Иран ертегілері мен аңыздары (127)
Айтып өткеніміздей, «Мың бір түн» құнды кітабында қолданылған есімдер – көбінде күрделі сөздер, олардың астарлы мағынасы бар. Мысал ретінде осы кітаптағы екі негізгі есімнің мағынасын талдап, Шахризада (Шахрзад) «шахр» мен «зад» деген екі сөзден тұратынын, яғни «қаланы салған адам» деген мағынаны білдіретінін айттық.
Шахризаданың сіңлісі немесе қызметшісі Дүниазадтың есімі де әлем мағынасындағы «дүние» және жаратушы, тудырушы мағынасындағы «зад» жұрнағынан тұрады. Өйткені ол Шахризададан ертегі айтуды өтінеді. Осылайша, оның есімі де «Мың бір түн» кітабындағы рөліне сәйкес келеді.
"Мың бір түн" кітабының негізгі үшінші кейіпкері – Шахрияр. Кейбір аудармашылар бұл есімді "Йар-е шахр" – «қаланың досы» деп аударған. Егер бұл мағынаны қабылдасақ, халықты үрейде ұстап, əр түні бір əйелді өлтіріп, қаланы қайғыға батырған тəкаппар адам масқаралау үшін "Қала досы" деп аталған. Кейбір зерттеушілердің сенімінше, "шахрияр" сөзінің негізгі мағынасы "өз заманындағы патшалардың барлығынан ұлы патша" дегенді білдіреді. "Мың бір түн" кітабының ең беделді парсы тіліне аудармасы – Тасуджидің нұсқасы. Аталмыш нұсқада бұл қатігез патша "Шахрбаз" деп аталған. Осы екі есімнің сырттай да, мағына жағынан да айырмашылығы бар. "Шахрбаз" сөзі «шахр» жəне «баз» деген екі сөзден тұрады. Парсы тілінде "баз" деген сөз (жұрнақ) құмар ойындарын немесе бір затпен ойнайтын адамға қатысты қолданылады. «Кафтарбаз» – кептер асыраушы, «шатранджбаз» – шахмат ойнаушы, «бандбаз» – арқан бойымен жүруші, «хоққебаз» – айлакер сөздері осы жұрнақпен жасалып, парсы тілінде көп қолданылады. Сондықтан "Шахрбаз" сөзі "Мың бір түн" кітабының ертегілерін оқушылар мен тыңдаушылардың санасында кітаптың басты кейіпкерімен толықтай үндесетін бейне тудырады.
Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Кәззап халиф» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.
Айтып өткеніміздей, бір күні кешке Харун әр-Рашид Джафар Бәрмәки атты уәзірі мен қылышшы Масрурмен бірге киімдерін ауыстырып, белгісіз кейіпте қалаға барып, халықтың тыныс-тіршілігін білуге шешім қабылдайды. Тигр өзенінде қыдырып жүрген кезде өзін өтіріктен «халиф» деп таныстырған адамды байқайды. Харун әр-Рашид кәззап халифті көрген соң, оның кемесінің артынан жүріп отырып, тұрақтаған жерін анықтайды. Күзетшілер оларды ұстап алады. Олар өздерін саудагерміз деп таныстырады. Кәззап халиф оларды өз сарайына апарып, салтанатты дастархан жаюға бұйрық береді. Тамақтан кейін музыка ойналады. Кәззап халиф музыка ойналып жатқан кезде бірнеше рет есінен танып, үстіндегі киімдерін жыртып тастайды. Нөкерлері оған жаңа киім кигізеді. Осындай киім жырту кезінде нағыз халиф жалған халифтің иығынан қамшының жарасын байқап, Джафар Бармакиге ақырын ғана жағдайды айтады. Кәззап халиф олардың сыбырласып отырғанын байқап қалып, мұның себебін сұрайды. Джафар Бармаки Харун әр-Рашидтің бұйрығымен әлгі зақымның неден пайда болғанын сұрайды. Кәззап халиф Харун әр-Рашид пен оның қасындағыларға оларды танығанын айтады. Содан соң өзінің басынан өткен оқиғасын баяндап береді: әкесі қайтыс болғаннан кейін оның кәсібін, яғни зергерлік бұйымдар жасауды жалғастырған. Бір күні Джафар Бармакидің қарындасы Дүние есімді әйел оның дүкеніне келіп, одан асыл тастармен әрленген әдемі алқа сұрап, ақшасын төлеу үшін одан өзімен бірге үйге жүруін өтінген. Сол жерде әйел оған үйленуге ұсыныс жасаған. Олар біраз өмір сүреді. Бір күні Дүние өзі моншаға бармақ болып, одан үйден шықпауға уәде алады. Алайда патшаның бір жақындарының қысымымен жігіт үйден шығуа мәжбүр болады. Үйге қайтып келгенде Дүние бану ашулы да алаңдаулы күйде оны тосып отыр еді. Ол күйеуін көзіме шөп салдың деп айыптап, өзінің бір нөкеріне «Мына өтірікші әрі сатқын адамның басын шап. Біздің арамыздағы келісім жойылды»,-деп бұйрық берді. Енді ертегінің жалғасын тыңдайық.
Кәззәп халиф сөзін былай деп жалғастырды: «Кенеттен нөкердің қылышпен маған төніп тұрғанын көрдім. Шынымен-ақ, мені өлтіргісі келді. Дүние бануға қарай барып, бірге өткізген бақытты күндерімізді есіне түсірдім. Кінәлі емес екенімді айтып, ант-су іштім. Тіпті кінәлі болмасам да, одан кешірім сұрадым. Алайда ашу отының оны булықтырғаны соншалықты, менің сөздерімді мүлдем естімегендей болды. Тағы да нөкердің қылышы басыма төнді. Ол Дүние банудың бұйрығын орындағысы келді. Осы жолы қызметші әйелдер мен ер адамдар қорықса да жыларман болып Дүние банудың аяғына жығылып: «Кеңпейіл бану! Ол бірінші рет қателік жіберді. Оны кешірші, ол өз ісімен сені ренжітетінін білмеді»,-деп жалбарынды. Дүние бану: «Сендер үшін ғана оны өлтірмеймін. Алайда осы күнді ұмытпайтындай қыламын. Содан соң бұл үйден кетуі керек»,-деп айқайлады. Осылайша нөкерге қамшы әкеліп, мені жерге жатқызып ұруға бұйрық берді. Нөкер оның айтқанын екі етпей істеді. Тақсыр, арқамдағы қамшының ізінің қайдан пайда болғанын енді түсіндіңіз бе? Содан соң денемдегі жарадан өлімші күйде Дүние банудың үйінен кетіп, өз үйіме қайтып оралдым. Жарам жазылғанға дейін біраз уақыт өтті. Әйелімді көруге барғым келді, өйткені оны жақсы көретін едім, бірақ оны көруге рұқсатым жоқ еді. Жарам жазылған соң дүкеніме қайтып оралып, асыл тасты бұйымдардың барлығын саттым. Соның ақшасына көп нөкер мен қызметші жалдадым. Дүние банудан ажырасқан күннен бастап, жоғары лауазымды тұлғалар мен олардың балаларының не қаласа, соны істейтінін байқадым. Мен де солардай болуға шешім қабылдадым. Қолымдағы байлықпен осы сарайды салдырып, осы маңнан көптеген жер сатып алдым. Сол күннен бастап патшалардай серуендейтін болдым. Жаршыларға кеменің үстінен «Түнде Тигр өзені үстінде көрінген кез-келген адамның басын аламын» деп жар салуға бұйрық бердім. Түн сайын осылай істегеніме бір жыл болды. Осылайша өзімнің қайғымды ұмытамын».
Кәззап халиф өз тағдырын Харун әр-Рашид пен оның жанындағыларға баяндап болған соң көзіне жас алып: «Алайда бұл істерді жасағаныммен, Дүние бануды ұмыта алмадым. Оны әлі де жақсы көремін»,-деді.