Ақп 25, 2016 17:36 Asia/Almaty
  • Аптаның экономикалық журналы (67)

Әзірбайжан Республикасының Президенті Илхам Әлиев сейсенбі күні жоғары деңгейлі делегацияны бастап, Теһранға келді. Осы сапардың маңызды мақсаттарының бірі «Ортақ қадам» бағдарламасынан кейінгі көршілес екі елдің экономикалық ынтымақтастықтарын кеңейту туралы сұхбаттасу болды. ИИР Президенті Хасан Рухани Әзірбайжан Республикасының Президентімен өткізген ортақ баспасөз маслихатында екі ел арасында 11 келісім мен меморандумға қол қойылғанын мәлімдеді.

Әзірбайжан Республикасы Президентінің Иранға сапарының қарсаңында осы елдің Экономика министрі жоғары деңгейлі делегацияның басшылығында Теһранға келді.  

Әзірбайжан Республикасының Экономика министрі әрі ортақ экономикалық комиссияның төрағасы Шахин Мустафаев жұма күні кешке Бакуде Иран Телерадио ұйымының тілшісіне берген сұхбатында осы әзірбайжандық делегацияның сапарының мақсаттары туралы: «Бұл делегация Теһранға сапары барысында екіжақты ынтымақтастықтарға қатысты түрлі тақырыптарды талқылап, ынтымақтастық құжаттарына қол қоюды жеделдету үшін қажетті келіссөздер өткізеді» деді.

Иранның Мұнай министрі Бижан Зангане ШАНА-ға берген сұхбатында Әзірбайжанмен қатынастардың деңгейін жақсы деп бағалап: «Иран бұл елмен мұнай және мұнай өнімдеріне қатысты келісімдер аясында әріптестік жасауға әзір» деп қуаттады.

Иран мен Әзірбайжан Республикасы сауда, транзит және энергетика салаларында бірқатар құжат дайындады. Олардың кейбіреулері осы сапар барысында қорытындыланып, қол қойылады.

Оманның Сыртқы істер министрі Юсуф бен Алави да осы аптада жоғары деңгейлі делегацияны бастап Теһранға келді. «Ортақ қадам» бағдарламасы жүзеге асырылып, Иранға қарсы санкциялар жойылғаннан кейін жасалған осы сапар қарым-қатынастарды кеңейту жолындағы жаңа қадам саналады. Оман Сыртқы істер министрімен бірге Оманның Сауда министрі, инвестициялық топтың басшысы, Орталық банктің төрағасы, Оманның Маскат банкінің төрағасы Иранға келді.

Омандық делегацияның Теһранда өткен келіссөздерінде басты назар сауда, өнеркәсіп, энергетика салаларындағы ынтымақтастықтар мен өнеркәсіп, тау-кен өндірісі, тасымал, кеден және банк ісі бөлімдеріндегі ортақ инвестицияларға аударылды.

Иранның Мұнай министрі Бижан Намдар Зангане Оманның Сыртқы істер министрімен кездескеннен кейін Иран мен Оманның екіжақты қарым-қатынастарды кеңейту мақсатында қажетті инфрақұрылымдарды дайындау үшін талпыныс жасайтынын мәлімдеді.

Иран 2014 жылдың наурыз айында Оманмен жылына 10 миллиард текше метр табиғи газ экспорттау жөнінде келісімге қол қойған болатын. Бұл келісім Парсы шығанағы арқылы су асты құбырын салу жобасын қамтыды. Жобаның құны 1 миллиард долларды құрады. Оман Иранмен газ құбыры желісі, шикі мұнай орталығы, шикі мұнайды тазарту зауыттары мен халықаралық әуе компаниясын құру туралы 4 жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр.

Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрі Мұхаммад Реза Нематзаде да Теһранда Оман Сыртқы істер министрімен кездесуінде сөйлеген сөзінде Иран мен Оманның темір жол, су және әуе жолдары, мұнай, газ, екі елдің тауарлар мен қызметтерге қажеттілігін қамтамасыз ету бөлімдеріндегі ортақ инвестицияларының артатынын айтты.

Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрі сонымен қатар көлік өндіретін ирандық компанияның жақын болашақта Оманда жұмысын бастайтынын хабарлап, Иранның металл, болат және мұнай-химия сияқты басқа да өнеркәсіптерде Оманмен әріптестік жасауға әзірлігін мәлімдеді.

Иранның Жол және қала құрылысы министрі Аббас Ахунди Иранның «Оман-Иран-Түркіменстан-Қазақстан» төртжақты дәлізін құруға әзірлігін мәлімдеп: «Иран- Әзірбайжан Республикасы-Грузия дәлізі іске қосылды. Оман да осы дәлізге қосыла алады» деп еске салды.

Оманның Сыртқы істер министрі Юсуф бен Алави де кездесуде өз елінің Иранның Чабаһар порты мен Оман порттарының арасындағы қатынастарды арттыруды қуаттайтынын айтып, Маскаттың мақсатын теңіз тасымалын жеңілдету және кемелердің екі ел порттарындағы аялдау уақытын азайту деп атады.

Өткен аптада Дохада Арабстан, Ресей, Катар мен Венесуэла елдері Мұнай министрілерінің отырысы өтті. Соның жалғасында Теһранда Иранның Мұнай министрлігінің ұйымдастыруымен тағы бір отырыс өтті.

Теһран отырысына Иранның Мұнай министрі Бижан Намдар Зангане, Ирактың Мұнай министрі Адел Абдолмехди, Венесуэла Мұнай министрі Эулохио дель Пино мен Катардың Индустрия және энергетика министрі Мұхаммад бен Салех әл-Саде қатысты.

Зангане осы отырыстан кейін берген сұхбатта: «Біз ОПЕК-ке мүше және мүше емес елдер арасындағы ынтымақтастықты құптаймыз. ОПЕК-ке мүше және мүше емес елдердің тұтынушылар мен өндірушілердің пайдасы үшін нарықтың жағдайын жақсарту және бағаны нығайту мақсатында өзінің өндіріс деңгейін сақтап қалу туралы қабылдаған шешімді біз де қолдаймыз. Бұл – алғашқы қадам. Одан кейін де қадамдар жасалуы керек. Бірақ ОПЕК-ке мүше және мүше емес елдердің нарықтың жағдайын жақсарту үшін әріптестік жасауды бастауы қуантарлық мәселе. Біз де нарықтың жағдайын жақсарту және бағаны нығайту мақсатында жасалған барлық шараларды қолдаймыз» деді.

Зангане сонымен қатар осы отырыста Иранның жағдайы мен елдің санкциялардан кейінгі кезеңде нарыққа қайта оралу мәселесі талқыланғанын айтып: «Бұл жайында Ирак, Катар мен Венесуэланың мұнай және энергетика министрлерімен сұхбаттастық. Олардың бұл мәселеге қатысты көзқарасы қисынды болды. Болашақта жасалып жатқан талыпыныстардың нарықтың жағдайының жақсаруына себеп болатындығына үміттенемін» деді.

ОПЕК мүшелерінің мұнай өндірісі қаңтар айында күніне 33 миллион баррельді құрады. Бұл көрсеткіш 2010 жылы жасалған келісімге дейінгі деңгей болып табылады. Қазіргі кезде нарыққа шамамен тұтыныс деңгейінен 2 миллион баррельге артық мұнай ұсынылуда. Осы мөлшердің 1,5 миллион баррелі Арабстанның үлесінде. Бұл мөлшер Арабстанның ОПЕК-тегі белгіленген үлесінен артық болып табылады. Арабстан күніне шамамен 11 миллион баррель мұнай өндіреді.

ИИР вице-президенті Ислам әлемнің қиыншылықтарын шешу үшін барлық елдердің бірігуі қажеттігін қуаттады.

ИРНА-ның хабарлауы бойынша, ИИР-ның вице-президенті Исхақ Джаһангири дүйсенбі күні Теһранда Алжирдің Су ресурстары және қоршаған орта министрі Абдолвахаб Нуримен кездесуінде батыс елдерінің Ислам әлемінің мәселелерін шешу үшін әрекет етпейтінін айтып: «Иран және Алжир сияқты елдер қиыншылықтарды шешуде озық болуы керек» деді.

ИИР вице-президенті мұнай бағасының төмендеуімен күресу үшін Иран мен Алжирдің әріптестік жасауы керек екендігін қуаттап: «Иран мен Алжир мұнай табыстарына тәуелділіктен арылу үшін жоспар құруы қажет. Теһран осы аядағы өзінің тәжрібилерімен Алжирмен бөлісе алады» деді.

Джаһангири әділетсіз санкциялар жойылғаннан кейін Алжирмен қатынастар деңгейін көтеру үшін мүмкіндік туындайтынын айтып, екі елдің ортақ комиссиясында жасалған келісімдерді қадағалауды сұрады.

Алжирдің Су ресурстары және қоршаған орта министрі өз елінің жоғары дәрежелі қайраткерлерінің Иранмен барлық салалардағы ынтымақтастықтарды кеңейтуге бағытталған саясаттарын қуаттап, ирандық компаниялар мен инженерлердің жаңа технологияларды, әсіресе, су және электрге қатысты жобалардағы технологияларды пайдаланудағы біліктілігін дәріптеді.

Нури Иранның ядролық келіссөздердегі орнына тоқталып, қол жеткізілген келісімді барлық исламдық елдердің мақтанышы деп атап: «Барлық елдер өзінің заңды құқығы ретінде ядролық энергияны бейбіт мақсатта қолдануды қалайды. Иран да табандылықпен өз құқығын қорғады» деді.

Алжирдің Су ресурстары және қоршаған орта министрі Таяу Шығыстың тұрақсыз жағдайы мен кейбір елдердің қате саясаттары туралы: «Аймақтағы кейбір елдердің қисынсыз саясаттары мұнай бағасының төмендеуі мен мұнай экспорттаушы елдердің алаңдаушылығына себеп болды» деді.

Иранның оңтүстігіндегі Бушер облысы мен Оман елінің экономикалық ынтымақтастықтарын кеңейту жолдары екі жақтың экономикалық белсенділерінің отырысында талқыланды.

Бушер облысының 80 экономикалық белсендісі мен Оманның экономика саласындағы 22 маманының ортақ отырысы сәрсенбі күні Иранның оңтүстігіндегі Бушер портының Сауда, өнеркәсіп, тау-кен және ауылшаруашылық палатасында өтті.

Бушер портының Сауда, өнеркәсіп, тау-кен және ауылшаруашылық палатасының төрағасы Әли Акбар Шарифпурдың айтуынша, омандық делегация сауда және өнеркәсіптік қатынастарды кеңейту үшін Бушер облысына сапармен келіп отыр.

Шарифпур ауылшаруашылық пен түрлі өндірістерді, соның ішінде, құрылысты Бушер мен Оманның экономикалық әріптестіктері үшін лайықты салалар деп атап, жақында Бушер облысынан бір делегацияның экономикалық байланыстарды кеңейту үшін Оманға сапар шегетінін айтты.

Оманның экономикалық делегациясының басшысы Хафез бен Насер әр-Рабии да Бушер облысына сапардың мақсатын осы облыспен сауда қатынастарын орнату деп атап: «Бушер облысында экономикалық байланыстарды кеңейту үшін көптеген мүмкіндіктер бар. Бұл облыс ауылшаруашылық, өнеркәсіп және тау-кен салалары бойынша да жақсы мүмкіндіктерге ие» деді.

Иран Жапониямен екіжақты қатынастарды кеңейтуді құптады.

Иран Президентінің орынбасары әрі Басқару және жоспарлау ұйымының төрағасы Мұхаммед Бақер Ноубахт өткен аптада Теһранда Жапония премьер-министрінің сыртқы саясат жөніндегі арнайы кеңесшісі Катсуюки Каваимен кездесуінде: «Иранның Басқару және жоспарлау ұйымы екі елдің қарым-қатынастарын, әсіресе, инвестиция салу ісін жеңілдету үшін әріптестік жасауға әзір» деді.

 Иранның Басқару және жоспарлау ұйымының төрағасы сонымен қатар ортақ әріптестіктердегі ықтималды кедергілерді бейтараптандыру және инвестиция салуды жеңілдету үшін тезірек шешім қабылдау мақсатында арнайы жұмыс тобын құруға ұсыныс жасады.

ИИР Президентінің орынбасары: «Иран халқы Жапонияның өркениетті әрі мәдениетті халқы мен осы ел үкіметі туралы жақсы естеліктерге ие» деді.

Санкциялардан кейінгі кезеңде Иранның бүкіл әлеммен қарым-қатынасы артып, кеңейетін болады.

Иранның Өнеркәсіп, тау-кен және сауда министрі өткен сәрсенбіде бір делегацияны басқарып, Иранның екінші мамандандырылған көрмесін ашу үшін Бағдадқа сапар шекті.

Нематзаде осы екі күндік сапарында Ирактың Өнеркәсіп және тау-кен министрімен кездесіп, өнеркәсіптік қалашықтар салу жобасын ұсынды.

Нематзаде сонымен қатар Ирактың Орталық банкінің төрағасымен кездесуінде ортақ сауда-инвестициялық ынтымақтастықтар үшін қажетті шаралардың бірі ретінде екі ел арасында банктік және валюталық қатынастарды іске қосу деп атады.

Кездесуде Ирактың Орталық банкінің төрағасы Әли әл-Алақ осы тақырыпты қарастыруға және екі ел арасындағы банктік және валюталық байланыстардағы қиыншылықтарды шешуге уәде берді.

Мұхаммад Реза Нематзаде осы сапарында Ирактың Сауда министрлігімен Ирак халқын басты азық-түліктермен, әсіресе, өсімдік майымен қамтамасыз етуді мақсат еткен бір меморандумға қол қойды.

Ол сонымен қатар Бағдадтың оңтүстігіндегі Искандария аймағындағы ирандық көліктерді монтаждау зауытын аралап, Арисан көліктерін монтаждау желісінің ашылу салтанатына қатысты.

Нематзаде Бағдадта Ирактың премьер-министрі Хайдер әл-Абадимен кездесуінде экономикалық ынтымақтастықтарды нығайту және алдағы қиыншылықтарды бейтараптандырудың жолдарын қарастырды.

Осы сапармен тұспа-тұс Иранның Хузистан облысының орталығы Ахваз қаласында 32 компанияның қатысуымен Иракқа экспорттау мақсатында Азық-түлік өндірісінің мамандандырылған көрмесі өткізілді.

Ирактың Ирандағы елшісі Раджех Сабер Абуд әл-Мусави жұма күні Хузистандағы Азық-түлік өндірісі көрмесін аралау кезінде: «Ирак үкіметі Иран тауарларын, әсіресе, азық-түлік өнімдерін экспорттау мәселесіне назар аудара отырып, Иранмен ортақ шекаралардағы сауда бекеттерін арттыруды көздеп отыр» деді.