Нәміл сүресі, 673-ші бөлім, 50-56 аяттар
Нәміл сүресінің 50-56 аяттарының тәпсірі
«Нәміл» сүресінің 50-51-52-53 аяттары:
وَمَکَرُوا مَکْرًا وَمَکَرْنَا مَکْرًا وَهُمْ لَا یَشْعُرُونَ»، «فَانظُرْ کَیْفَ کَانَ عَاقِبَةُ مَکْرِهِمْ أَنَّا دَمَّرْنَاهُمْ وَقَوْمَهُمْ أَجْمَعِینَ»، «فَتِلْکَ بُیُوتُهُمْ خَاوِیَةً بِمَا ظَلَمُوا إِنَّ فِی ذَلِکَ لَآیَةً لِّقَوْمٍ یَعْلَمُونَ»، «وَأَنجَیْنَا الَّذِینَ آمَنُوا وَکَانُوا یَتَّقُونَ» Олар сондай айлакерлік жасады. Біз де олар сезбеген жерден шарасын көрдік (50). Ал олардың айлакерліктерінің соңының не болғандығын бір көр. Оларды да, елдерін де тұтас жоқ еттік(51). Міне, олардың зұлымдықтары салдарынан бұзылған үйлері, білген елге бір ғибрат. (52) Иман келтіріп, сақтанғандарды құтқардық. (53) Алдыңғы бағдарламада хазірет Салехтің кейбір қарсыластарының хазіретті өлтіруге шешім қабылдағандарын айттық. Олар бір-біріне серт беріп, Салеһтің өлімі бір адамның немесе бір топтың мойнына артылмауы үшін әртүрлі тоғыз топтан құралған адамдар сыбайластық жасамақ болды. Олар хазірет Салеһ өзінің отбасы мен серіктерінен алыста, таудың ортасында мінәжат етуге кіріскен кезде оған шабуыл жасап, оның ісін тамамдамақ болды. Бірақ Алланың қалауымен тауда көшкін жүріп, таудың етегінде бұғып отырған олардың үстеріне тастар құлады. Осы аяттар былай дейді: «Олар құрған жоспарларымен нәтижеге жетеміз, Салеһтің көзін жоямыз деп ойлады. Бірақ олар Салеһтің Құдайының олардан мықты екенін, олардың жоспарларынан толығымен хабардар екенін білмеді». Қастандық жасамақ болғандар ғана емес, сонымен қатар осы өлімге келісімдерін берген Самуд қауымы да Алланың қатты жазасына ұшырап, өлді. Бірақ Құдайдың алдында күнәсіз бен күнәһар бірдей емес, құрғақ пен дымқыл бірге күймейді. Сол себепті Алланың қалауымен мүміндердің сол азаптан жандары қалып, құтылды. 1.Егер иман иелері өздерінің міндеттерін орындаса, Құдай кәпірлердің қастандықтарын дер уақытында залалсыздандырып, кәпірлердің үстемдік етуіне жол бермейді. 2.Хақтың жалғанды жеңетіндігі - Алланың сүннеті. Бірақ жалған жолдағылар, тіпті кейде сырттай кейбір табыстарға қол жеткізгінімен, олар тұрақты емес. Себебі жалған осал, негізсіз әрі жоғалады. 3. Болашақ ұрпаққа ғибрат мәйегі болуы үшін бұрынғы қауымдардан қалған ежелгі ескерткіштерді сақтауымыз керек. 4.Иман мен тақуалықтың әсерлері мен пайдалары тек ақыретке ғана қатысты емес. Тақуалар осы дүниеде де өз істерінің нәтижелерін көреді. Сондай-ақ зұлымдардың істерінің салдарлары да ақыретке ғана қатысты емес. Кейде олар да осы дүниеде өз істерінің салдарларын байқайды. Нәміл сүресінің 54-55 аяттары:
Лұт (Ғ.С.) ты да жібердік. Сол уақытта еліне: "Сендер көре тұра арсыздық істейсіңдер ме?",- деді. (54) "Сендер әйелдерді қойып, еркектерге қызығып, келесіңдер ме? Әрине сендер надан елсіңдер!" (55) Хазірет Салеһтің оқиғасын баяндаған соң осы аяттар қысқаша түрде хазірет Лут пен қауымының оқиғасына тоқталады. Лут қауымының оқиғасы бұдан бұрынғы бірнеше сүреде де айтылғанымен, жыныстық азғындықтар, соның ішінде біржыныстық қатынас тарих бойында болғандықтан Құран көптеген жайттарда Лут қауымының оқиғасына сілтеме жасап, болашақ ұрпаққа ескерту және ғибрат болсын деп, олардың жаман салдарларын құлаққағыс етеді. Осы аяттар былай дейді: «Хазірет Лут өз қауымының еркектері арасында тараған сорақы да ұят біржыныстық қатынасты айыптап: «Бұл істің масқара екендігін білетін сендер қалайша бір-біріңнің көз алдында осындай сұрқия іспен айналысасыңдар? Сендердің әйелдерің бар емес пе? Өз әйелдеріңнің орнына неліктен басқа еркектерге барып, өз әйелдеріңді тастайсыңдар?» деді. Ер адамдар әйелдердің орнына еркектерді іздейтін кезде әйелдер де біртіндеп өздерінің күйеулерінен суып, басқаларға көз сала бастайтын болады. Бұл іс отбасы негізінің шайқалып, күйреп, қоғамда ажырасу мен талақтың көбеюіне себеп болады. Өкінішке орай, өзін дамыған өркениетті әлем санайтын бүгінгі дүниеде кейбір әйелдер мен ерлердің арасында біржыныстық қатынас таралған. Бұл адамның табиғатына жат сорақы істің кейбір батыс елдерінде заңдық және ресми аспектіге ие болғаны алаңдатарлық. Осы аяттардан үйренетініміз: 1.Қоғамда таралған масқара істермен күрес – Алланың пайғамбарлары мен қоғамдық реформаторлардың міндеттері. 2. Жыныстық қалау – адамның табиғи қажеттіліктерінің бірі. Бірақ осы қажеттілік табиғи жолдан тайып, жеке бас пен қоғамдық көптеген қиындықтар мен зардаптар тигізетін жол арқылы емес, әлемнің жаратушысы белгілеген заңды жол арқылы қанағаттандырылуы керек. 3.Жыныстық ауытқушылықтар, соның ішінде біржыныстық қатынас кейбір білімді мәдениетті адамдардың арасынан да көрініс бергенімен, бұл жәһілдік пен ақымақтықтың, ақылсыздықтың белгісі. Нәміл сүресінің 56 аяты: Сонда елінің жауабы: "Лұттың жанұясын кенттен шығарыңдар. Өйткені олар тазасынған кісілер" деу, ғана болды. (56) Күнәһарларды ұят істерінен тыйған хазірет Луттың қисынды да дәлелді сөздеріне қарсы олар хазіреттің сөзін қабылдаудың орнына оған дөрекі қатынас көрсетіп, әдепсіздікпен: «Бізге ілеспейтін, бізді үнемі айыптайтын Лут пен оның отбасы мүшелерін және серіктерін бұдан былай бізге мін тағып, мазамызды алмауы үшін бұл қаладан қуып жіберу керек» деді. Күнә шегіне жеткен кезде пәктік пен адалдық қылмыс саналып, оның жазасы қуғын мен зындан болады. Жүсіп пайғамбар сынды пәк жігіт пәксіздермен бір болуды қаламаған кезде зынданға қамалып, өмірінің көп жылын пәктікті сақтауға ұмтылғанына бола зынданда өткізді. Осы аяттардан үйренетініміз: 1.Күнәһар адамдарға кеңістік тарылу үшін күнәға қатысты үнсіздік танытпау керек. 2.Зұлымдыққа әшкере түрде тыйым салудың нәтижесі оң болмаса да, қуғын-сүргінге соқтырса да, оны жүзеге асыру керек. 3. Жыныстық қатынастар азаттығы ұранына, соның ішінде біржыныстық қатынасқа жәһіл, адасқан адамдар болған Лут қауымы барды. Мұндай азаттық пен жүгенсіздік ешқашан да даму мен өркениеттің белгісі болмайды. |