Ислам Революциясы жетекшісінің Батыс жастарына арнаған екінші хатын сараптау
Назарларыңызға «Ислам Революциясы жетекшісінің Батыс жастарына арнаған екінші хатын сараптау» бағдарламасының кезекті бөлімін ұсынамыз. Бұл бағдарламада Иран Ислам Революциясы жетекшісінің Батыс жастарына арнаған хатының түрлі қырларын сараптаймыз.
Хазірет аятолла Хаменеи екінші рет АҚШ пен Еуропаға қаратып лаңкестік пен оның бастау алған тамырлары туралы айтты. Ислам Революциясының жетекшісі бұл хатта лаңкестікті Батыс пен Ислам әлемінің ортақ түйткілі деп атап, Батыс бетпе-бет келіп отырған лаңкестіктің көптеген жылдар бойы ең ауыр жағдайда исламдық қоғамдарды, әсіресе, Палестинаны өз құрбанына айналдырғанын қуаттады. Хазірет Батыстың исламдық қоғамдарға қарсы лаңкестікті қолдап отырғанына тоқталып, батыстық жастарды лаңкестіктің тамырлары мен одан құтылу жолдары туралы ойлануға шақырды.
Иран Ислам Революциясының жетекшісі хатының бір бөлігінде Батыстың Исламдық ояну қозғалысына қатысты екіжақты қатынасына, Батыстың Израильдің үкіметтік лаңкестігін ашық түрде қолдауы мен оның жуырда Ислам әлемінде соғыс ашуына тоқталып, адами зардаптар тудырумен қатар, исламдық елдердің экономикалық және өнеркәсіптік инфрақұрылымдарын қиратқан шабуылдарды Батыстың кереғар қисынының үлгісі екендігін қуаттады. Соңғы 14 жылда Азияның батысында жүздеген мың бейбіт тұрғынның қазасына себеп болған осындай соғыстардың лаңкестікпен күрес сылтауымен және гуманитарлық ұрандармен орын алғаны ойландыратын жайт. Хазірет аятолла Хаменеи былай деп жазды: «Осы жылдары ислам әлемінің шапқыншылардың екіжүзділігі мен көзбояушылықтарынан көрген қиындықтары материалды шығындардан аз емес...
Батыстың саясатында екіұшты өлшемдер үстемдік еткен уақытта терроризмнің құдіретті демеушілер тарапынан жақсы-жаман деп бөлінуі жалғасқанға дейін, мемлекеттердің мүдделері гуманитарлық және ақлақтық құндылықтарға негізделген күнге жеткенше қатігездіктің тамырын басқа жерден іздеудің қажеті жоқ».
Хазірет аятолла Хаменеи осы хатында Батыстың үстемшіл саясаттары біртіндеп Батыстың мәдени саясаттарының тереңіне бойлағанын және оның нәтижесінің басқа мәдениеттерге жұмсақ та жасырын шабуыл жасау екенін қуаттады. Хазірет мұсылмандардың ұзақ ғасырлар бойы басқа мәдениеттермен бейбіт қатынаста болғанына тоқталып, лаңкестіктің тамырын идеология емес, мәдениеттердің таңылған үйлесімсіз байланыстарының нәтижесі деп атады. Хазірет ИСИМ-нің келімсек мәдениетпен осындай сәтсіз байланыстан туындағанын айтып: «Айқын тарихи айғақтар отаршылдық түсінігінің бәдәуи тайпасындағы экстремистік оймен аймаққа радикализмнің дәнін қалай сепкенін анық көрсетеді. Әйтпегенде, әлемнің ақлақ пен адамгершілікке негізделген ең гуманизмді мектептерінің бірінен ИСИМ сияқты қоқыс қалай шығады?»
Иран Ислам Революциясының жетекшісі Батыс мәдениетінің лаңкестік пен қатыгездікті тудырудағы рөлі туралы былай деп жазды: «Әлемнің көптеген елдері өзінің жергілікті және ұлттық мәдениетін мақтан тұтады. Бұл мәдениеттер қалыптасып, дами отырып, жүздеген жылдар бойы адамзат қоғамын жақсы қоректендіріп келді. Ислам әлемі де бұл жағдайдан тысқары емес. Бірақ қазіргі таңда Батыс елдері дамыған құралдарды пайдалану арқылы әлемді мәдени тұрғыдан ұқсас әрі бірыңғай қалыпқа түсіруге талпыныс жасап жатыр. Мен Батыстың басқа ұлттарға өз мәдениетін таңуы мен тәуелсіз мәдениеттерді менсінбеуін жасырын әрі өте зиянды қатігездік деп санаймын».
Мәдениеттер арасындағы байланыстың екі түрі болады. Бірінші жағдайда, қабылдаушы қоғам хабардар бола тұра, басқа мәдениеттің элементтерін өз еркімен қабылдап, оны өзінің мәдениетіне енгізеді. Мұндай жағдайда нысанадағы қоғамның адамдары үшін өз мәдениетінде болмаған сындарлы элементтерді басқалардан қабылдап алып, өз қоғамын дамытуға көмектесуіне мүмкіндік туындайды. Басқа мәдениеттің элементтерін таңдау өзіндік мәдениеттің сындарлы элементтері бұзылмайтындай және қабылдаушы қоғамның мәдени шеңберін назарға ала отырып жасалады.
Алайда мәдени байланыстың тағы бір түрі бар. Біз оны «мәдени шабуыл» деп атаймыз. Мәдени шабуылда бір қоғамның қажеттіліктері назарға алынбастан және мәжбүрлеу арқылы бір мәдениеттің элементтері екінші мәдениетке таңылады. Мұндай байланыста нысанадағы қоғамның қажеттіліктері мен осал және мықты тұстары назарға алынбағандықтан, қабылдаушы мәдениет үшін үйлесімсіз бейне қалыптасып, онда қоғамдық ауытқушылықтар пайда болады. Мәдени шабуылда бір қоғамның мәдениетінің өзгеруі шартымен саяси және экономикалық мақсаттар көзделеді. Отаршылдық кезеңінен бастап көптеген елдер мәдени шабуылға душар болды.
Бүгінгі таңда әлем елдерінің ой-санасы мен қоғамдық хабардарлығы өскендіктен, соғыс ашу арқылы ықпал ету және отаршылдыққа қол жеткізу оңайшылықпен жүзеге асырылатын іс емес. Жүзеге асырылғанның өзінде басқыншылар үшін көптеген шығын келтіреді. Сол себепті соңғы бір ғасырда отаршыл елдер басқа елдерге ықпал ету жолын өзгертіп, мәдени саясаттар (діни үгіт-насихат, технологияны тарату, қайырымдылық қорлары, және т.б.) арқылы өз мақсаттарына жетуді көздеп келеді.
Қазіргі кезде үстемшілдердің ойынша, басқа елдерге ықпал етудің ең жақсы жолы олардың мәдениеттеріне әсер етіп, оларды іштен өзгерту болып табылады. Олар халықтардың ұлттық және жергілікті критерийлерінің орнын басу үшін өз қалауындағы құндылықтарды озық етіп көрсетуге тырысады. Халықтардың мәдениеттерінде бұл әрекет «мәдени шабуыл» деп аталады. Бұл шабуыл халықтардың табандылығы мен қайсарлығын жойып, оларды еш қиындықсыз тізе бүктіруді көздейді.
Батыстық қоғамтанушы Мишель Пануф аккультурация терминін түсіндіруде Батыстың мәдени империализміне тоқталып былай деп жазады: «Бүгінде аккультурация сөзі тең емес күшке ие екі мәдениеттің ерекше байланысын білдіреді. Мұндай жағдайда ынтымақты әрі техника жағынан көбірек жабдықталған басым қоғам, әдетте индустриалды қоғам тікелей немесе жанама түрде таңылатын мәдениетке айналады». Зерттеуші осындай басып кірудің ауқымдырақ болғандағы жағдай туралы былай деп жазады: «Басым мәдениет екінші қоғамның құндылықтары мен рухына нұқсан келтіріп, оны қорлап, артынан жоюға талпынып, «геноцид» сөзін басым мәдениеттің жеңілген мәдениетке мәжбүрлі түрде мәдениетін таңу үдерісін түсіндіру үшін пайдаланады. Индустриялды қоғам «мәдени геноцидті» өздерінің ойынша артта қалған қоғамдардың формасын өзгерту немесе тыныштық орнату үшін қоғамдарды бір-біріне ұқсастыру мақсатында жүзеге асырған және жүзеге асырып келеді».
Хазірет аятолла Хаменеи хатының жалғасында былай деп жазды: «Бай мәдениеттерге құрметсіздік көрсету, олардың ең қадірлісін қорлау елдердің өз мәдениеттерін басқамен алмастыруды қажет етпейтін жағдайда орын алып отыр. Мысалы, өкінішке орай, Батыс мәдениетінің негізгі сипаттарына айналған дөрекілік пен ақлақтық бейбастақтық бұл мәдениеттің өзге емес, өз жерінде де орны мен құрметін төмендетті. Мынадай сауал туындайды: егер біз кекшіл, адамгершілікке жат әрі мағынасыз мәдениетті қабылдағымыз келмесе, күнәһар болғанымыз ба? Егер біздің жастарымызға өнерсымақ кейіпте беріліп жатқан әралуан өнімдердің бұзушы-бүлдіргі тасқынына тосқауыл қойсақ, жазықтымыз ба? Мен мәдени байланыстардың маңыздылығы мен құнын жоққа шығармаймын. Бұл байланыстар үнемі табиғи жағдайда қабылдаушы қоғамға құрмет негізінде орын алса, мәдениеттің дамуы, кемелденуі мен баюына септігін тигізеді. Ал керісінше сырттан таңылған үйлесімсіз байланыстар сәтсіз әрі зиянды болады».
Иран Ислам Революциясының жетекшісі осы хатында мұсылмандардың ғасырлар бойы басқа мәдениеттермен достық әрі сындарлы қатынаста болғанына тоқталып, тарихтың бұл сөздерді дәлелдейтінін айтады. Франциялық зерттеуші Гюстав Лебон исламдық мәдениет пен өркениет және Ислам дінінің адамзат қоғамына енгізген ауқымды өзгерістері туралы былай деп жазады: «Исламның саясат пен өркениеттегі әсері расымен таң қалдырады... Ислам пайғамбары келгеннен кейін бір ғасырдың ішінде бұл діннің ықпалы Синд өзенінен Андалусияға дейін таралып, осы елдердің барлығында Исламның жалауы желбіреді. Адамгершілік арқылы қол жеткізілген барлық жетістіктер шын мәнінде таңғаларлық болды. Оның басты себебі Исламның наным-сенімдерінің табиғат қағидаларына толығымен сәйкес келуінде. Осы наным-сенімдердің арқасында қоғамдық ахлақ тазарып, ол жерде әділет, жақсылық пен діни төзімділік орнады».
Батыстық үстемшіл қайраткерлер түрлі мүмкіндіктер, құрал-жабдықтар мен әдіс-тәсілдерді пайдаланып, батыстың мәдениетін әлемдіктердің алдында озық мәдениет ретінде көрсетуге талпынды. Негізінде қазір Батыс мәдениеті өзінің отанында ауыр қиыншылықтар мен қатаң сынға ұшырап отыр. Бейбастақтық пен қатыгездік батыс қоғамының теріске шығаруға келмейтін екі ерекшелігі болып табылады. Дәл осы ерекшеліктер басқа мәдениеттерге таңылады. Оған керісінше Батыс оларды жоюға талпынатын мәдениеттер ғасырлар бойы әлемде ахлақ пен ғылымды дамытқан сындарлы ерекшеліктерге ие. Батыстық үкіметтер тарапынан кейбір мәдениеттерге қарсы жасалған және әлі де жасалып жатқан осы жасырын зұлымдықтың жағымсыз салдарлары бар. Олардың қатарына ИСИМ сияқты топтардың құрылуын жатқызуға болады. Хазірет аятолла Хаменеи батыстық жастарға арнаған осы хатында әлемдегі лаңкестіктің қалыптасуының түп-тамырларын дұрыс анықтап, оны бейтараптандыруға тырысады.