жазып, онда АҚШ-ты дұшпан деп атады. Ол тамыз айында осы әлеуметтік желіде АҚШ полицейлерінің Фергюсон қаласында бір жеткіншектің қаза табуына наразылық танытқан қара нәсілділермен қатынас тәсілін қатты сынады»,-деп жазды.

 «New York Times» газеті осы хатқа реакция білдірген келесі ақпарат құралы болды. Бұл газет: «Иранның жетекшісі Батыс елдерінің жастарынан негізгі және алғашқы дереккөздеріне сүйене отырып, ақпарат құралдарының кеңістік тудыруынан тәуелсіз исламды танып, түсінуге шақырды»,-деп жазды. Аятолла Хаменеи сөзінің жалғасында: «Тарихтан дәріс берейін деген ойым жоқ, бірақ сауал мынада: мәселелерге қатысты Батыстың ұжымдық ұжданын қайта саралағанда неліктен қазіргі қиындықтарға емес, алыстағы өткенге көңіл бөлінуі керек?»-деді.

Осы газеттің жазуы бойынша, аятолла Хаменеи: «Менің баса айтатыным, өздерің зерттеп, сұрақтың жауабын табыңдар, өйткені өз халықтарыңыз бен елдеріңіздің келешегі сіздердің қолдарыңызда. Сіздердің ақиқатты табуға деген қызығушылықтарыңыз бен жауапкершіліктеріңіз көбірек»,-деп қуаттаған.

«Foreign Policy» басылымы да осы жөнінде: «Иранның Ислам революциясының жетекшісі АҚШ халқымен ешқандай дұшпандықтың жоқтығын және сын сөздердің осы елдің қайраткерлеріне бағытталғанын үнемі айтып келеді»,-деп жазды. «New York Magazine» апталық басылымы жетекші хатының толық мәтінін жариялай келіп, ол кісінің өз жолдауын Батыс жастарына жеткізу үшін әлеуметтік желілерді пайдалануын әлемдегі өзгерістерден хабардарлығының белгісі деп жазды.

Сонымен қатар «Ресей дауысы» ақпарат сайты өзінің француз тіліндегі бөлімінде: «Иран Ислам революциясының жетекшісі Еуропа мен Солтүстік Америка жастарына арнаған өзінің жолдауында «Батыс ислам мен мұсылмандарға деген жиіркенішті таратуды көздейді. Аятолла Хаменеи бұл хатта жастардан алдамшы кампанияның құрбанына айналмауға, исламды оның негізгі дереккөзінің, яғни Құран Кәрімнің көмегімен тануға шақырды»,-деп жазды.

Сионистік режимнің ақпарат құралдары аталмыш хатта аятолла Хаменеидің осы режимнің айуандығына тоқталған бір бөлігіне көңіл аударды. Олар аталмыш жолдауды Палестина мен сионистік режим туралы деп көрсетті.

Сионистік режимге қарасты «Israel Times» газеті «Хаменеи: Израиль Париж лаңкестерінен де жабайы» деген тақырыпты осы хатқа қатысты қолданып: «Иранның жетекшісі ешбір айғақтың қалашық салу сияқты Израильдің жабайылығын көрсете алмайтынын айтты. ...Иранның жетекшісі өзінің хатында «Егер Еуропа халқы қазір бірнеше күн бойы өз үйлерін паналап, қоғамдық жерлер мен орталықтарға барудан бас тартса, бір палестиналық жанұя ондаған жыл бойы тіпті өз үйінде де сионистік режимнің қырып-жоюы мен қиратуынан аман емес. Қазіргі таңда айуандықтың шегі тұрғысынан сионистік режимнің қалашық салуымен қандай қатігездікті салыстыруға болады?» деп жазды»,-деп келтірген.

 «Reuters» те жетекші хатында көтерілген тақырыптар арасынан Палестина мәселесіне тоқталып: «Иранның жетекшісі бұл хатта Палестина халқы мен жастарын қолдады. Ол Батыстың сионистік режимді демеуші басты фактор екендігіне сенімді. Батыс жастары бұл мәселеден қапыл қалмауы керек»,-деп жазды.

 «Жаңа ғасыр – байланыстар ғасыры. ИИР сияқты жүйелердің осы жағдайға қатысты қатынасы өте қырағы әрі нақты».

Бұл Ұлыбританияның «Legatum» пікірлесу орталығы мақаласының бір бөлігі. Онда аталмыш хат талданумен қоса, ИИР жүйесінің жоғары лауазымды қайраткерлерінің жаңа байланыс құралдарын пайдалануына тоқталып: «2015 жылдың 21 қаңтарында Иран жетекшісі Еуропа мен Солтүстік Америка жастарына жолдау жасап, исламды тікелей зерттеуге кеңес берді. Бұл хат 1980 жылдары имам Хомейнидің (р.) Салман Рушдиге қатысты шығарған пәтуасы сияқты маңызды. Иран жетекшісі бұл хатты Charlie Hebdo апатынан бір апта өткеннен кейін жазып, осылайша Батысқа олардың саясаткерлеріне емес, жастарына сенетінін және солармен сөйлесетінін көрсетеді. Ол Батыс жастарынан орын алған оқиғадан кейін ислам туралы теріс ойламауға, өздері зерттеп, дұрыс түсінік қалыптастыруға шақырды. Бұл хат Батыс жастарын ешкімнің төрелігінсіз исламмен тікелей достасуға үндейді»,-деп жазды.

Бұл мақаланың авторы Ислам революциясы жетекшісінің екінші хатына тоқталып: «Ислам мәдениеті мен байланыстары ұйымы жетекші хатының әлемнің 21 тіліне аударылғанын, осылайша дұшпанның хатты бұрмалауға бағытталған кез-келген амалының су сепкендей басылғанын аса қырағылықпен мәлімдеді. Иран жетекшісінің хатын таратуда Батыстың екі әлеуметтік желісін пайдаланудың әсерлі рөлі Батыста бар мүмкіндіктерді олардың өздеріне қарсы қаншалықты қырағылықпен қолдануға болатынын халыққа көрсетті. ...Хатты насихаттап, оны жариялау одан хабары жоқ Батыс жастарының көбін оны оқуға және ақиқатты анықтауға ынталандырады»,-деп жазды.

Тегтер