Иран ертегілері мен аңыздары (126)
Көптеген зерттеушілердің пікірінше, автор өз ертегісінің кейіпкерлерінің есімін түсінікті қылу үшін мағыналы жұрнақтар, туынды сөздер немесе жіктелетін сөздерді қолдана алады. Осылайша оқырманның ойлау аясын кеңейтеді.
Ертегілер психологиясы тұрғысынан оқырман әрдайым жалқы есімнің ішіндегі әртүрлі жұрнақтар мен түбірлерді ажыратып, әлгі есімді оның өткенімен байланысы тұрғысынан талдағанды жақсы көреді. Немесе керісінше, егер есімнің мағынасы оқырман тарапынан тез анықталатын болса, әлгі жұрнақтарды кейіпкердің келешегін болжау үшін қолданады.
«Мың бір түн» құнды кітабында қолданылған есімдер – көбінесе астарлы мағынаға ие күрделі сөздер. Бұлар парсы тілін білетін адамдар үшін қиял-ғажайып бейнелердің туындауына себеп болады. Мысал ретінде осы кітаптағы үш негізгі есім, яғни Шахризада (Шахрзад), Шахрияр мен Дүниязадты атауға болады. Шахризада «шахр» мен «зад» деген екі сөзден тұрады, яғни қала тудырушы – қаланы салған адам деген мағынаны білдіреді. Шахризада шын мәнінде өзінің ертегі айтудағы таңғажайып бастамашылдығымен патшаның өзімшілдігінен жапа шеккен халық тұратын қаланың қайта өрлеуіне себеп болған жоқ па? Кейбір зерттеушілердің пікірінше, Шахризада Иран мәдеиетінде «Чехразад» деген лақап аты бар Бахманның қызы Хома деп аталған Астар болуы керек. «Чехразад» лақабы «чехр»- адамның бет-жүзі, «азад» - еркіндік алған мағынасындағы екі сөзден құралған. Сондықтан да Чехразад адамдарды еркіндікке шығарған кісіні еске түсіреді.
Шахризаданың сіңлісі немесе қызметшісі Дүниязадтың есімі де әлем мағынасындағы «дүние» және жаратушы, тудырушы мағынасындағы «зад» жұрнағынан тұрады. Ертегішіден жүрекке жылы тиетін ертегілер айтуды өтінетін Дүниязад – шын мәнінде ертегілердегі сиқырлы әлемнің туындауының басты факторы. Осылайша, оның есімі де «Мың бір түн» кітабындағы рөліне сәйкес келеді.
Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Кәззап халиф» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, бір күні кешке Харун әр-Рашид Джафар Бәрмәки атты уәзірі мен қылышшы Масрурмен бірге киімдерін ауыстырып, белгісіз кейіпте қалаға барып, халықтың жағдайын білуге шешім қабылдайды. Олар Тигр өзенінің жағасында қыдырып жүрген кезде өзін өтіріктен «халиф» деп таныстырған адамды байқайды. Харун әр-Рашид кәззап халифті көрген соң, оның кемесінің артынан жүріп отырып, тұрақтаған жерін анықтайды. Күзетшілер оларды ұстап алады. Олар өздерін саудагерміз деп таныстырады. Кәззап халиф оларды өз сарайына апарып, салтанатты дастархан жаюға бұйрық береді. Тамақтан кейін музыка ойналады. Кәззап халиф музыка ойналып жатқан кезде бірнеше рет есінен танып, үстіндегі киімдерін жыртып тастайды. Нөкерлері оған жаңа киім кигізеді. Осындай киім жырту кезінде нағыз халиф жалған халифтің иығынан қамшының жарасын байқап, Джафар Бармакиге ақырын ғана жағдайды айтады. Кәззап халиф олардың сыбырласып отырғанын байқап, мұның себебін сұрайды. Джафар Бармаки Харун әр-Рашидтің бұйрығымен әлгі зақымның неден пайда болғанын сұрайды. Кәззап халиф Харун әр-Рашид пен оның қасындағыларға оларды танығанын айтады. Содан соң өзінің басынан өткен оқиғасын баяндап береді: ол әкесі қайтыс болғаннан кейін оның кәсібін, яғни зергерлік бұйымдар жасау ісін жалғастырған. Бір күні қаланың бай әулеттерінің бірінен бір әйел оның дүкеніне келіп, одан асыл тастармен әрленген әдемі алқа сұраған, ақшасын төлеу үшін одан өзімен бірге үйге жүруін сұраған. Сол жерде әйел өзін Джафар Бармакидің қарындасы Дүния деп таныстырып, өзімен үйленуге ұсыныс жасаған. Енді ертегінің жалғасын тыңдайық.
Мен бар ынтаммен қабылдап: «Дүния бану, ақсүйек, сұлу әйелдің күйеуі болу мені шаттандырып, мақтанышқа бөлейді»,-дедім. Содан соң ол куәлер мен молданы шақырды. Олар келген соң менен алған алқасын мойнынан алып, молданың алдына қойып: «Қымбат бұйымдар сатушы Әлидің ұлы Мұхаммадәли мені өзінің жұбайы ретінде таңдап, мына асыл алқаны менің қалың малым ретінде берді»,-деді. Мен қабылдадым. Содан соң молда неке құтпасын оқыды. Дүния банудың үйінде қарбалас басталып кетті. Барлығы біздің тойымызды жасауға кірісті. Қызметшілер мен нөкерлер бізбен бірге қуанып жүрді. Қонақтарға әртүрлі жеміс-жидектер мен тәтті-дәмділер таратылып жатты. Біздің үйлену тойымыз түнге дейін созылды. Содан соң қонақтар бір-бірден құттықтау айтып, бақыт тілеп, қайтып жатты. Ия, тақсыр, мені мен Дүния банудың ортақ өміріміз осылайша басталды. Бір ай өтті. Мен оның үйінен бір сәтке сыртқа шықпадым. Тіпті өмірлік қаражат табу үшін де сыртқа шықпадым. Дүния банудың үйіне келгенен бері дүкенім жабық болды. Оны жақсы көріп қалғаным соншалықты, бір сәтке де одан ажырағым келмеді. Оның да мені қатты жақсы көргені соншалықты, мені үйден шығарғысы келмеді. Ол басқа әйелдер қызғанып, мені жолдан тайдырады деп қорықты. Екеуміз тыныштық пен шаттықта өмір сүріп жаттық. Күндердің бір күнінде Дүния бану киім мен моншаның заттарын алып, маған: «Мұхаммадәли, мен қызметшілеріммен бірге моншаға барамын. Сен осында қал. Менің көңілім орнында болуы үшін үйден шықпаймын деп серт бер»,-деді. Мен оның көңілін тыныштандыру үшін: «Сен қайтып келгенге дейін осы үйден шықпаймын деп серт беремін»,-дедім. Содан соң ол қош айтысып, қызметшілерімен бірге моншаға кетті. Олардың кеткенінен бірнеше минут өтпей жатып, үйдің есігі ашылып, ақ шашты кемпір аулаға кіріп, амандасып: «Ей, зергер, халифтің ағасының қызы Зүбейде бану сені қонаққа шақырды»,-деді. «Не үшін?»-деп сұрадым. «Сенің жақсы дауысыңның танымалдығы менің бануымның құлағына да жеткен, сондықтан сенің осы қонақасыға қатысуыңды қалайды»,-деді кемпір. «Жұбайым Дүния бану моншадан қайтып келмейінше үйден шыға алмаймын, өйткені оған уәде бердім»,-дедім. Кемпір: «Дәл қазір бармасаң, Зүбейде бануды ренжітесің, сенен көңілі қалуы мүмкін. Содан кейін сенің басыңа қандай бәле орнайтыны белгілі ғой»,-деді. Кемпір осы сөзді айтқаннан кейін көнуден басқа амалымның жоқтығын түсіндім. Сосын кемпірдің артынан жүріп отырып, Зүбейде банудың үйіне жеттім. Бану мені көре сала: «Ей, жігіт, Дүния банудың көрікті жұбайы сен екенсің ғой»,-деді. «Ия, менмін»,-дедім. «Сенің бет-әлпетің мен мінез-құлқыңның сұлулығы жайлы сипаттаманы көп естідім. Расымен, шын айтқан екен. Енді бізге ән салып бер»,-деді. «Мұсылмандар билеушісінің лайықты жұбайы, бұйрығыңызға бағынамын»,-дедім. Содан соң қызметшілер маған арфа алып келді. Мен оны алып шерте бастадым да, ән салдым. Екі сағат ән айтқаннан кейін Зүбейде бану: «Бет-әлпет пен мінез-құлық сұлулығымен қоса, дауысың да әдемі екен. Алла сені сақтасын. Енді әйелің Дүния бану үйге қайтқанша, сен үйіңе жетіп ал»,-деді. Зүбейде бануға тағзым еттім де, жылдам үйге қайтып оралдым. Алайда болмауы тиіс оқиға орын алып қойған еді. Әйелім моншадан қайтып келіп, ашулы да алаңдаулы күйде мені тосып отыр екен. Мені көре сала: «Ей, сатқын, мен қайтып келгенше саған үйден шықпа деп айтпап па едім? Серт бермеп пе едің? Сенің жүрегіңнің басқа адамның жанында екенін білемін. Мен кетсем болды, менің көзіме шөп саласың»,-деп айқайлады. Ол өз сөздерімен менің жанымды жаралап, мен не айтсам да, сенбеді. Оған өзімнің кінәсіздігімді дәлелдей алмадым. Ақырында нөкерлердің біріне: «Мына өтірікші де сатқын адамның басын шап. Біздің арамыздағы келісім жойылды»,-деп бұйрық берді.